ҒАСЫРЛЫҚ ҒИБРАТ

ҒАСЫРЛЫҚ ҒИБРАТ

Қазақ тілінің маңызды мәселелерін жеріне жеткізе зерттеген танымал лингвист ғалымдардың ішінде әдебиеттанушылардың шексіз құрметіне бөленген екі оқымыстының орны бөлек. Бірі - академик Рәбиға Сыздықова, екіншісі - академикке бергісіз ғылым кандидаты Құлмат Өмірәлиев. Екеуі де әдебиеттанудың өзекті тұстарына терең бойлап, өлең табиғатына өзгеше көзқараспен зер салды. Әсіресе Дулат ақынның жырларын дәл осы екеуіндей етіп, иін қандырып зерттеген ғалымдар кемде-кем. Рәбиға апай мен Құлмат ағаның мақалаларына өлеңтанудың оқулығы, жыртанудың жәдігері секілді қайта айналып соға беретініміз де сондықтан. 

Құлмат аға біздің студент кезімізде өмірден өтіп кетті де, араласып-құраласып үлгере алмадық. Ал оның есесіне Рәбиға Сыздықова дүниеден көшкенше біздің қатарластарымыздан қамқорлығын аяған жоқ. Жалпы, жариялылық пен жылымықтың желі есіп, азаттық пен бетбұрыстың самалы сезілген шақта Ұлттық университет пен Ғылым академиясындағы ардақты ағаларымыз бен абыройлы апаларымыз жедел әрі жүйелі іске бел буған сыңайлы. Олар сол тұстағы қолынан жазу келетін жастардың біразын ғылымға тартты. Біз сол дәуірдің перзенттері едік. Ұстаздарымыз әрқайсымызға бір-бір танымал тұлғаның шығармашылық мұрасын зерттеу тақырыбы етіп, бекітіп берді. Мәселен, Дихан Қамзабекұлы - Смағұл Сәдуақасұлы, Марат Әбсеметов - Мыржақып Дулатов, Мақсат Тәж-Мұрат - Ғұмар Қараш, Амантай Шәріп - Сұлтанбек Қожанов, Сұлтанхан Аққұлыұлы - Әлихан Бөкейхан, Қанипаш Мәдібаева - Шортанбай Қанайұлы, Серік Бермағанбетов - Әбубәкір Кердері мұрасын зерттеуге кірісті. Біз болсақ, Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығына ден қойдық. Сол арқылы тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру мақсаты көзделді. Мәселенің тағы бір ұтымды жағы - әрбір қорғалатын кандидаттық диссертация қазақ әдебиетінің өзгеше көзқараспен жазылатын тарихына жаңа монографиялық тарау ретінде қосылатын болды. Сөйтіп, екі дәуірдің тоғысында әдебиеттегі ақтаңдақтарды игеру ісіне түрен салынды. Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев бастаған айбынды ағалардың ұйғарымымен жүзеге асқан осы теңдессіз жобаның бір тілеулесі Рәбиға Сыздықова екеніне күмән жоқ-ты. Біз, осындай ауқымды іске тәуекел еткен жігіттер, ғылыми жетекшілеріміздің ғана емес, Рәбиға апайдың да ақыл-кеңесін үнемі тыңдап тұрдық. Зерттеу нысанаң белгілі бір жыр жүйрігінің шығармашылық мұрасы болса, өлеңдегі образдар жүйесі туралы тереңнен ой толғаған әйгілі ғалымның еңбектеріне аялдамай өтпейтінің анық. Кітаптарын қарайсың. Мақалаларын оқисың. Толғанасың. Тұшынасың. Сезінесің. Сүйсінесің. Түсінесің. Түйсінесің. Бірақ бәрібір апайдың өзіне жолығып, тағы бір тілдескің кеп тұрады. Себебі жазған дүниеңді саралау барысында мың-сан сауал туындайды. Соның бәрін басқа емес, апайдың нақ өзінен сұрағың келеді. Жыраулар үлгісімен жыр төккен дүлдүлдердің өлең-толғауларының табиғатын тап басатын ғалымның айтары көп. Ағыл-тегіл ақтарыла жөнеледі. Рәбиға апай әдебиеттің ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруге кіріскен сол топқа үнемі ниеттес болды. Біразының диссертация қорғауына өзі арнайы кеп қатысты. Реті келсе, сөз алды. Ғылыми жұмыстың мән-мазмұны туралы ой-пікірін айтты. Жас буынға сәт сапар тіледі. Рәбиға Сәтіғалиқызы тек бізге ғана емес, Алаш арыстары мұрасын басып шығарушыларға, архив материалдарын әзірлеушілерге, ақындар шығармашылығының текстологиясын түзушілерге үздіксіз кеңес берді. Соның бәрін бірегей біліктілікпен, зиятты зиялылықпен, мінсіз мәдениетпен ақы-пұлсыз атқарды. Жо-жоқ, Рәбиға апайды жұрттың бәріне жайылып жастық, көсіліп көрпе бола кететін жалпақ шешейдің нақ өзі деп ойлап қалмаңыз. Ғылымның ғибратты ордасынан ауылы алыстау қонған берекесіз бозөкпелерді босағасынан аттата қоймайды ол. Күріш пен күрмекті тез айырады. Сүйегіне сөз сіңген бозбала мен бойжеткенді көзі алыстан таниды. Ал енді Рәбиға апайдың ұстаздық ұлағатын сезіну дегеннің рахатына ештеңе жетпейді! Кейде ол кісінің тікелей ғылыми жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, еңбек қорғаған, авторефератының сыртында академиктің аяулы есімі тасқа басылғандай етіп жазулы тұратын ізетті ізденушілерге кәдімгідей қызығатынбыз. Шынында да солай, басқалардың бағы бес елі болса, олардың бағы бес келі еді... 

