Бала қауіпсіздігін сақтауға қоғамның әр мүшесі міндетті әрі жауапты. Бүгінгі күні бұл мақсатта білім басқармасы жасөспірім қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, дәйекті шараларды жүзеге асыруда.
Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы облыстық полиция департаментімен бірлесіп, білім беру мекемелерінің бейнебақылау камераларын Тараз қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығымен интеграциялау мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды. Осыған орай полиция департаментінде бірлескен жұмыс тобының отырысы өтті.
Жұмыс тобы «Транстелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қала мектептерінің бейнебақылау жүйесін жедел басқару орталығының бейне қабырғасына шығару бойынша пилоттық жоба жайлы мәселелерді талқылады.
– Бүгінгі күні облыстың барлық 443 мектебі және 416 мектепке дейінгі мекеме бейнекамералармен қамтамасыз етілгенін ескере кету керек. Облыс бойынша 119 мектеп «Дабыл түймесіне» қосылған болса, 61 мектеп турникеттер орнатылған. Сондай-ақ, 443 мектептің 106-сында «Мамандандырылған күзет» қызметімен қамтамасыз етілген, – дейді Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов.
Кеңес отырысына полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов және білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы Руслан Ноқрабеков және ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Еркін Сақыбаев қатысты.