Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына орай Тараз қаласында барельеф бой көтеріп, көше атауы берілді. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы мен Саңырық батыр көшелерін байланыстырып тұрған аталмыш көше бойынан ауылшаруашылығы сквері тұрғындар игілігіне тарту етілді.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және біраз зиялы қауым өкілдері қатысып, адал еңбекпен алаштың абыройын асқақтатқан Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі боларын айрықша атап өтті.
– Адамды адам еткен – еңбек. Сол еңбектің қасиетін, құдіретін бойына сіңірген елімізде Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев сияқты ұлтымыздың мақтанышы болған азаматтар бар. Жерлесіміз Жазылбек Қуанышбаев кішкентай кезінен еңбекке араласып, мал бағып өсті. Қазақ әр уақытта өзінің болашағын төрт түлік малмен байланыстыруы бекерден бекер емес. Халқымыз бір-бірімен амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп айтады. Жерлесіміз Жазылбек Қуанышбаевты білмейтін қазақ жоқ. Ол кісі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде аты шыққан, қазақтың атын әлемге танытқан үлкен тұлға. Оның ішінде қойдың, қаракөлдің пайдасы, олардың терілері бұрынғы Кеңес Одағына ғана емес, бір жағы Америкаға, бір жағы Азияға тарады. Атамыз тек қана еңбек етіп қана қоймай, өзінің халқын, жерлестерін еңбекке тәрбиеледі. Әсіресе жасы тоқсанға келсе де ұрпаққа еңбектің қадірін сіңдіріп, тәрбиелеп өсірді. Қазіргідей дағдарыс кезінде еңбектің қадірін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Атамыздың 125 жылдығына орай, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге болсын деп осы көшені дала академигінің атымен атадық. Ауылшаруашылық, ветеринарлық басқармалар бірігіп, осы скверді тарту етіп отыр. Елімізде осындай игі шаралар көп болсын, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Шара барысында көпшілік барельефке салтанатты түрде гүл шоқтарын қойып, қазақтың қасиет қонған ақсақалының рухына тағзым етті.
– Ең алдымен сіздерді қазақ елінің мал шаруашылығы саласын дамытуға зор үлесін қосқан даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығымен құттықтаймын. Атамыздың Ұлы Отан соғысынан кейін қой шаруашылығында асыл тұқымды жұмысты өркендетуге атсалысып, селекциялық жұмыстарды жүргізіп, жүз саулықтан жүз отыз қозы алып отырғанының нәтижесінде қаракөл қой шаруашылығында жетістіктерге қол жеткізіп, екі мәрте социалистік еңбек ардагері атанғаны бәрімізге белгілі. Бүкіл ғұмырын қой өсіруге, оның ішінде шөлді, шөлейтті аймаққа бейімделген әрі жер сіңген қаракөл қой шаруашылығымен айналысқан Жазылбек Қуанышбаев 1930-1980 жылдары шалғайдағы Мойынқұм ауданының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мерейін тасытты. Даңқы Кеңес Одағына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге дейін жетіп жатты. Осы салтанатты мереке ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен сәйкес келіп тұрғанын да ерекше атап өткім келеді. Татулықты ту еткен бейбіт еліміз осы уақыт аралығында табыстарға жетіп жатыр. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп, көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген қазақстандықтарды ұлттық мерекемізбен құттықтаймын, – деді министр Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан кейін Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Болат Сатыбалдиев Жаз-атаның кіндік қаны тамған Мойынқұм ауданындағы дала академигінің ерлікпен пара-пар есіл еңбегін сөз етті. Ал ұлы Қуанышбай Жазылбекұлы көне шаһардан көше атауын беріп, құрмет көрсеткен көпшілікке, облыс басшылығына алғысын айтып, қазақ жұртына Жаз-атаның жасын, бақ-дәулетін тіледі.