Келінім Абдрахманова Эльвира Әбетқызының ауыр науқастан мәңгілік дүниеге аттанып кеткеніне 15 желтоқсанда жыл толады. Кәріпжан әулетінің тұңғыш келіні алғашқы қуанышымыз еді. Келінге тән ізетімен, әдебімен, қарапайымдылығымен көңілімізден шыға білді. Әкесі Әбетті көруді тағдыр бізге жазбапты. Құдалығымызға дейін қайтыс болып кетіпті. О кісімен етене араласқандар жақсылығын айтып тауыса алмайды. Анасы Бикен құдағи түсінігі мол, өте еңбекқор жан. Ағалары Еркін мен Ержан, жеңгелері Ардақ пен Гүлзина, сіңілісі Әсел де мейірімді, адамгершілігі мол, сый-құрметке лайық жандар.
Эльвира қақ-соқта ісі жоқ, біртоға, сөзге сараң, іске мығым еді. Қоғамдық жұмысына да, үй шаруасына да бесаспап ұқыпты да жинақы еді. Екі қолын алдына салып қарап отыру немесе телефонға телміріп уақытын босқа өткізу әдетінде жоқ.
Эльвира мектеп бітіре салысымен Байланыс техникумын тамамдайды. Әскери қалашықта пошта басшысы боп істеп жүргенде Айбол екеуі танысып, отбасын құрады. Үйленгеннен кейін отбасының қолдауымен Қыздар Педагогикалық университетінің биология факультетіне түсіп, ойдағыдай бітіріп шықты.
Гүлжазира Асылбаева, «Ақылды балақай» балалардыдамыту орталығының директоры:Эльвираны балалар жақсы көретін
Эльвираның қайын әпкесі Айгүл Кәріпжанқызы: «Эльвираны орталыққа жұмысқа қабылда. Өкінбейсің. Ол қандай іске де жауапкершілікпен қарайтын тындырымды, еңбекқор», – дегенін қуана қабылдадым.
2012 жылы орталықты ашып, жұмысымызды бастап кеттік. Эльвира апай жұмысқа ертерек келіп, балаларды қарсы алатын. Ол жұмысынан басқа ештеңеге, ешкімге көңіл бөлмейтін. Артық-ауыс сөзге де бармайтын. Басқа әріптестерімен амандасады да, жұмысына кіріседі. Оның артықшылығының бірі – артық сөз, өсек-аяңнан бойын аулақ салатындығы. Адамдарды қызметіне, атағына, байлығына қарамай тең көріп сыйлайтын. Бастаған ісін аяғына жеткізбей тыныштық таппайтын. Мұғалімдер Эльвира Әбетқызының нұсқауын екі етпейтін. Ұжымды айрандай ұйытып отырушы еді. Мерекелік ертеңгіліктер өте жоғары деңгейде өтетін. Алдын ала жоспарлап қоятын. Бәрі өз орнында рет-ретімен музыкасы жазулы, балалары сайрап тұратын. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әр мұғалімге міндеттерін бөліп беретін. Жасаған сыйлықтары солдаттар сияқты тізіліп тұратын. Балалар сыйлықтарына риза болып, ата-аналар алғыстарын жаудырып кететін. Мерекелерде ең керемет сыйлыққа Эльвира Әбетқызы ие болатын. Бірақ сыйлықтарын өзі алып кетпейді, қыздармен бөлісетін. Оннан астам торт алған кездері болды. Қыздарға бір-бірден бөліп беретін. «Ақылды балақайдың» әдіскері, шебер ұйымдастырушы әрі үйлестіруші, қолынан іс келетін жан-жақты адам еді. Әр жазда орталықта жөндеу жұмыстары кезінде көмек беруден қашпайтын. Орталықтың кілемдерін жуғанда көңілді әңгіме айтып, жұмысты мерекеге айналдырып жіберетін. Балаларға деген ықыласы ерекше еді. Сабақ кезінде балаларға дауыс көтергенін естімеппін. Тәртібі нашар балалардың өзі басын изеп Эльвира Әбетқызын қуаттайтынын білдіріп, сабақты аяқтап бір-ақ тұратын. Оқушылардың бәрінің жазулары көркем, әдемі еді. Оның еңбегі еленіп, Құрмет грамотасымен, медальмен марапатталды. «Педагогика саласының үздік қызметкері» төсбелгісін омырауына қадады. Оның орны ойсырап қалғанын жасырғым келмейді. Асыл бейнесін ешқашан ұмытпаймыз.