 

                                 * * *

Жә, айтпағымыз бұл емес. Келесі айдың он жетісінде қазақтың аса көрнекті ғалым қызы, теңдесі жоқ зерттеуші Рәбиға Сыздықованың туғанына жүз жыл толады. Жүз жыл! Ғасырлық ғибрат. Ғибрат ғасыры. Жүз жылдық жылылық. Осы жүз жылдық жылылықтың әр сәулесінің сынықтарын аялап теріп отырып, әйгілі ғалымның шынайы шығармашылық портретін бірлесіп жазғанымыз дұрыс шығар, сірә. Тоқсан бес жыл ғұмыр кешкен ардақты апайымыздың жүз жылдығы күнде аталып өте бере ме?! Ал, кеттік! 

 

                                 * * *

        

 

Бауыржан Омарұлының фейсбук парақшасынан

 

 /Суретті түсірген - Шүкір Шахай/

22.07.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА КҮЗГІ КӨШЕТ ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 132
ТҮРКІСТАН: Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі - 03.12.2024 15
МӘСКЕУДЕН ТҮРКІСТАНҒА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ШАПАНЫ МЕН КІТАПТАРЫ ӘКЕЛІНДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 67
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ КӨРСЕТУДЕН НЕГІЗСІЗ БАС ТАРТУҒА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 03.12.2024 61
ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯНЫҢ ТҮРКИЯҒА ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 03.12.2024 46
Батыс Қазақстан: Тарихи мекенге сапар
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал-Хан ордасы-Орал - 30.11.2024 464
Ауылшаруашылығын өркендеткен ауқымды істер
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 29.11.2024 432
Сыр өңіріндегі өрісті істер
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2024 456
Тал түсте Шығысты қараңғылық бастырған «бір сағаттық белдеуге қарсымыз» дейді халық
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, экспедицияның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 28.11.2024 448
МӘСЛИХАТ МЕРЕЙТОЙЫ – ЖАҢАРУДЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
С. КӘРІПБАЕВ, Абай облысы - 28.11.2024 446
 Павлодарда бірнеше зауыт салу жоспарлануда
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы - 28.11.2024 463
 Қала бюджеті артып отыр
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 28.11.2024 452
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 646

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9688
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9067
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12301
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 10072
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11281