Орыс тіліне байланған құлдық сана

Орыс тіліне байланған  құлдық сана

Қостанайда 1-сыныпқа барған баланың 71 пайызы орыс тілінде оқуды таңдаған! Бірнеше жыл бұрын Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік парақшасына осылай деп жазды.  Мен бұған таңдана қойған жоқпын. Аттың сыры иесіне мәлім емес пе? 

Мен сол облысқа қарайтын қарт Торғайдың баласымын. Торғай қайда, Қостанай қайда! Екеуі екі әлем. Екі «полюс».  

Кезінде өз алдына екі облыс болған. Бүгінгі тірлігі сиам егіздеріне ұқсайды. Бір денеде екі бас. Жүрегі мен аяқ-қолы бір болғанымен, милары бөлек. Сондықтан да ұлттық құндылық жайлы екі түрлі ойлайды. Жеме-жемге келгенде екеуі де бас-билікке бағынады! 

Торғай – қазақылықтың, салт-дәстүрдің қаймағы бұзылмаған аймағы. Өзінің ұлттық болмысына, өршіл рухына арқа сүйейді! 

Қостанай – жат жұрттықтар әбден билеп-төстеген, шұрайлы жеріне әбден бауыр басып, Ресейге қарап «мөңірейтіндер» қарасы мол өлке! Мынаны естен шығармаған абзал. Мысал ретінде айтайын, Кеңес заманында Қостанайда өзге ұлттың саны 90 пайыз, қазақтар 10 пайыз болса, тәуелсіздік алған 32 жылда қазақтардың үлес салмағы артты. Менің жобалауымша (нақты мәлімет емес), қазір 50 де 50! Бәлкім тағы 10 пайыз көптеу!

 Қостанайға қазақтар көктен ұшып келген жоқ, сырттан көшіп келген қандастармен бірге, Торғай даласынан барған қазақтар олар. Студент кезімде Қостанайға барғанда орекеңдердің «әуені» естіліп тұратын. Қазір қазақтардың «сазы» басым. Еңсесі де биік. Бұған қарап тіл проблемасы оңай шешіле салады деу асығыс шешім. 

Жалғыз ғана Қостанай емес, солтүстіктегі, шығыстағы ағайындардың  мемлекеттік тілі мәселесі өте күрмеулі. Тәуелсіздікпен түйедей құрдас жастардың бір ауыз қазақша сөйлей алмауы – ұлттық трагедия. Назарбаев саясатының ең сорақылығы мемлекеттік тілге келгенде жалтақтап Ресейдің ығына жығылуында дер едім. (Бұл ойға Түркия мен Өзбекстан президенттерінің қатал ұстанымын оқи келе тоқтадым). Геосаяси  т.б. орыстілділердің көптігін алға тартпаңыз. Мен де солай ойлап келгем. Тарихи шешім шығаратын уақытта Назарбаев ұлы қателік жасады. 

Дәлел ме керегі? Онда тыңдаңыз: Өзбекстан президенті Ислам Каримов тәуелсіздік жариялағаннан соң көп өтпей, теледидар арқылы Өзбекстан халқына үндеу жасады. (Апақ-сапақ кез. Ресей мәңгі жасайды деген Кеңес Одағы ыдырап кетіп, мең-зең болып тұрған шақ). «Мемлекеттің тілі – өзбек тілі. Жер халықтікі, Кім бізбен болғысы келеді, өзбек тілін білуі керек. Мені қолдамайтындарға екі ай уақыт беріледі. Шекарадан шығып кетсін. Ертең кеш болады» деп қатаң ескертті. (Осындай мағынада сөйледі). Есі барлары жанталасып елін тапты. Және үйлерді жекешеге айналдырмағандықтан, көшкендер үйлерін сата алмады. Амал жоқ, тастап кетуге тура келді. Дүниесін қимағандар заңға мойынсұнды. (Бізде бәрі керісінше болды. Германияға, Ресейге т.б. отанына қайтқандар үйлерін, саяжайларын сатып, «қанжығаларын майлап» аттанды. Әлі күнге солай).

Өзбекстанда орыстілділер аз болды десеңіз, қателесесіз, оларда да жетерлік еді. Әлі күнге Ташкентте орыс мектептері, аралас мектептер аз да болса баршылық. Бұл айтқанымды азсынсаңыз, Түркияны алайық. Олар тәуелсіздік жариялағанда қырық рулы ел еді. Гректер, күрдтер, армяндар т.б. толып жатқан этностар анталап тұрған-тын. Ататүрік бәрін белден басып, ата заңға «мемлекеттік тіл – түрік тілі» деп жазғызып тастады. Мықты әскер жасақтап, қарсы шығып шулағандарға қатаң ескерту жасады. «Өттерің жарылып кетсе де, Түркияда тұрсаң түрікше сөйлейсің, келіспесең жолың әне!» деді. Сөйлемді әсірелеп жіберді десеңіз де, шындық осы. Сөйтсек, ата заң мықты болса, тырп еткізбеуге болады екен ғой. 