Айгүл Кәріпжанқызы: Ата-енесін құрмет тұтып, қатты сыйлайтын
Эльвира ауырып жүргенде МРТ-ға түсіп, дәрігерлердің МРТ сараптамасын Мағжан екеуі маған әкелді. Анам олармен ас бөлмеге кеткенде мен диагнозын суретке түсіріп таныс дәрігеріммен (ғылым докторы) сөйлестім. Мән-жайды түсіндірдім.
– Үш айлық қана өмірі бар, – деді ол.
– Қалай?.. Емдетеміз ғой.
– Максимум бір жыл. Диагнозы сондай, жазылмайды, – деді дәрігер.
Бұндай сөз күтпеген мен басыма ауыр соққы тигендей әсер етті. Бармаған жеріміз жоқ. Министрлікке дейін хат жаздық. Болмады. Соңғы сәтке дейін үмітімізді үзбедік. Эльвираның өмірін қайтсек те сақтап қалу керек деп бауыр емдейтін мықты дәрігер іздеп шарқ ұрдым. «Мынау мықты білікті дәрігер екен» деген дәрігерлердің бәріне апарып қараттық. Бірі болмаса бірінің емдеу әдісі басқаша болып, шипасы тие ме деп үміттенеміз. Медициналық орталықтар, ғылым докторлары, кандидаттары...
Соңғы 14 күн ауруханада жатқанда Эльвираны дәл осындай күйге түсті деп ойламаған едік. Жалғыз қалдырмай, бауырларымыз бәріміз жанынан кетпедік. Нарұл екеуміз қасында отыр едік, шашын, қолдарын сипап, бір кезде Эльвира: «Бә-ә-ріңе рақмет, әсіресе саған рақмет!» – деді маған басын әрең бұрып, көзін ашып.
– Рақметті әбден жазылған соң айтасың, Эльвира. Біраз тынығып ал, сонан соң Сызғановқа барамыз. Дәрігермен сөйлесіп қойдық, – дедім.
– Біреу бауырын беретін болды ма? – деді тілі әрең икемге келіп.
– Әрине, Мағжан донор боламын деп айтты ғой өткенде.
Бұл 14 желтоқсан болатын. 15 желтоқсанда Эльвира ана дүниеге аттанып кете барды. Дәрігер айтқандай, бір жыл емес, екі жылдан соң.
Эльвира біздің әулеттің тұңғыш келіні. Ата-енесін құрмет тұтып, қатты сыйлайтын. Мамам екеуі бір-бірін жақсы түсінетін. Бір жұмыс жасарда мамаммен әрқашан ақылдасып, кеңесіп отыратын. «Мама, мынаны былай істесек қайтеді?», «Мама, шай дайын, шай ішеміз, тамақ дайын» деп тұратын. Енесін не апа, не ене, не мама деп айтпайтын келіндерді көргенде, енесін мамалап тұратын Эльвирамыз есіме түсіп, қадірі арта түседі. Мамам да Эльвира жұмыстан үйге кептеліспен жеткенше кешкі асты дайындап қояды. Үйге келген қонақтарды қабақ шытпай күтіп алып, әдемі сыйлықтармен шығарып салатын.
Эльвира қатты ауырып жатқан кезде мамамның әрдайым қасында болғанын қалады. «Мама, дем салып беріңізші», – дейтін қиналған кезде.
Ол өте ұқыпты, таза еді. Әр заты реттеліп жиналып, өз орнын табатын, ыдыс-аяғы жалтырап тұратын. Ауырып жатқанда да алған әр дәрісін кішкентай блокнотқа мұқият жазып сақтай беріпті. Бей, дүние, Эльвираның орны ойсырап тұр!
