Оралда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Күй – тектілік тереңі» атты облыстық жас күйшілер сайысы өтті.
Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған өнер додасы «Атамекен» өнер ордасында өтті. Сайысты ұйымдастырушылардың басты мақсаты – еліміздегі күйшілік өнерді өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттау, жас таланттар мен шебер орындаушыларды анықтау, дарынды өнерпаздардың кәсіби шеберліктерін арттыру. Сайыс барысында жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында арнайы ұлттық қолөнер түрлерінен жасақталған көрме де көпшіліктің рухын оятты.
Екі кезеңнен құралған облыстық жас күйшілер сайысының алғашқы кезеңінде үздіктер анықталып, оза шапқан өнерпаздар соңғы кезеңде өзара сайысқа түсті. Өнер бәйгесінің жеңімпаздары 14-18 және 19-29 жас аралығындағы жастардың өнер көрсетулері бойынша анықталды. Нәтижесінде 14-18 жас аралығы жас күйшілер арасында жүлделі III орынды – Айзада Кибашова, II орынды – Эрнест Қайыржанов, I орынды Наурызбек Кузанбаев иеленді. Ал «Көрермен көзайымы» аталымы сайысқа қатысушы Жұлдыз Нариманова мен Мәдина Қадырғалиеваға бұйырды.
19-29 жас аралығындағы сайыскерлердің өнер көрсетуі бойынша III орынды – Темирлан Сыралиев, II орынды – Егінғали Қыдырнияз, I орынды – Байқұтты Қайрат жеңіп алды. Сонымен қатар «Көрермен көзайымы» аталымын Бекзат Рамазан мен Нұрай Умбетова қанжығасына байлады. Сайыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар, естелік сыйлықтар және қаржылай сертификаттар табысталды.