Ішкі туризм: «Алыстан арбалағанша...»  

Ішкі туризм:  «Алыстан арбалағанша...»  

Көктем келісімен жұртшылық еңбек демалысын ойдағыдай өткізу үшін қолжетімді әрі сапалы турлар іздей бастайды. Өйткені, туризм саласы кенжелеп қалған елімізде санаулы ғана демалыс орындары қызмет етеді. Әрине, өткен жылдармен салыстырғанда Атырауда біраз алға ілгерілеушілік байқалғанмен, қызмет көрсету деңгейінің арасы өзге мемлекеттермен салыстырғанда жер мен көктей екендігі әлі де байқалады. Сондықтан барлығы дерлік көрші облысқа барғаннан гөрі шетелге шығып келгенді тиімдірек санайды. Десек те өзге мемлекеттердегі саяси тұрақсыз ахуалдың салдарынан көпшілік ішкі туризмге қызығушылық таныта бастады. Шын мәнінде мұнайлы өлкеде туристік саланы өркендетуге сұранып тұрған жерлер жетерлік. 

 

Тың өріс және тың кіріс 

Иә, атыраулықтар мұнайлы өлкені жазда масасымен, бауырмал балшығымен байланыстыратыны белгілі. Алайда, «Елдің құты белеңде, судың құты тереңде» дегендей, Атырауда да көрікті жер көп. Өкінішке қарай, туристік нысандарда заман талабына сай салынған қонақүйлердің бағасы шарықтап тұрғаны жасырын емес. Туристердің көңілі осы үшін де қалып жатады. Мәселен, туризмді жолға қойған Грекияға жыл сайын 20 млн турист келеді екен. Ішкі жалпы өнімнің 15 пайызын туризм береді. Түркия әлемде танымал туристік бағыттар бойынша алғашқы орындарда тұр. Демек ішкі туризм – тың өріс және тың кіріс. Сондықтан, Анталья асып думан құрар алдында бір сәт еліміздің жақұт-жауһарларына да мән бергеніміз жөн.

Мәселен, өткен жылы облысқа келген ішкі туристер саны – 134 мың болса, сырттан ат басын бұрғандар 15 мың адамға жеткен. Соңғы жылдары туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артып келеді: былтыр 48 млрд теңге қаржы құйылған. Өңірде туризм мен қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. 2023-2027 жылдар аралығында жалпы инвестиция көлемі 11,4 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылмақ. Бұл бастамалар аймақтың туристік әлеуетін арттырып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы демалыс кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.

 

Жаңа саябақтар мен қонақүй салынады

Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, туризмді дамыту бөлімінің басшысы Әлима Рамазанованың айтуынша, аймақта туризмнің бірнеше бағыттарын дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Яғни, сырттан келген меймандарға мәдени-танымдық, спорттық-әуесқойлық, этнографиялық, балалар-жасөспірімдер, экологиялық, іскерлік бағыттар бойынша көрсете алатын аумақтар бар. Бүгінде бюджет қаражаты есебінен Атырау қаласындағы Нұрсая және Самал ықшам аудандарында жаңа саябақтардың құрылысы жоспарланып отыр. Құны тиісінше 1,8 млрд және 1,3 млрд теңгені құрайтын жобаларға қазіргі таңда түзету жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады деп күтілуде. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен де бірқатар нысандар бой көтеруде. 

– Атырау қаласында «Голбрейдж» компаниясының бастамасымен 2 млрд теңгеге бағаланған 48 орындық қонақ үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жалғасуда. Ал Қызылқоға ауданында 100 млн теңге көлемінде кемпинг салу жобасы жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғанымен, инженерлік-коммуникациялық және инфрақұрылымдық жұмыстарды аяқтау ғана қалды.

Махамбет ауданында «Эльдорадо» спорттық-туристік базасын дамыту жобасы қолға алынды. Құны 570 млн теңгені құрайтын жоба аясында нысанды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған болатын. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 49 млн теңге бөлініп, электрмен жабдықтау мен газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Алайда 2024 жылғы су тасқыны салдарынан құрылыс уақытша тоқтатылды. Кейін нысанның зардаптарын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 9 млн теңге бөлініп, қоршау орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда аталған нысандағы құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр. Жалпы алғанда, өңірде қолға алынған бұл жобалардың басым бөлігі келесі жылдары толық бітеді деп жоспарлануда.

