Ұзақ жыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Ермұхамед Ертісбаев “Ответь Бажкеновой” бағдарламасына берген сұхбатында Қаңтар қасіреті туралы және ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов туралы өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, қаңтардағы қақтығысқа Кәрім Мәсімовтің тікелей қатысы бар, деп хабарлайды Экспресс К.
Экс-кеңесші Ермұхамед Ертісбаев журналист Гүлшат Бажкенованың Youtube арнасына берген сұхбатында қаңтар қақтығысына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қарсылық акцияларының ұйымдастырылып жатқанын ҰҚК алдын ала білген. Ол Кәрім Мәсімов биліктен Тоқаевты кетіргісі келді дейді.
"Мен Кәрім Мәсімовті 25 жылдан бері танимын. 90-шы жылдары АТФ банкті басқарғаннан бастап білемін. Ол интеллигент және өте қу адам.
Мәсімовтің өзі де көпшілікке келесі тақ мұрагері осы болады деген әңгіме таралғанын қалады. Қаңтардағы қақтығысқа тікелей Мәсімовтің қатысы бар. Ал бұл Назарбаев пен Тоқаевқа күтпеген жағдай болды. Менің көзқарасым бойынша ҰҚК наразылық акциялары дайындалып жатқанын алдын ала білді. Соңғы екі жылда Мәсімовтің билігі өте ықпалды болды. Одан бәрі қорықты.
Менің ойымша, Кәрім Мәсімовтің қамауға алынуы оның барлық қарсылық акциялары туралы біліп отырғанымен тікелей байланысты. ҰҚК елдегі саяси тұрақтылықпен тікелей айналысады. Олар елдегі болатын ахуалды біліп тұрып, соған жол берді. Менің болжауымша, наразылыққа шыққандардың 95 пайызы саяси протестанттар болды, қалған 5 пайызы жолдан қосылған мародерлар, бұзақылар және террористер.
20 мың террорист кірді деген ақпаратты Тоқаевқа ҰҚК берді.Олар осы арқылы оның елордадан кетуін, билікті тастап қашып кеткенін қалады. Қасым-Жомарт Тоқаевты ақпараттық вакумда ұстады. 20 мың террорист келді, Ақорданы басып алады деп Президентке қорқыту әрекеттерін жасады.
Күштік құрылым өкілдері Тоқаевты сатып кетті. Бұл жағдайда Президенттің қасында қалып, қолдаған жалғыз министр — Ерлан Тұрғымбаев қана. Сондықтан ол өзінің қызметін сақтап қалды", — дейді Ермұхамед Ертісбаев.
Ертісбаев сонымен қатар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да өз пікірін білдірді.
"Назарбаев өзінің мұрагері ретінде кімді қойғысы келгені қазір ешкімге қызық емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі толығымен жойылды. Бірақ ол қанша дегенмен біздің Тұңғыш Президентіміз. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесі жұмысын жалғастыруы керек. Кітапханада әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген миллиондаған том кітап тұр. Бұл керемет байлық және Назарбаевтың жазған кітаптары — Назарбаевтың мұрасы. 30 жыл бойы тұрақтылық пен бірлікте өмір сүрдік. Қазақстан ТМД бойынша азаматтық қақтығыстан аман қалған жалғыз ел", — деді Ертісбаев.