Елімізге көп қасірет әкелген «Қаралы қаңтар» оқиғасынан кейін: «Ел экономикасын алда не күтіп тұр? Экономиканы аяққа тұрғызу үшін билік қандай қадам жасауы тиіс?» деген сауалдар көпшілікті қатты мазалайды. Бұл алаңдаушылықтан қалыс қалмаған отандық сарапшылардың пікірін назарларыңызға ұсынамыз.
Айдар Әлібаев, экономист:
Ол үшін ең алдымен саяси реформалар қажет
– Биылғы Барыс жылы қазақ елі үшін өте ауыр басталды. Қаңтар айының басындағы бүлік елді есеңгіретіп кетті. Адам шығынымен қоса ел экономикасына үлкен шығын келді. Республикалық бюджеттің басты донорларының бірі саналатын Алматыда кәсіпкерлердің бизнесі тұралап қалды. Соңғы деректер бойынша жаппай тәртіпсіздіктер бизнеске 112 миллиард теңгеден астам шығын келтірді. Алматыдағы бүлік пандемия кесірінен онсыз да жұмысы ақсаған кәсіпкерлерге тағы бір соққы болып тиіп, «жығылған үстіне жұдырық» болды. Себебі 2 жылға созылған пандемия шағын және орта бизнесті әбден титықтатып жіберген еді. Көптеген адам жұмыссыз қалды, қашықтан істеуге ауысты, жалақы қысқарды. Кәсіпорындардың біразы «көлеңкелі» нарыққа кетті, көбі жабылды. Соның кесірінен бюджетке түетін түрлі түсімдер көлемі, шамамен, 40 пайызға азайды. Қаңтарда болған оқиғалар жағдайды одан әрмен қиындатып жіберді: ірі дүкендер мен қызмет орындары бүлінді, тоналды. Қазір көбісі жабылып қалды. Оларды жөндеп, қайта іске қосуға қомақты қаражат керек. Олар енді экономикалық өсімге үлес қоспайтындықтан, қазынаға құйылатын салықтар көлемі азаяды. Осы оқиғалардың бәрі, сөз жоқ, Қазақстан экономикасына өте ауыр соққы болып тиді. Сондықтан көп жылдар бойы қысым көріп келген отандық бизнеске енді аяқтан тұру қиынға соғады. Себебі біріншіден, әр кәсіпкер бірқатар қиындыққа тап болады: ақша жетіспейді, оны кәсіпкер ешкімнен сұрап ала алмайды, өйткені, ақша басқалардың өздерінде жоқ. Коммерциялық банктер беретін кредиттер пайызы тым жоғарылап кететіндіктен, ондай несиемен өндірісті дамыту мүмкін емес. Екіншіден, кез келген өндіріске міндетті түрде мекенжай керек. Ал коммерциялық орын-жайларды жалға алу нарығындаға бағаның шарықтап кеткендігін көзіміз көріп отыр, сондықтан, бүгіндері бұл сала да қолжетімсіз. Экономиканы жолға қою үшін, ең алдымен, саяси реформалармен айналысу керек деп санаймын. Саяси реформалар дегенде мен: жекеменшіктің жүз пайыз қорғалуын қамтамасыз етуді; кез келген бизнесмен әділ шешімге қол жеткізетіндей тәуелсіз сот жүйесінің болуын; үкіметтен тапсырмалардың нақты орындалуын талап ететін белсенді әрі тәуелсіз парламенттің болуын; әкімдер сайлауын енгізуді меңзеп отырмын. Міне, дәл осындай қарапайым саяси реформаларды іске асырмай, үкіметті толық жаңартпай Қазақстан экономикасын қалпына келтіру мүмкін емес.
