...Халық жоқшылықтан шықты. Ашынған адам аямайды. «Ашынған адам Аллаға да жұдырық көрсетеді» дейді ғой. Оны Аллаға емес, өзіміздің билікке неге көрсетпеске?!
Біздің түбімізге жеткен – мақтангершілік. 30 жыл бойы мақтанып келдік. «Түркіменнен, өзбектен озып кеттік, ТМД елдерінен асып түстік, Шығыс Еуропа мемлекеттерімен қатарласып қалдық, озық 30 елдің қатарына қосылдық» деп ресми хабарлап та жібердік. Қайда қосылғанымыз?! Халқымыз әлі қайыршының күйін кешіп келеді.
Кеше митингіге «бұзақы», «оңбаған» жастар шықты деді. Бірақ олар неге шықты? Олар әбден ашынғаннан шықты. Кедейліктің шыңына жетіп шықты. Не жұмыс жоқ, не алатын жалақысы аз. 50-60 мың теңгеге қалай күн көреді? Әлдеқандай етіп төменгі жалақыны 42 мың 500 теңгеден 60 мыңға көтердік деп жария етті. Айналайындар, 60 мың теңгемен кім өмір сүреді?!
Өткенде екі баласы бар, күйеуі жоқ көше сыпырушы әйел телеарнадан сөйлеп жатыр. Қара нан мен қара суды талғажау етіп отырғанын айтты. 60 мың теңгемен екі баланы қалай асырайды? Ертең күйініп екі баласын терезеден лақтырып жібермейтініне кім кепіл? Бұған дейін үш баласын 9 қабаттан лақтырып, артынан өзі де секірген әйелдің өлімі бүкіл қазаққа қан жұтқызды. Сол отбасы 15 мың теңге кредит алып, қиындыққа тап болған. Өз халқымызға қалай жанымыз ашымайды?
Осыдан үш жыл бұрын жоқшылықтың салдарынан бес бала өртеніп кетті. Осының бәріне себеп – жоқшылық. Жоқшылық жұрттың шыңына жетті. Бай байыған сайын, кедей кедейленіп жатыр. Сол себептен де халық ашынды. Ашынған адам ештеңеден тайынбайды. «Мә, саған» дейді де, үйіңді де бұзады, көлікті де өртейді, дүкенді де тонайды.
Кеңес үкіметі кезінде үш бала туған анаға перзентхана үйінен шығарда үш бөлмелі пәтердің ордерін беретін. Қазір 3 бала тұрмақ, 10 бала туса да ешкімнің шаруасы жоқ. Ана мен балаға немқұрайлы боп кеттік. Әншейінде Ресей насыбай иіскесе, біз түшкіреміз. Солардың бүкіл реформасын қайталаймыз. Ұлтқа керек емес жағын аламыз. Бірақ Путиннің аналарға жасап жатқан жақсылығын «Ана капиталын» қабылдағымыз келмейді. 60 мың теңгені әлдеқандай қылып жатырмыз. Ал олар жаңа туған нәрестеге 250 мың рубль жәрдемақы төлейді.
Өзбек халқы сияқты ұлтқа жаны ашитын басшы келмеді. Олар демографияға сонау жылдары-ақ көңіл бөлді. Ал біздің мұнымен шаруамыз сол кезде де болған жоқ, тәуелсіздіктен кейін де болған емес. Қайта билік қазақтың көбеюіне қарсы болды.
Қазір мекеменің бәрі, басшысының бәрі орысша сөйлейді. Назарбаев сияқты бес минут қазақша, қалғанын орысша айтады. Сосын олар тіл үйренгісі келмейді. «Қазақ тілін білмейтін адамды лауазымды қызметке қоймау керек» деп талай айтылды. Ендігі үлкен көтеріліс – тілге байланысты болады. Өйткені, қазақ тілі күннен күнге тұншығып барады. Билік орысша сөйлейді. Біз қай мемлекетте отырмыз? Біз Ресейдің филиалымыз ба? Басқа мемлекеттің тілінде сөйлеу қорлық емес пе?
1,5 млн халқы бар, жерінің көлемі Алматы облысындай ғана Эстонияның өзі Еуропаның қақ ортасында отырып, баяғыда-ақ ассимиляцияға ұшырап кететін халық еді. Бірақ әлі күнге эстон тілінде сөйлейді.
Тағы бір жылдай уақыт өтеді. Қазақ тілінің халі осылай мүшкіл бола берсе, көтеріліс бұрқ ете қалады. Ал оны тоқтату қиын болады. Өйткені, көшеге тек қазақ тілді азаматтар шығады. Сосын тағы қазақ пен қазақ арасында жанжал басталады. Біздің елде адам өлмей, қасірет болмай ештеңені ойламаймыз. Қарапайым ғана ойық көшенің шұңқырында көлік аударылмай оны жасамаймыз. Көшеде қазандық қақпағына адам түспейінше бетін жаппаймыз. Себеппен емес, салдарымен ғана күресеміз. Менің ұсынысым – халықтың тұрмысын шынайы зерттейтін әлеуметтік зерттеу институтын құруымыз керек. Бұл институт халықтың қал-ахуалын зерттеп, үкіметке айтып отыруы қажет. Ал Статистика агенттігі нағыз өтірікші органға айналып кетті. Билік не десе, соны айтады. Тіпті, халық санағының өзін бұрмалап жібереді. Мәселен, былтыр санақ өтті, біз үй-ішімізбен санаққа ілінген жоқпыз. Мен халық санағына да сенбеймін. Өйткені, менің төңірегім, бала-шағам, 20 шақты адамның біреуі де саналған жоқ.
