МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕГЕНДЕР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ БОЛА АЛМАЙДЫ
Біреу білер, біреу білмес, көптен бері Парламент тартпасында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бар еді. Сол заң жобасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойыпты. Бұл сүйінші хабарды Ақорданың баспасөз қызметі таратты. Иә, бұл қуанышты хабар. «Ақ түйенің қарны жарылды» деп қазақ осындайда айтқан.
Елімізде қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, әлі күнге Үкімет орыстілді. Ондағы қыз-жігіттер Ресейде жұмыс істеп жүргендей көзге елестейді. Азаттыққа қолы жете сала тіл мәселесін бірден шешіп алған Өзбекстан бізге мүсіркей қарайды. «Бізге алдымен саясат емес, экономика керек» деген кісінің ұстанымы дүйім елді сең соққандай күйге түсіріп кетті. Соның зардабын енді қанша тартарымыз белгісіз. Әлі күнге тіл проблемасының тоңы жібімей жатыр. Осыған қарап, Қазақ елінің рухани әлемін «қалың қар басып» жатқаны байқалады. Қашан жарқырап күн шығып, қалың қардың көбесі сөгілер екен деп қалың алаш баласы күтіп жүргелі 33 жыл болыпты. Енді міне, үміт сәулесі бұлт арасынан сығалаған күндей жарқ ете қалды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Мемлекет басшысы қол қойыпты. Бұл заң бойынша мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматы бола алмайды. Қандай ғажап жаңалық!
ҚР Парламенті Мәжілісі қабылдаған Заң бойынша:
Қарапайым деңгейде Мемлекеттік тілді білмеу, Қазақстан Конституциясының негіздерінен, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын деңгейде төл тарихымыздан хабардар болмау Қазақстан азаматтығын беруден және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз болады. Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын бұл талап этникалық қазақтарға қолданылмайды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, «Ақ жол» демократиялық партиясы Парламентте талай жылдан бері көтеріп келе жатқан мемлекеттік және ұлттық мүддені қорғаудағы маңызы өте зор бұл Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын талапты заңға енгізген – ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса.
«Заң жобасын талқылауда еліміз үшін мәні зор бұл ұсынысымызды ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама комитеті мүшелері бастаған депутаттар бірауыздан қолдады. Кең-байтақ жер көлемі әлемде 9-орын алатын, халқының саны аз, айналасын алып елдер қоршаған Тәуелсіз мемлекеттің Ұлттық қауіпсіздігі үшін Азаматтық алуда Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру зор қорған болары анық. Бұдан басқа да қандастарымыз және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар үшін тиімді көптеген ұсыныстарымыз да заңға енді», – дейді депутат Қазыбек Иса.
Атап айтқанда:
Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын адамдар үшін шаруа немесе фермер қожалығына жер учаскелерін беру көзделген;
қоныс аударушыларға және олардың отбасы мүшелеріне мемлекеттік қолдау ретінде көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет төлемдерінің шығындарына өтемақы, сондай-ақ экономикалық мобильділік сертификаттары секілді материалдық көмек көрсету көзделген;
Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін инвесторларға арналған көпреттік виза және сұранысқа ие кәсіп иелері үшін виза енгізілген;
Сонымен қатар Заңда халықтың көші-қонына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер көзделген. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Сонда терең танысуға мүмкіндік бар.
«Көш жүре түзеледі» дейтін қазақ баласымыз. Бұл заң елге қоныс аударғысы келетін азаматтардан қазақ тілінен емтихан тапсыруды талап етеді. Қайда келгенін білу үшін. Дамыған елдерде бұл заң баяғыдан бар. Біз жаңа талап үдесін жүзеге асырып жатырмыз. Бұған да шүкір.
Алда әлі көп жұмыс күтіп тұр. Ол – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Ана тілімізді қосарланған ресми тілдің шырмауынан босату.