Асылхан Андашов, экономист:
Инвестицияны елден шығару теңге бағамына қысым көрсетеді
– Елдегі жаппай тәртіпсіздіктердің экономикалық салдары бірнеше айға созылады. Рас, алғашында мемлекет әдеттегідей әлеуметтік саланы қолдауын күшейтеді, ал бұл онсыз да тапшы бюджетке қосымша қысым түсіреді. Бұл жыртықты жамау үшін ақшаны тағы да Ұлттық қордан алады. Қаңтар оқиғаларынан кейін президент Ұлттық банкке теңге бағамын тұрақтандыруды тапсырған еді. Ал теңгенің аз уақыт ішінде тұрақтана қалуы екіталай. Теңгені тұрақтандыру үшін Ұлттық банкке жаңа интервенция жүргізуге тура келеді. Ал әрбір интервенцияға Ұлттық банк өзінің қаржылық немесе алтын резервтерін пайдаланатыны белгілі. Сосын, елдегі жалпы ішкі өнімнің 1/5 бөлігін беретін ең ірі экономика Алматы қаласында мұндай оқиғалардың орын алуы бүкіл елдегі бизнес пен іскерлік климатқа кері әсер етеді. Тікелей шығын 100 миллиард теңге шамасында болжанса да, жанама шығындар одан 10 есеге жуық көп болары даусыз. Тоқаев Еуропа одағы төрағасы Шарль Мишельмен сөйлескенде оны 2-3 миллиард АҚШ долларына тең деген-ді. Ал бұл экономикасы шикізатқа және шетелдік инвесторларға тәуелді, бюджет тапшылығы бар Қазақстан үшін өте үлкен сома. Ең жаманы, елдегі бүліктен кейін шетелдік инвесторлар өз инвестициясын Қазақстаннан шығаруы мүмкін. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен Лондон қор биржасында саудаланатын қазақстандық ірі компаниялардың акциялары қаңтар айының басындағы оқиғалардан кейін құлап, әлі тұрақталмаған. Бұл Қазақстанға деген сенім толығымен қалпына келмегенін білдіреді. Сондықтан алдағы уақытта инвесторлар тарапынан өз инвестициясын Қазақстаннан шығару мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Жағдай осы ауанда өрбісе, инвестицияны елден шығару теңге бағамына қысым көрсетеді. Қазақстан бензин мен газ бағасын өсіруге 6 айға тыйым салу арқылы энергетикалық нарықтағы еркін бәсекені жоғалтып алуы мүмкін. Ал егер Үкімет ұзақ уақыт бойы нарықтық ережелерге қарсы шықса, онда КСРО-ның соңғы жылдарындағыдай тауар тапшылығы туындайды. Сондықтан бензин мен газ бағасын тұрақты ұстау және бағаны өндірушілерге де тиімді ету – мемлекеттің алдағы жарты жылдағы басты міндеттерінің бірі болуы шарт.
Арман Байғанов, сарапшы:
Ауылшаруашылығына қарағанда Қорғаныс министрлігіне әлдеқайда көп ақша бөлінеді
– Экономиканың тамырына қан жүгірті үшін, елге қағаз жүзінде емес, іс жүзінде орындалатын экономикалық реформалар қажет. Халықтың жалақысын өсіру жеткіліксіз. Айлық көтерілгенімен, ел экономикасы ақсап тұрса, инфляция шарықтап кетеді. Сол себепті экономиканың өндірістік саласын қолға алған жөн. Қазақстанда, өкінішке қарай, кедей халықтың үлесі артып барады. Тұрғындардың табысының көбі азық-түлікке жұмсалады. Бұл ауылшаруашылығына, аграрлық-тамақ өнеркәсібіне реформа қажет екенін көрсетсе керек. Посткеңестік кеңістікте ең төмен еңбек өнімділігі – Қазақстанда. Ауыл фермерлерінің ауылшаруашылығы өнімдерімен бүкіл халықты қамтамасыз етпек түгіл, өз отбасын асырауға шамасы жетпейді. Бізде ауылшаруашылығына қарағанда Қорғаныс министрлігіне әлдеқайда көп ақша бөлінеді. Сыбайлас жемқорлық тағы бар. Бюджет қаржысы жымқырылып, шаруаларға жетпей, жолай қолды болып жатады. Осының бәрі, сайып келгенде, азық-түліктің қымбаттауына әкеп соғып отыр. Меніңше, ауылшаруашылығы саласына шетелдік инвесторларды тарту қажет. Себебі олар ақша ғана емес, өзінің заманауи технологияларын, корпоративтік басқару мен мол тәжірибесін әкеледі. Бұдан бөлек, билік ауылдарға, жастардың жұмыссыздығы мен әлеуметтік жағдайына баса назар аударуы қажет. Сондай-ақ Қазақстанға мұнай-химия саласын дамытып, мемлекеттік кәсіпорындардың көбін жекешелендіру керек.
Қалай десек те елде Қазақстан тағдырына жаны ашымайтындар жоқ. Сарапшылар пікіріне құлақ асса, билік те қазіргі күрделі ахуалдан шығудың дұрыс жолын табар. Себебі Үкімет құрамы белсенді, білікті жастармен толықты ғой. Оларға тек Президентке ғана емес, бүкіл халыққа, алыс-жақын шетелдіктерге өздерінің қолынан іс келетін кадрлар екендігін дәлледеп көрсетуге зор мүмкіндік беріліп отыр. Қазақ жұрты жақсылықты қашан да алдан күткен, сарыуайымнан гөрі нақты іспен айналысуды сүйетін ел ғой. Ендеше, қазіргі билік елді экономикалық тығырықтан алып шығарына сенім білдірейік, ағайын!