Шымкентте қала халқын сапалы мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтың бірі – «Қасқасу С» шаруа қожалығы. Ол Қаратау ауданы, Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Егіс даласынан дүкен сөресіне дейін» жобасын жүзеге асырып отырған кәсіпкердің бірі осы шаруашылық. Кәсіпкер тұрғындарды ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қолдауларды пайдалана отырып, 2 әлеуметтік дүкен ашты. Осылай шашаруашылықта өндірілген өнімдер делдалсыз тұтынушыға тікелей жеткізілуде.
Бүгінде шаруа қожалықта 1200 бұқашық бордақылануда. Өткен жылы 330 тоннаға жуық ет өндірілген. Елбасымыз «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екенін айтқан болатын. Қазіргі таңда шаруашылық бордақылаумен қоса 600 басқа арналған асыл тұқымды сүтті бағыттағы тауарлы сүт фермасын құруды жоспарлауда. Құрылыс нысаны биыл басталып, келесі жылдың 3 тоқсанында іске қосылмақ. Бұған жұмсалатын инвестициялық салым 2,3 млрд теңгені құрамақ.
Кәсіпкер асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басты Еуропа елдерінен сатып алады. Ал сүтті тауарлы ферманы толығымен шетелдік «ДеЛаваль» компаниясының технологиясымен құруды жоспарлауда. Себебі сүт өндірісінің көлемін арттырып, сапалы өнім алуда заманауи озық технология мен құрал-жабдықтар қолданылады.