Осы жуырда ғана іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қорғаныс министрлігі арасында 2025-2026 жылдарға арналған Әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойылды деп жазылған хабарлама тарады. Ведомство мәліметінше, тараптар қазіргі мәселелермен қатар әскери әріптестікті дамыту бойынша болашақ қадамдарды талқылаған. Негізгі назар бітімгершілік қызметке, тілдік даярлыққа және қазақстандық офицерлерді Ұлыбританияның әскери академияларында оқытуға аударылды делінген.
Сонда Ұлыбританияның жоғарғы әскери оқу орындары не үйрететінін түсіне алар емеспін. Не олар Наполеонды немесе Гитлерді жеңіп па? Жоқ әлде біз біле бермейтін шайқас алаңында тағы басқа ерліктері бар ма? Ғаламтордағы тарихи мәліметтерге сүйенсек, сүттен ақ, судан таза деуге ауыз бармайды.
Қазіргі уақытта жұмыр жердің әр түкпірінде бұрқ ете қалған қанды оқиғаларды, шиеленістерді, қақтығыстарды әлеуметтік желі мен ақпарат құралдары арқылы сол сәтінде оқып, біліп отырамыз. Әрине, бұл қуанышты хабар емес. Оның дұрыс, бұрысына әділетті баға беретін де біз емеспіз. Менің айтайын дегенім, әйтеуір, ғажап ғаламшарымыздың тыныштығының теңізі шайқалғаны анық. Оның да ызғары мен желі біздің елімізді желпіп өтері сөзсіз.
Ана жылғы айдың-күннің аманында орын алған Қаңтар оқиғасынан кейін етек-жеңімізді түріп, жан-жағымызға жіті көз тігіп, күдіктенуді, сақ болуды үйрене бастаған сыңайлымыз. Себебі биліктің майлы шелпегінің дәмі таңдайынан кетпеген жандайшаптардың, лаңкестердің, теріс пиғылдылардың сүттей ұйыған елдің арасына іріткі салып, өздерінің мақсаттарына жету үшін еш нәрседен тайынбайтынына көз жеткіздік. Біз енді баяғы жағасы жайлауда, төбесі қыстауда болған жайбарақат халық емеспіз. «Жау жоқ емес, жар астында» екенін білдік.
Мен саясаткер емеспін. Ешкімге ақыл айтуға да, нұсқау беруге де белсеніп тұрған жоқпын. Алайда мен Қазақстанның азаматымын. Менің басқа елім де, жерім де жоқ. Сондықтан жерімнің бүтіндігін, елімнің іргесінің аман болуын, ұрпағымыздың жарқын болашағын ойлайтын логикасы бар көп адамның бірімін.
Кең байтақ қазақ жеріндегі мамыражай тіршілік, барлық пен байлық біраз шетелдердің көңіліне құрт түсіріп жүргені айдан анық. Өзгенің қолымен от көсеп үйренгендер тыныш жатады дейсің бе? Бізге бөтен емес екі елдің арасын өрт шалып, лаңдатып, жерінің үсті мен астындағы кеніне шейін саудаланғаны белгілі болды. Одан кім ұтты, кім ұтылды? Оның ақ-қарасын анықтайын деп отырған жоқпыз. Әйтеуір АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және тағы басқа алпауыт елдер қару-жарағын Украина жеріне «жаңбырша» төгіп, бейбітшілік бітімге келуіне ықпал етпей отыр.
Талай белді саясаткерлер Украинадан кейін кезек Орта Азияға, оның ішінде көп ұлтты Қазақстанға келеді, себебі әр нәрсеге еліктегіш елге қыналай кіріп пұлдың күшімен кертартпа саясат жүргізу, лаңдату, бүлдіру жоқтан оңай деген болжам айтуда. Мен оған сенбеймін. Сенбеймін десем, күні кешегі қаңтарда теріс пиғылды ат төбеліндей топтарға ілесіп кеткен жастар есіме түссе, жаным шошиды. Қазақта «Іштен шыққан жау жаман» деген де мақал бар.
Бәріне кінәлі жемқорлық! Байлыққа табыну сияқты құлдық ұғымның шеңберінде қалған сананың елесі әлі де өше қойған жоқ. Соңғы отыз жыл бойы халықты алдап-сулап, жұмған ауыздарын ашқызбай ел мен жердің бар байлығын түптеп кеткен биліктің тізгінін ұстаған «тұлғалар» әлі де арамызда жүр. Бәрі де сатылады, бәрін сатып алуға болады деген қағида адамдардың ұғымына мықтап қалыптасып қалған. Бұл «қағидадан» қашан құтыламыз? Оны дөп басып айта алмаймын.
Сол бір қиын-қыстау заманда ауып келген, жылап, қашып көшіп келген 120 этнос өкілі мекендеген еліміздің тыныштығын сүттей іріту қоржындарында қампиған пұлы бар дядя Сэмнің алпауыт елдердегі құрттай өрген «мұрагерлерінің» алақанында тұр ма деген жаман ойға келесің. Мұндай топалаң басталса олар қол шапалақтап, қуана қарсы алып, бөріктерін аспанға атып «демократия» деген осы деп байлығы мол жерімізді талан-таражға түсіріп, алауыздықтың шырпысын тұтатып өрт салатыны бесенеден белгілі. Жаман пиғылдары жүзеге аса қалған жағдайда шетте отырып, айдақтап, бақылап өзімізбен-өзімізді, көзіміз бен көзімізді, жасымыз бен кәрімізді «шайқастырып» қоятынын бал ашпай-ақ біліп отырмыз. Осы кезде Югославия, Ирак, Ливия, Ауғанстан және тағы басқа елдердің оқиғасы еске түседі. Оның бетін аулақ қылсын!
Әйтеуір, еліміздің қауіпсіздігін сақтайтын қарулы күштеріміздің іргесі мықты, логикасы күшті болар деп үміт артамыз. Бірақ Дядя Сэм атаң емес екенін және ешқашанда атаң болмайтынын естен шығармайық!
Нұрила БЕКТЕМІРОВА
Жетісу облысы