Лувр мұражайындағы «қарғыс атқан» гауһар тас

Лувр мұражайындағы «қарғыс атқан» гауһар тас

Кешелі бері дүниені дүр сілкіндірмесе де жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан бір жаңалық Франция астанасы Париждегі Лувр мұражайы тоналуы болды. Төменде осы оқыс оқиғаның барысы мен қолды болған бағалы артефактілер жайлы баяндай кетуді жөн көрдік. 

Жергілікті уақыт бойынша 19 қазан күні таңғы 9:30 дар шамасында Лувр мұражайына қарақшылық шабуыл жасалды. Бетперде киген 4 адамнан құралған шағын топтың ішіндегі екі адам құрылысшылар кейпіне еніп жарық шағылыстыратын сары желет киіп алған.Екеуі жүк көлігімен, екеуі екеуі мотоциклмен келген. Сена өзенінің бойындағы жолмен Лувр мұражайының іргесіне келіп тоқтаған олар, жүк көлігіне орнатылған телескопиялық баспалдақпен екінші қабатқа көтеріліп Галерея Аполлондағы терезені болгаркамен бұзып ашып ішке кірген. Осылайша көрме залдарына сырттан сынған терезе арқылы кіріп, француз корольдік зергерлік бұйымдары сақтаулы тұрған әйнек сөрелерді бұзып ішінен көптеген бағалы артефактілерді ұрлап кетті. Тонаушылар қас пен көздің арасында қолға түсірген 9 бағалы затты ала салып мотоцикілге мініп көзден ғайып болған. Олар қылмыс орнынан қашып бара жатқанда, кранды өртеуге тырысқанымен үлгірмей қалған. Дабыл қағылысымен полицейлер де жетіп үлгірген, алайда жолдағы кептелістің кесірінен қарақшыларды құрықтауға үлгірмепті. 

Қарақшылар тоғыз қазынаны қолға түсіргенімен ақырында сегізін алып қашып кеткен. Прокурорлардың айтуынша, олар қашып бара жатқанда тоғызыншы артефактіIII Наполеонның әйелі императрица Евгенийге тиесілі 1354 гауһар таспен және 56 изумрудпен безендірілген тәжді тастап кеткен. Ақпарат құралдарының хабарлауынша тәж аздап бүлінгенімен оның бағалы тастары мен алтындары аман қалыпты. Осылайша «Ғасыр ұрлығы» атанып шыға келген бұл тонаушылық оқиғасында барлығы 8 зат қолды болды. Оларды ретімен тізбектесек былай шығады.

1. Франция королі I Людовик Филипптің әйелі Мария-Амели патшайым мен III Наполеонның анасы Ортензия патшайымға тиесілі сапфир зергерлік бұйымдар жиынтығынан алынған диадема (басын толығымен жаппайтын жартылай шеңберлі негіз);

2. Сапфир зергерлік бұйымдар жиынтығынан алынған алқа;

3. Сапфир зергерлік бұйымдар жиынтығынан алынған сырға (жұп сырғалардың бірі);

4. Мария-Луиза патшайымға (Наполеонның екінші әйелі) тиесілі изумруд зергерлік бұйымдар жиынтығынан алынған алқа;

5. Сол жиынтықтан алынған изумруд сырғалар жұбы;

6. III Наполеонның әйелі Евгений патшайымға тиесілі реликуарлық брошь;

7. Евгения патшайым таққан корсаж брошь (корсаж бантик брошь);

8. Евгения патшайым таққан сақиналы диадема.

Қарақшылардың Аполлон бөлмесінде сақталған Регент гауһарын неге ұрламағаны әлі күнге дейін жұмбақ. Нью-Йорктегі Sotheby's үйінің мәліметі бойынша, гауһар тастың құны 60 миллион доллардан асады екен. 

Француз шенеуніктері бұл оқиғаны «Францияның беделіне жағылған қара күйе» екенін мойындап жатыр. Францияның әділет министрі Жеральд Дарманин бұл қылмыс Франция үшін «ұят» екенін айтты. Оппозициялық саясаткерлер Франция саяси дағдарысқа батқан кезде ұлттық қорлық тудырды деп үкіметті сынға алды. Франция президенті Эммануэль Макрон ұрыларды қайткен күнде де табу керек деп қатаң жарлық шығарғанымен әліге дейін ешқандай жаңалық болған жоқ. Оқиғаға баға берген сарапшылар бұл тонаушылық операциясының алдын ала мұқият жоспарланып, ұзақ дайындықтан соң барып жүзеге асқандығын айтуда. Ал күдіктілер жайында болжам айтушылар оларды шетелден келген қарақшылар тобы болу ымүмкін деп отыр. 