Кешегі оқиғаның өзі осындай өтіріктердің су бетіне шыққанынан болды. Біз мақтанып-мақтанып, ең артында қалдық. Өзбекстанда үш газ байыту зауыты, төрт мұнай өңдеу зауыты салынды. Ал біз әлі күнге дейін баяғы ескі зауыттарды жөндеп келе жатырмыз. Оның біреуі егін егерде немесе орарда жөндеуге жабылады да, жанармай қымбаттап кетеді.
Бізде не көп, мұнай көп. Сондай мұнай өңдейтін зауыттар бізде салынуы керек еді ғой. Өзбекстанда ештеңе жоқ болса да, бәрі бар. Ал бізде бәрі бар, бірақ ештеңе жоқ.
Біз мақтанып жүргенде олар зауыттар салып, самолет шығарады. Өзбекстан 10 жылдан кейін Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сияқты Азия барысына айналады. Ал біз бүкіл ақшаны астананы салуға жұмсадық. Оның ар жағында Назарбаевтың қалаға өз атын қоятынын білдік. Астананың аты «Астана» бола ма екен? Соның бәрін жазушы айтпағанда, кім айтады? Ең ақыры бізді қырғыздың өзі киіммен қамтамасыз етіп жатыр. Бір шұлық шығара алмадық. Сөйте тұра бәрінен озып кеттік дейміз.
Осыған Үкімет қалай көз жұмып қарады? Біз бәріне балаша сендік. «2030 жылы жақсы өмір сүреміз, одан қала берді 2050 жылы бәрі керемет болады» деді. Ал аяғы не болды? Тәуелсіздіктен айрылып қала жаздадық емес пе? Алдау, арбау, жемқорлықтың салдарынан халық әбден кедейленіп, ыңыршағы шықты. Шетелден оқып келген жастарымыз жұмыс таба алмай, қайтадан шетелге кетіп жатыр. Осында қалғанының өзі 70-80 мың теңгеге жұмыс істеп жүр. Бұл айлықпен жастар қалай үйленіп, тұрмыс құрмақшы? Біз болашақты ойлаймыз ба? Таңертең тұрып, кешке ұйқтағаннан басқа не бітірдік?
Кадрда өзгеріс болады дейді. Көбі кешегі адамдар. Олар – жемқорлыққа батқандар. Көшеге шыққан ашынған жастардың бәрі аяусыздыққа бекінген. Өйткені олар бірде-бір шенеунікке сыйластықпен қарамайды. Шенеунік атаулыны жемқорлықпен былғанған, халықтың қанын аш кенедей сорған адам ретінде иттің етінен әрмен жек көреді. Содан кейін де МАИ қызметкерлерінің көлігін ұрады, сындырады. Ашынған адам – тобыр. Бір қозғалғаннан кейін тоқтамайды. Міне, сол ашынған адамның тобыры бәрін қиратты. Біз тобырды өтірік алдау, жалған айту арқылы өзіміз қолдан жасап алғанбыз. Біз ұрлыққа түскен адамды соттаймыз, бірақ ол ұрлыққа неге түскенін айтпаймыз. Оған терең үңілмейміз. Үкімет неге осындай жағдайды ойлап, халыққа білдірместен жасырын отырыс өткізбейді? Жастар арасында суицидке бару, соттан, басқадан әділдік таппай өзін-өзі өртеп жіберу фактілері көп. Қазақстан суицид бойынша екінші орында, жемқорлық бойынша бірінші орында.
Шындықты айтамыз, ол үшін бізді жек көрмеңдер! Өткенде Жаңаөзенде басталған бейбіт митингіні жазушылар арасынан алғаш болып қолдаған менмін! Жаңаөзендіктер мен маңғыстаулықтармен бірге екенімді айттым. Жазушылардың біреуі үндеген жоқ. Бәрі аңысын аңдып отырды. Алайда, олар жағымпаздықты, қорқақтықты, жасқаншақтықты сынайды, бірақ өздері сол топтың ішінде екенін байқамайды. Сол кезде неге біреуі үн қатпады?