Қазақстан ең соңында тәуелсіздігін жарияласа да, орыс тіліне байланып қалды. Құлдық сана дегенін істеді. Рухы құл басшы көзіне қамшы тиген атпен бірдей. Жалтақ келеді. Әйтпесе ұлы мүмкіндік туып тұрғанда, елең-алаң уақытта көзді тарс жұмып жібергенде, отыз жыл бойы «Қайран ана тілім-ай!..» деп жүрмес едік. Қазақ «темірді қызған кезінде соқ» дейді. Біз тіл мәселесінде «қызған темірді» соға алмай қалған ұлтпыз.     Әйтпесе... 

Ол заман қайта айналып енді келмейді. Өкінгенмен де еш пайда жоқ. Анығы сол, сенім артқан серкеміз жеме-жемге келгенде жалт беріп, ұлттық рухтың арғымағы – жорға тілді жарға жығып кетті. Әккі дипломат болғанда «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деп айтпаған да болар еді. Себебі саясат тыныстаған жерде ұлттық мүддеге жол жабық. Саясатсыз, дипломатиясыз жасалған келісім, жалаң қылышпен жауға шапқанмен бірдей тірлік. Саясат, ол – өмір. Саясат – алдап-арбау. Күнделікті тіршілігіңде, адамдармен қарым- қатынасың әрісі отбасы қарекеті де саясат. Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен араласады» деудің астарында сол жатыр. Жарайды, ол жалтақ Президент болсын, халық қайда қарап отырды деген заңды сұраққа жауап беріп көрейін. Қазақта «сең соққан балықтай» деген байлам бар. Тәуелсіздік алған уақыттағы қазақ халқының жағдайы тап сондай болатын. Бірақ рух күшті еді. Қазір ол рух жоқ. Сынған. Қираған. Қиратқан...

 Адамда көнбіс сана деген болады. Ол адам тәубешіл келеді. Азаттықтың алғашқы жылдары байтал түгіл бас қайғы еді. Қарын аш еді. Аш адамға тіл мен діл емес, азық керек. Бабаларымыз аш адамнан үш күнге дейін ақыл сұрама деп бекер айтпаған. Аш адамның ойлайтыны өліп қалмау. Қайтсе де отбасын асырау үшін жалданады, қу тірлікке құл болады.  Иә, аш адам ызақор болады. Билігіңді де таптап тастауы мүмкін.  Алайда қарын мәселесі тіл мен ділді екінші орынға ысырады. Небір залым патшалар халықты тобыр көрген. Алдаған, арбаған. Ұлы Абай: «...Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – дейді мысқылмен. Біздің биліктегі көкелеріміз  әлі күнге осы саясатты ұстанып келеді...

Назарбаевтың ел үшін істеген еңбектерін жоққа шығару – арсыздық. Әсіресе тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарындағы екпіні тас жарғандай болатын. Кейін ғой таққа құйрығы жабысып қалып, маңайын бақылаудан шығарып алып, абыройын айрандай төккені.

Бұл жерде айтқым келгені, кез келген ұлы істердің басында ел басшылары тұрады. Халықтың тағдыры соның қолында. Егер ұлтын шын сүйсе, салт-дәстүрін ардақтаса, тілі мен ділін, дінін бәрінен жоғары қойса, ұлттық құндылықтың бәрін асқақтата алады. Ол үшін  үлкен жүрек керек. Ұлтты ұшпаққа шығаратын да, құрдымға жіберетін де солар!

Ең өкінішті жері, тұңғыш Президенттің  бойынан Ататүрік пен Каримовтей ұлтына деген, тіліне деген махаббаты, қажыр-қайраты, өр рухы көрінбеді. Әйтпесе алқаш Ельцинді шыркөбелек айналдыратын қулық пен сұмдық Назарбаевта бар еді. Обалы қане, көптеген түйткілді проблемаларды Ельцинмен «жүз грамдатып» отырып шешіп алғанын тұңғыш Президент жасырмай жазды да. Өзі де алқаш болып кетуге аз қалды. Ельцинмен тіл табысу үшін, құдайшылығын айтайық, Назарбаев бәріне барды. Еңбегі де зор. Табандылығы да ерекше-тін.

 Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен Назарбаев тілді, ұлттық мүддені алғашқы орынға қойғанда мақсатына жетер еді. Әттең, әттең!.. Артына ұлттың бет бейнесі мен болмысын айшықтайтын қасиетті тілді жетім баладай аңыратып кетті...

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
23.01.2025

Ұқсас жаңалықтар

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 137
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ОРНАТЫЛУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 14.03.2025 39
Қазақстанның МХҚКО-ларында қосымша сервис енгізілді
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорацияcы - 14.03.2025 113

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 2162
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 2394
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 17285
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 16007
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 19381