Қарақшылардың «Регент гауһары» орнатылған тәжді неге алып кетпей тастап кеткендігі, біраз адамдарды осы тас жайындағы аңыздың ізіне бастап әкетті. Ең басында Индия жеріне табылған бұл гауһардың айналасында ылғи да көңілсізідктер мен жеңілістер қоса жүрген екен. Аңыз бойынша, гауһар тасты Үндістандағы Коллур кеніштерінің жанындағы Кришна өзенінде жұмыс істеп жүрген үнді құлы тапқан. 1687 жылы Голконда қоршауы кезінде жараланған құл гауһар тасты аяғының жарасына жасырып, жағалауға қашып кетеді. Онда ол ағылшын теңізшісіне кезігіп, өзін бұл жерден құтқарып шығатын болса гауһар тасты сатудан түскен қаражаттың жартысын беретіндігін айтып өтініш жасайды. Алайда ағылшын капитаны теңізде келе жатқанда оны өлтіріп теңізге тастап жібереді де қолға түсірген гауһар тасты әйгілі үнді гауһар саудагері Джамчандқа сатып жібереді.

1701 жылы Англия көпесі Томас Питт бұл гауһар тасты Джамчандтан сатып алып оны «Питт гауһары» деп атайды. Ол гауһарды ұлы Роберт Питттің аяқ киімінің өкшесіне жасырып, 1702 жылы 9 қазанда Лондонға жеткізеді. Оны 1704 және 1706 жылдар аралығында Лондондық Харрис атты шебер екі жыл бойы өңдеп әдемі қалыпқа келтіреді. Бұл тасты 1717 жылы Франция регенті, Орлеан герцогы II Филипп өзінің досы, Сен-Симон герцогы Луи де Рувруаның ұсынысы бойынша 135 000 фунт стерлингке сатып алды. Гауһар кейіннен 1722 жылы Людовик XV-тің тәж кию рәсіміне және 1775 жылы Людовик XVI-ның жаңа тәжіне орнатылып, Мария Антуанеттаның бас киімін безендірді.

1792 жылғы Париж революциясы кезінде регент гауһары басқа француз тәж зергерлік бұйымдарымен бірге ұрланды, бірақ кейінірек табылып, жасырылды. 1797 және 1798 жылдар аралығында гауһар тасты Берлин кәсіпкері Зигмунд Отто Джозеф фон Тресковқа, содан кейін 1798 және 1801 жылдар аралығында Амстердамдағы голландиялық банкир Ванденбергке кепілге қояды, оны ақыры 1801 жылы Наполеон I біржола сатып алды. Наполеон бұл тасты өзінің қылышының сабына орнатқан деседі. Сол жылы ол мемлекеттік төңкерісті сәтті жоспарлап, іске асырып Француз Республикасының алғашқы билеушісі болды. Ол тарихта өз ізін қалдырып, бірқатар жеңістерді қолға келтіргенімен тағдырдың жазуы әлде гауһар тасқа дарыған қарғыстың кесірінен бе Ватерлоо шайқасында жеңіліске ұшырайды.

Монархия қалпына келтірілгеннен кейін шеберлер гауһар тасты X Чарльздің тәжіне орнатады, бірақ X Чарльз тақтан бас тартып, Англияға жер аударуға мәжбүр болды. Көп ұзамай Наполеон III Эжени де Монтихоға үйленді, корольдік зергер патшайымға арналған «Питт гауһарымен» әшекейленген тәжді арнайы жасап шығарды. Алайда, бұл бақыт ұзаққа созылмайды. Екінші Франция империясы құлап, ал Наполеон III Англияға жер аударуға мәжбүр болған соңғы француз монархы ретінде тарихта қалды. Үшінші Француз Республикасы орнағаннан кейін бұл гауһар мемлекетке қайтарылды. Оны пайдаланған адамдардың жеңілістері мен тағдырларын еске алған адамдар сонан кейін бұл гауһар тасқа «қарғыс тиген, қарғыс оқылған» деген байламға келіпті.

Бүгінде гауһар тас Евгения де Монтихо патшайымға арналған грек стиліндегі диадемамен безендірілген және Луврдағы Франция корольдік қазынасында сақтаулы, онда ол 1887 жылдан бері көрмеге қойылып келеді.

PS: Осы оқиғадан кейін жан-жақтылы пікір білдірген сарапшылар ұрылардың «Регент гауһарымен» безендірілген тәжді жаман ырымға балағандықтан тастап кетті деп отыр. Аладғы уақытта қылмыстық істің беті ашылар болса, оның да сыры ашыла жатар. Ал, былайғы жұрт үшін  Лувр мұражайының тоналуы өзге жерлердегі мұражайлардың қауіпсіздігін қатаң сақтауға сабақ болуы тиіс деп ойлаймыз. Тағы бір ойланатын жағдай кезінде 2000-ға жуық адам қызмет еткен атақты мұражайда қазір 200 қызметкер бар екен. 

Ерқазы Сейтқали

 

22.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ – АУЫЛДЫҢ ЖҮГІ, «AQTOBE»-ДЕ  – ДӘУІРДІҢ ҮНІ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы - 22.10.2025 154
Қамбасы дәнге толған Ақмола
Д. ШӨКШІР, Ақмола облысы - 16.10.2025 377
Теріскейдегі жылы жүздесулер
Нұрсайын Шәріп - 16.10.2025 378

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19043
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18904
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34066
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 32621
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 36426