Мемлекеттік қолдау шаралары да кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп отыр. Былтыр осы бағдарлама аясында 3 кәсіпкердің өтінімі қабылданып, оларға ай сайын 83 300 теңге көлемінде субсидия төленді. Ал биылдан бастап жаңа өтінімдер қабылдау басталып, облыс кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Ә. Рамазанова. 

 

Инфрақұрылымды жақсартсақ, шіркін!

Халық арасында дала дәрігері атанып кеткен Индердегі Тұздыкөлдің қасиеті бұрыннан белгілі. Көлдегі тұздың қоры әлем бойынша екінші орында. Жалпы, ауданы 110,5 шаршы шақырымды құрайды. Жағалауы сай-жыралармен тілімделген. Осы жардың түбінен шығатын тұзды бұлақтар бар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстары оң нәтиже беріп, тұзды су құрамындағы элементтер 25 түрлі ауруға ем болатыны анықталған. «Қара балшық» минералдармен қатар, гумус, ферменттерге өте бай, олар адам денсаулығына аса пайдалы. Көлге түскен немесе қонған жәндіктер кейін ұша алмай тұздалып, ешбір шіріместен ыдырайды және жел арқылы жағаға келіп, балшыққа айналады. Индерде көлден басқа 300 метр тереңдікте тұз қабатында орналасқан шахта бар. Оған өкпесі ауыратын адамдар, әсіресе, қолқа демікпесіне  шалдыққандар өз бетімен келіп емделеді. Бөлім басшысы атап өткендей, Индер ауданы әкімдігіне Индер тұзды көлінің жағалауын күтіп-ұстау мақсатында жалпы көлемі 5 гектар жер телімі берілген. Аталған жер телімін тиімді пайдалану және жер телімін сенімгерлік басқаруға беру мақсатында кәсіпкерлерді тарту жұмыстары қолға алынған. 

– Ортағасырлық Сарайшық қалашығына баратын ауылішілік жол салынды, сондай-ақ Жылыой ауданындағы Ақкегершін борлы тауына 50 шақырым жол төселді. Ақмешіт қорымына 34 шақырым жол салынуда. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабы абаттандырылып, 2 жылжымалы қарау алаңы, автокөлік және қайық тұрақтары, жарық шамдары, беседкалар және глэмпинг орнатылды.

Жыл сайын республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, «Сарайшық» қалашығында «Қазқайтажаңғырту» мекемесі арқылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл тарихи мұраны сақтауға, ұлттық рухты нығайтуға және білім беру мақсатындағы экскурсиялық орталық ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Былтыр Сарайшық мемориалдық кешеніне 30 мыңға жуық турист келді, оның ішінде 235-і – шетелдік туристер.

Қазір Сарайшық қалашығы, лотос алқабы, Ақкегершін борлы тауы және Индер тұзды көлі мәдени және экологиялық туризм бағыттары бойынша өңірдің негізгі туристік аймақтарына айналуда. Сондай-ақ лотос алқабы және «Ақкегершін» борлы тауы секілді туристік аймақтарды күтіп ұстау үшін аудан әкімдіктерінің теңгеріміне беру бойынша Жылыой, Құрманғазы аудандары жер телімін заңдастыру жөніндегі тиісті жұмыстарды жүргізуде, – деп нақтылады Әлима Амантайқызы. 

 

P.S: Қорыта айтқанда, табиғи байлығы мен тарихи мұраға кенде емес Атырау өңірі туризмді дамытуға толық мүмкіндікке ие. Индердегі шипалы Тұздыкөл, Құрманғазыдағы лотос алқабы, тарих тұнған Сарайшық пен Ақкегершіннің ақ шаңқан борлы тауы – мұнайлы өлкенің көркем келбетін айқындайтын ерекше нысандар. Соңғы жылдары инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалардың қолға алынуы, инвестиция көлемінің артуы және мемлекеттік қолдау шараларының іске асуы өңірдегі туризм саласына жаңа серпін берері анық.

Дегенмен, бұл бағытта шешімін күтетін мәселелер де аз емес. Әсіресе, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру және қолжетімді демалыс орындарын көбейту – уақыт талабы. Егер осы түйткілдер жүйелі түрде шешімін тапса, Атырау тек өндірісті аймақ қана емес, табиғаты мен тарихы тоғысқан тартымды туристік бағыттардың біріне айналары сөзсіз. Ең бастысы – туған жердің қадірін өзіміз бағалап, оның байлығын ұқыпты пайдалана білсек, ішкі туризм де ел экономикасына тың серпін беретін маңызды салаға айналмақ. 

А.ХАМИТТЕГІ

30.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25301
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24799
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42230
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38084
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42571