Айбол Кәріпжанұлы: Жан жарымның орны ойсырап тұр
Маңдайыма Эльвира сияқты адал жардың тұс келгеніне іштей тәубе дейтінмін. Күнде таңертең менен бұрын тұрып, таңғы асымды дайындап, шәйімді құйып беретін. Түскі тамақ салынған сөмкемді қолыма ұстатып жіберетін. Ширек ғасыр бірге тұрғанда шәйт дескен емеспіз. Көп сөйлемейтін. Құдайға шүкір, ұрыс-керістен бойын аулақ салатын. Отбасымызда арақ ішілмейтін. Анамыздың тәрбиесі солай. Анам үйде ішімдік бөтелкесін сақтамайды. Эльвираны жұрт тура енесі сияқты дейтін. Қандай жұмыс жасасам да, бір жағыма жүріп, бірге жүретін.
Үйге евроремонтты екеуіміз бірге жасадық. Шаршау, еріну дегенді білмейтін. Қолынан бәрі келетін. Қыздарға арналған кофта, көйлектерді тігін машинасымен өте жақсы тігетін. Компьютермен де жақсы жұмыс жасайтын. Туыстарды, әсіресе анамды қатты сыйлайтын. Эльвира оқуын бітіріп алсын, аяғына оралғы болмасын деп, Мағжан мен Нарұлды кішкентайынан анам бақты. Отбасылық мәселелерді екеуіміз ақылдасып шешетінбіз. «Олай емес, былай», – деп, бұра тартқан емес. 2021 жылы тамыз айының басында анам, Айгүл, мен, Эльвира, Райымбек – бесеуміз тамыз айында Нарынқол ауданы Қаратоған ауылынан жоғары тау ішінде Қайшы деген жерде демалдық. Қымыз, саумал іштік. Эльвира таудан сауығып қайтты. Кейін қазан айында қайта ауырып қалды. 2021 жылдың 15 желтоқсаны өмірінің соңғы күні екен. Мен басында отырып, бетінен сипай бердім. Қиналып жатқанын көріп, сезіп отырмын. Екі қолын жоғары көтерейін десе, көтере алмайды. Бір кезде оң қолын зорға көтеріп, қолымды бетіне жақындатып, қолымнан сүйді. Сол-ақ екен, көз жасымды тоқтата алмай, сыртқа атып шықтым. Сағат төртте Эльвира көз жұмды. Сөйтсем, қолымнан сүйгені қоштасқаны екен. Сөйлеуге тілі келмеді. Айтайын дегені ішінде кетті.
Ақын емеспін. Эльвираның қазасы оңай тиген жоқ. Қайғымен қан жұтып жүргенде ойыма бір шумақ өлең оралды.
Бәрі бекер, өткінші, дүние жалған,
Асыл жарым жүрегімді жаулап алған.
Сағыныштан көкірегім қарс
айырылады,
Қызығы жоқ өмірдің маған қалған.
Тұңғышы Мағжан: Анашым өте сезімтал еді...
Мамам ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайтын. Қатты сөз айтып, көңілімізді түсірген емес. Дос сияқты жайбарақат сөйлесіп отырып-ақ, ой-пікірімізді, мақсатымызды біліп алатын. Біздің үйде папам мен мамамның жанжалдасқанын көрмеппін де, естімеппін. Мамам ауырып дәрігерден дәрігерге қаралды. Айгүл тәтем, папам мен үшеуміз мамаммен бірге жүретінбіз. Мамамның диагнозын интернеттен іздеп, біліп алдым. Бірде мамам маған: «Зейнетақы қорында қанша ақша бар екенін біліп берші», – деді. Мен біртүрлі болып қалдым, біліп бердім. Осыдан тура бір ай өткенде мамам қайтпас сапарға аттанды.
Кенжесі Нарұл: Анамды сағындым
Мамам кішкене кезімнен мені бір жаққа барғанда өзімен бірге ертіп жүретін. Маған киімді мамам екеуміз бірге алушы едік. Тәтті, дәмдінің бәрін мамам өзі жемей, ағам екеуміздің аузымызға тосатын. Біз жақсы болса екен деген тілегін іштей сезетінмін. Мағжан ағам мектепті «Алтын белгімен» бітіргенде, 3-курстан кейін Америкаға барып, жұмыс істеп, көп қаражат тауып келгенде, папам мен мамамның төбелері көкке екі-ақ елі жетпей қалғандай қуанды. Техникалық университетті қызыл дипломмен бітіріп, ата-анамызға ағам қуаныш сыйлады. Мамам бізді тастап кетеді деп ойламаппын. Мамамды сағынды!