Өнерді өміріне серік еткен

Өнерді өміріне  серік еткен

Жұман отағасы мен Томпыш ана 13 баланы (оның төртеуі жастай шетінейді) дүниеге келтіріп, бес қыз, төрт ұлды тәрбиелеп өсіреді. Кейіпкеріміз Керекбаев Дәрмен Жұманұлы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылының тумасы. Дәрмен – тоғыз ағайындылардың кенжесі. Дәрмен бала кезден-ақ ақылдылығымен, тілалғыштығымен ата-анасының ғана емес, араласатын адамдарының көңілінен шығып, сүйіспеншілігіне бөленеді. «Әй, осы баладан бірдеңе шығады», – дейді екен үлкендер. Бұл сөздің астарында терең мағына жатқаны анық. Болашақта үлкен, ел танитын азамат болады. Ата-анасының қуанышы, ауылының мақтанышына айналады. Халқына қалтқысыз қызмет ететін елінің елеулісі, халқының қалаулысы болмаса не қылсын деген сияқты ойлар бастапқы сөйлемнің мағынасын толық ашып тұрғандай.

 

Өкінішке орай, әкесі Жұман ауыр отадан оянбай, келместің кемесіне мініп кете барады. Аяулы анасы әке орнына әке, шеше орнына шеше боп, балаларын ешкімнен кем қылмай аялап өсіреді.

Әкесінің енді қайтып келмейтінін, ешқашан еркелетпейтінін білген Дәрмен іштей қамығатын. Сол әкесі қайтқан тоқсаныншы жылы Дәрмен туған ауылындағы Сарыжаз орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданды. Мектеп қабырғасында жүргенде сурет, қазақша күрес, дін үйірмесіне қатысады. Сол үйірмелердің ішінде сурет тылсым сұлулығымен қатты баурайды.

Осы өнерді тереңірек білуге зейін қойып, бар ынта-шынтымен сурет салуға кіріседі. Сөйтіп, суреттен ауданаралық жарыстарға қатыса бастайды. Сегізінші сынып оқып жүргенде қаладан Әлия әпкесі келіп:

– Алматыда республикалық көркем сурет колледжі бар екен. Соған тапсырып көрші, – деп, Дәрменді өзімен бірге қалаға алып кетеді. “Мен еш қарсылықсыз әпкеммен бірге қалаға келдім. Керекті құжаттарымды жинап, емтихан тапсырып, оқуға түсіп кеттім. Сол кезден өнерге толық бет бұрдым. 8-9 сыныпта республикалық көркем-сурет колледжінде оқи бастадым. Әлия әпкемнің қолында тұрдым. Әпкемнің жүрегінің кеңдігін сонда білдім. Оқуыма не керек, не жетіспейді толық қамтамасыз етіп отырды. Мені өз қамқорлығына алды. Ауыл баласы болғандықтан қала өміріне үйренісе алмай, басында қиналдым. Дегенмен жаңа орта, жаңа достар пайда болып, қаланың өміріне бірте-бірте қалыптастым, – дейді Дәрмен өткенін еске алып.

Сол арнайы колледжде 9-сыныпты аяқтап, 1999 жылы Орал Таңсықбаев атындағы АКДПИ -ға Алматы сәндік өнер колледжіне мүсін мамандығына түседі. 2003 жылы бітіріп, сол жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясына оқуға түседі. Колледжге түскенде үйірмеде салған суреттерін көрсетеді. Рым Қанафин: «Дайын бала екен. Алайық», – деп қабылдайды. Тағы екі емтихан бар еді. Оларды тапсырмай-ақ қой деді.

Академияға түскенде де салған суреттеріне қарап қабылдайды. Тапсырма беріп, қазан, құмыра, алма, ілініп тұрған матаның суретін салуы керек болады. Суреттерді салып, кетіп қалады. Келесі күні келсе, суретті сен салған жоқсың деп сенімсіздік білдіреді. Тағы да салып беріп, көздерін жеткізеді. Күз айы болатын. Сабақ басталған. Сол кезде куратор жетекшісінің тапсырмасы бойынша бөрене ағашынан мүсін қашау керек болады. Дәрмен Әлия әпкесінің үйінде жүріп оқитын. Әлия әпкесінің үй жағында жатқан бөренені тауып, мүсін жасайды. Осы мүсін академияның кафедра меңгерушісіне қатты ұнап қалады. Осыны үлкейтіп бетоннан жасап, өнер академиясының ауласына қой деп қолқа салады. Айтқанын орындап, академияның ауласына орнатып береді. Сол мүсін күні бүгінге дейін академияның алдында көрік беріп тұр.

Оқуын тамамдаған соң, ауылдағы анасына дипломын көрсетеді. Анасы өрістен үлкен бір қойын алдырып, сойғызып, көрші-қолаң, туған-туыстың басын қосып дастархан жаяды. Қуаныштан бал-бұл жанған анасы бір марқайып қалады.

Бұдан соң Сымбат колледжіне сабақ береді. Екі жылдан соң Ащыбұлақтағы №19 мектепке ауысып, оқушыларға суреттен, сызудан сабақ береді. Бұдан кейін «Балдырған» журналында суретші, қуыршақ театрында қуыршақ шебері боп істейді. АТУ-дың колледжінде дизайннан сабақ береді. Дәрмен Жұманұлы «Елім менің», «Екі жұлдыз», «Жолың болсын, балақай», «Жүз бір ән» сияқты теледекорацияларды жасайды. Осы жұмыстардың сәтті шығуы үшін таңға дейін жұмыс істейді. Таңға жуық 3-4 сағат ұйықтап, сабаққа кетеді. 2017 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ Ұлттық Опера және Балет театрында қатты декорация бөлімінің меңгерушісі. 