Батырмын деп мақтанып отырған жоқпын. Бірақ жазушының сөзін айттым. «Мұнайға шомылып отырып – жанармайға жарымаймыз, қамба-қамба астықтың үстінде отырып – нан қымбаттайды, газдың үстінде отырып – газ қымбаттайды. Айлығы шайлығына жетпей жатқан халық ашынып көтеріліс жасамағанда қайтпек? Мен сіздерді қолдаймын. Барыс жылы барысша мінез көрсеттіңіздер! Мен сіздердің жағыңыздамын, құрметті мұнайшылар мен жаңаөзендіктер! Бірақ араларыңызға арандатушылар кіріп кетіп, бейбіт шерудің аяғын бүлікке айналдырмасын» деп едім, солай болды. Одан кейін үш-төрт ақын, жазушы – Ұлықбек Есдәулетов, Смағұл Елубайлар үн қатқан болды
Біз сырттай бақылап «Қай жеңгені менікі» деп үндемей отыра береміз. Жазушының сөзі қайда? Жазушы деген ең алдымен халықтың жағында. Анау «Халық әртісімін» деп жүргендер әншейінде «Мен халық жағындамын, өйткені «Халық әртісімін» дейді ғой. Өтірік!Ешуақытта халықтың жағында болған «Халық әртісін» көрген жоқпын!
Ешуақытта халықтың жағында болған «Халық жазушысын» көрген жоқпын! Жазушы – халықтың жағында болса ғана жазушы. Жүр ғой, әне Олжастар! Қайда солар?!
Үндемейді.
Олардың өздері әбден жасқаншақ болып кеткен. Осының бәрін айттым. Мұны айтқаным үшін мені айыптамаңдар! Өйткені халықтың ойын айттым. Біз айтпағанда кім айтады, айтыңдаршы ал? Биліктің айтқанына бас шұлғып, сөйлей алмасақ, сол биліктің жағымпаз, жақыбайларынан қай жеріміз артық?
Құдай бізге «Шындықты айтыңдар!» деп қалам берді. Ал біз айтқымыз келмейді. Немқұрайлымыз. Л.Толстойдың «Равнодушие – это душевная подлость» деген сөзі бар. Яғни, «Немқұрайлылық – адам жанының азғындығы». Міне, біз осыған байқамай еніп кеттік. Қой екеш қой да тұяғын серпиді ғой. Біз ондай да мінез таныта алмаймыз, үндемейміз. 30 жыл бойы немен айналыстық? Осыны талай айттым. Соңыма ҰҚК түскен, жұмысымнан алып тастады. Үш жыл жұмыссыз жүрдім. Сонда да тілімді тартқан жоқпын, құдайға шүкір.
Тоқаевтың жаңа бастамасын қолдаймын. Әзірге оның саясаты дұрыс болып тұр. Бірақ мына нәрсені айтпай кетпеуге болмас. Ол қаңтардағы оқиға кезінде екі қателік жіберіп алды. Бізде митингінің соңы бүлікке ұласқан кезде Еуропарламент Қазақстанның мәселесін қарап, келіссөзге келіп, бейбіт жолмен шешу керегін айтқан еді. Алайда, Тоқаев «Еуропарламент солай деп жатыр. Бұл – ақымақтық» деді. Одан кейін «оларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім» деді.
Біздің Президент тумысынан дипломат емес пе еді?! Ол «ақымақтық» деген сөзді бекер айтты. Сөйтіп, бүкіл Еуропаны өзіне қарсы қойып алды. Мұндай сөз айту кешірілмейді. Егер ол сөздің орнына «Құрметті әріптестер! Мен кіммен келіссөз жүргізейін? Оларда белгілі бір басшы жоқ. Көшеден әр террористі ұстап алып, солармен келіссөз жүргізуім керек пе? Мен мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті қолға алу ниетімен қырғын жасаған адамдарды, қарулы террористерді атуға бұйрық бердім» деуі керек еді.
Осының бәрін Мемлекеттік хатшы Е.Қаринге «Дулат Исабеков осындай екі қателігіңізді айтты» деп Президентке жеткіз» дедім. «Тоқаев мені қабылдасын. Осы сөздерді бетіне айтайын. Қайта оған бұл пайдалы болар еді» деген сәлемдеме айттым.
Жарайды, елдегі ситуацияға байланысты оған да кешіріммен қарайық. Жол-жөнекей түзелетін шығар. Бірақ ол кісіге де жақсы кеңесші, ақылшы керек. Өйткені ел қым-қуыт болып жатқанда адам байқамай артық сөзді айтып қалуы мүмкін. Оған Әбіш Кекілбаев сияқты абыз адам, жақсы кеңесші керек. Ел ішіндегі сөздерді айтып отыруы керек. Сондықтан Ерланға «өзің сияқты қазақтілді, ақылы бар адам кеңесші болғаны дұрыс болар еді» дедім.
Осындайды айтпасқа болмайды. Енді Президентке сенбеске біздің қақымыз жоқ. Себебі, Тоқаевтың соңғы сөздерінің бәрі де Жаңа Қазақстанды жасаудың жолындағы үлкен тартыс екен. Қазірдің өзінде басталды. Көптеген адамдарды орнынан алды. «Самұрық-Қазынаны» тазалап, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы кеденді қолға алды, көптеген олигархтарға шектеу қойды, шетелге ақша аударуды тоқтатып жатыр. Міне, айтқандарының 50 пайызы жүзеге асып, жемқорлықтан арылсақ, еліміздің жағдайы дұрысталады деп ойлаймын.