Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Жәмиля Бақбергенова 72 келіде ел намысын қорғаған болатын. Ол барлық қарсыласын ұтып, ақтық финалға шыққан еді. Соңғы сында жапониялық Масако Фуруитиге есе жіберді. Ел үмітін ақтаған балуан қызымыз: «Жапондық Масако Фуруитимен осымен төртінші рет кездесіп, үшеуінде ұтылдым. Оны Иван Ярыгин турнирінде бір рет жеңгенмін. Ендігі мақсат – олимпиадалық салмаққа ауысу. Содан соң Азия ойындары мен өзге де ірі жарыстарға дайындаламыз», – дейді. Айта кетерлігі, Жәмиля Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті. Оны осы оқу орнының профессоры, п.ғ.к. Ерғали Мұхиддинов басқаратын спорт кафедрасының барлық бапкерлері мен жаттықтырушы-ұстаздары аталған ЖОО-ның мақтанышы санайды.