«Негізі бұл опера түрі әлемдік деңгейдегі мәдениет саласы болып табылады. Түбі Италиядан шыққан өнер. Сондықтан көбіне бізге спектакль қоюға шетел азаматтары келеді», – дейді Дәрмен Жұманұлы.

Жиырмадан астам жаңа қойылымдардың шығуына үлес қосқан өнер тарланы өзіне деген сенімдеріне селкеу түсірмеу үшін қызметін адал атқаруда. Мәдениет министрі Ақбота Райымқұлова болып тұрған кезде сол кісінің қолынан мақтау грамотасын алады. 2026 жыл, 21 сәуір мәдениет күнінде театрдың 90 жылдық мерейтойына орай «Елеулі еңбегі үшін» мерейтойлық медальмен марапатталды.

Дәрмен Жұманұлының декорациясын көру мақсатымен «Сильфида» балетіне бардым. Балеттің мазмұны төмендегідей: Оқиға Шотландияда өтеді. Басты кейіпкер Джеймс үйлену тойына дайындалып жатқан жас шотланд жігіт. Ол қалыңдығы Эффиге үйленуі керек. Той қарсаңында Джеймске түсінде сиқырлы жаратылыс Сильфида (ауа перісі) келеді. Ол өте сұлу әрі нәзік, тек Джеймске ғана көрінеді. Джеймс Сильфиданың сұлулығына арбалып, оған ғашық боп қалады. Осы уақытта сиқыршы әйел Мэдж үйге келіп, Эффиге бал ашады. Ол Эффидің басқа біреуге – Джеймстің досы Гурнге күйеуге шығатынын айтып, оны мазасыздандырады. Джеймс сиқыршыны қуып шығады. Той басталған сәтте Сильфида тағы пайда болады. Джеймстің жүзігін ұрлап, орманға қашып кетеді. Джеймс оны ұстап алмақ болады. Бірақ ол ұшатын болғандықтан, оны ұстау мүмкін болмайды. Ол сиқыршы Мэджден көмек сұрайды. Мэдж оған сиқырлы шарф береді. Джеймс Сильфиданы сол жамылғымен ораған кезде оның қанаттары сынып, Сильфида қайтыс болады. Джеймс сүйген жарынан айырылып, жалғыз қалады. Осы уақытта ауыл жақтан Эффи мен Гурннің тойы өтіп жатқан шеруді көреді. Джеймс бақытсыз, жалғыз және алданған күйде қалады.

Спектакльдің декорациясына келсек. Қалың жапырақтары жан-жаққа құлаш жайған жап-жасыл орман кәдімгі тірі табиғаттай көзіңді арбайды. Орманның бергі шетінде биік бәйтеректер, сұлу әрі табиғи жасыл шөптер жайқалып, табиғат сұлулығын жандандыра түскендей. Орманның арғы шеті сонау алыстан көрінеді. Декорация – Дәрмен Жұманұлының еңбегі, автордың шеберлігін, кәсіби біліктілігін, еңбексүйгіштігін, дарынын танытатын қолтаңбасы. Және көрермендердің көкірегіне рухани нәр құятын дәрі іспеттес. Дәрмен Жұманұлы сонау мектеп қабырғасынан күні бүгінге дейін қолынан қылқаламын тастамай келе жатқан дарын иесі. Өнер – оның өмірі, өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткен десек, еш қателеспейміз.

2012 жылы Дәрмен отбасын құрды. Өмірлік жары Сәбетжанқызы Индира балалардың кенжесі. Үш ағасының ортасында еркелеп өскен бір тал қыз. Индира еркетотай боп еркінсіп кеткен жоқ. Ақылды, ойлы, еңбекқор боп бойжетті. Әкесі Сәбетжан мен анасы Бақыткүл ұлдарына да, Индираға да жақсы тәрбие берді. Шешесі Бақыткүл үлкендерді сыйлауда алдына жан салмайды. Тоқсаннан асқан кәрі енесінің мазасыздығын елемей, жас балаша мәпелеп отыр.

Әжесі Асылхан ісмер адам. Мұндаға дейін іс тігетін машинканы қолынан түсірмейтін. Құрақ құраудың шебері. Индира кішірек кезінде-ақ әжесінен көп нәрсені үйренді. Мектеп бітіргеннен кейін медицина колледжіне түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Қалада бір ауруханаға медбике боп орналасты. Жұмыс істей жүріп, қолөнерін әрі қарай дамытты. Тоқыған заттары көп-ақ: қолға ұстайтын моншақпен әдемі өрнектелген, көздің жауын алатын сөмкелер, аяқ киімдер, үйге киетін тәпішкелер, әртүрлі шұлықтар, шарфтар, жакеттер, бас киімдер, әртүрлі заманауи түрде түрлі өрнектер салынған төркөрпелер.

Дәрмен жарына қолдау көрсетіп отырады. Индира керек еткен заттарының бәрін сатып алып береді. Іс тігетін машинканың екі түрін алып берді. Моншақтар т.б. бұйымдар. Дәрмен мен Индира қазір екі ұл, бір қыздың ата-анасы. Ұл, қыздарына сапалы білім алуларына жағдай жасайды. Балаларын адами қасиеттерге баулиды. Кішіпейілділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, анасына, үй шаруасына көмектесу керектігін саналарына құйып отырады. Бала – ата-ананың артында қалған із емес пе? Әкесі мен анасының істерін болашақта жалғастыратын да бала. Ендеше, отбасында балаларына озық тәрбие беру – ата-аналардың міндеті. Дәрмен мен Индираға отбасылық бақыт, шығармашылық табыс тілейміз.

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер 

одағының мүшесі 

02.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25694
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43077
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38892
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43483