Халық саны жағынан Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет Өзбекстанда туу көрсеткіші төмендеді деп хабарлайды өзбек басылымдары. 2025 жылы 1 қаңтардағы дерек бойынша Өзбекстан халқының саны 37 миллион 543 мың адамға жеткен. «Ресми деректер туудың азайғанын көрсетеді: Өзбекстанда былтыр 926 мың сәби дүниеге келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,7%-ға және 2022 жылмен салыстырғанда 0,6%-ға аз. Үйлену тойлары да азайып барады. 2024 жылы некеге тұру саны соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткішті айқындады. Орта есеппен қыздар 22 жаста, ұлдар 27 жаста шаңырақ көтереді», – дейді Өзбекстан сайттары.
Өзбек еліндегі мына бір деректі де айта кеткен жөн. Өзбекстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы шенеуніктердің жасаған қылмыстары күрт өскен. 2023 жылы 3,5 мыңнан астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 2024 жылы олардың саны 37 пайызға өсіп, 5 мыңға жуықтаған. 2024 жылы қылмысы әшкереленгендердің 71-і республикалық деңгейдегі шенеуніктер екен.
Туризм саласын дамыту бойынша Орталық Азияда Өзбекстанның әлеуеті артып келе жатқандығы белгілі. Самарқанд, Бұхара, Хиуа сынды көне қалалар әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшыларды өзіне баурайтын айтулы шаһарлар екені белгілі. Өзбекстан Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы Өзбекстанға туристік мақсатпен барлығы 8,2 миллион шетел азаматы келген. 2023 жылы Өзбекстанға 6,6 миллион шетелдік турист келген. Өзбекстанға келетін туристердің басым бөлігі Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және Ресей азаматтары екен.
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