Бүгінде медицина саласында тұрғындардың сұранысы бойынша көрсетілетін қызмет көлемін арттыруға ықпал етіп жатқан жүйе МӘМС жайлы жұмыс берушілер мен жұмысшыларға жан жақты түсіндіріліп жатыр. Осы ретте, Жамбыл облысы бойынша медициналық сақтандыру қорының мамандары "Евро-Хим Қаратау" ЖШС қызметкерлеріне ұзақ мерзімді демалысқа шыққан кездегі медициналық сақтандыру төлемдерін жүргізу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Онда ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар ұзақ демалысқа шыққан кезде "Сақтандыру" мәртебесін сақтап қалу үшін МӘМС-ке жарнаны қалай төлейді? деген маңызды сұрақ қаралды.
Қор мамандары жұмыс беруші міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін екі айға бөліп, ақпараттық жүйеге дұрыс енгізуі қажеттігін баяндады.
Егер демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтитын болса, онда міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін кезеңдерге бөлуі тиіс. Мысалы, сіз наурыз және сәуір айларында демалыста болды делік. Бұл жағдайда есепші төлемдерді бір сомада емес, екі түрлі кезеңге (наурыз және сәуір) есептеуі керек.
Сонымен қатар, кездесуде МӘМС жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, қызметкерлер өздерін толғандырған сұрақтарына тұщымды жауаптар алды.