Президент командасын не ойлантуы керек?

Президент командасын не ойлантуы керек?

Жаңа Қазақстанға жаңа экономика, оның жаңа жетекшілері керек-ақ. Бірақ әлемдік дағдарыс, пандемиялық шектеулер, Украина-Ресей соғысының санкциялық салдарынан әбден әлсіреп қалған Қазақстан экономикасы әлі күнге табысты салалардың қаржылық қолдауын көрмей келеді. Білікті мамандар мұның үш себебі барын алға тартады. Кәнігі саясаткерлер мен білікті сарапшылар уәжіне сенсек, оның біріншісі, Назарбаевтың отбасы мен оның жақын-жұрағаттарына тиесілі салалар мен нысандардағы менеджментті ауыстыру ісі жабық түрде, қоғам бақылауынан тыс өтуде. Былайғы жұртқа олардың әлгіндей жауапкершілігі жоғары қызметтерге нендей қасиеттері үшін тағайындалғандығы, жұмыста қандай стратегия мен тактикаға иек артып, сеніп тапсырылған салаларға нендей реформа жасамақшы екендігі беймағлұм күйінде қалуда. Өйткені бұл мәселелер күн тәртібіне қойылып, бүкілхалықтық референдум сынды ашық талқыланып жатқан жоқ. Бір қызығы, олардың өздері Парламент мінберіне шығып, өз жоспарларымен бөлісуге құлшыныс танытпай отыр. Бұларды билікте отырғандар емес, халық талқылауынан кейін Парламент тағайындаса дұрыс болар еді. Екіншіден, формальды түрде басшылары ауысса да, Ескі Қазақстанда солардың қосшылары болғандар сол орындарында қалғаны анық. Олар бүгінде өңін айналдырып, жаңа президенттің сеніміне ие болған сыңайлы. Бұл экономиканың ең табысты салаларындағы маңызы зор компанияларға әділетті аудит жүргізуге кедергі келтірері күмәнсіз, өйткені кешегі қосшылар сол бұрынғы құзіреттерінде қала береді ғой. Әрі олардың кешегі басшыларымен бірге қылмыстық істерге қатыспағанына кім кепілдік бере алады? Үшіншіден, кешегі басшылар ресми қызметтерінен айырылса да, елдің аузынан жырып жинаған капиталдары мен активтеріне ие болып қалғандай. Бұл – олар қаржылық мәселелерге әлі де болса бақылау жасап, ыңғайы келсе ықпал жасай алады дегенді білдірсе керек. «Жаңа Қазақстан» атты идеяны алға тартып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген бұрынғы дипломат, қазіргі ел президенті Тоқаев командасының алдағы уақытта қолға алар мәселелері жетерлік. Соның бастылары тәуелсіздіктің 30 жылында өз шешімін таппай, әбден қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемалар екені кәміл.

Әлеуметтік желіде жарияланған деректерге зер салсақ, ондай «көзбояушылықтар» жыртылып айырылады. Солардың бір парасы төмендегідей. (Рас, бұлардың бәрі дерлік кешегі Назарбаев билігі кезінде болған оқиғалар). Ескі Қазақстанда Президент ашуын ашып, бірақ түбі аяқсыз қалған жобаларға келсек, олардың біріншісі – «Тұлпар» автомобиль зауыты. Ол 1997 жылы ашылып, келесі жылы жабылған. Оған 1 миллион АҚШ доллары жұмсалған.

2. Балқаш мырыш зауыты. 2003 жылы ашылып, 2009 жылы жабылған. 120 миллион доллар қаржы жұмсалған.

3. «Ютекс» мақта өңдеу кешені. 2004 жылы ашылып, 2011 жылы жабылған. 19,3 миллион доллар қаржы жұмсалған.

4. «ҚазСат» спутнигі. 2006 жылы ұшырылып, 2008 жылы істен шыққан. 65 миллион доллар қаржы желге ұшқан.

5. «Биохим» зауыты. 2006 жылы ашылып, 2012 жылы жабылған. 88,6 миллион доллар қаржы кеткен.

6. «Тасқала» цемент зауыты. 2007 жылы ашылып, 2010 жылы жабылған. 210 миллион доллар қаржы жұмсалған.

7. «Ақтау-сити» қаласы. 2007 жылы ашылып, 2013 жылы жабылған. Жоспарланған жоба.

8. SiliciumKazakhstan кремний зауыты. 2008 жылы ашылып, 2013 жылы жабылған. 420 миллион доллар қаржы кеткен.

9. «Азия Керамик» керамогранит зауыты. 2011 жылы ашылып, 2012 жылы жабылған. 35 миллион доллар қаржы кеткен.

10. Ауылшаруашылығына арналған «фермер» атты ұшақ шығаратын зауыт. 2011 жылы ашылып, 2012 жылы жабылған. 1,648 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Тізімді ірілі-уақты басқа да жобалармен жалғастыра беруге болады. Сондықтан да осындай ел экономикасының еңсесін көтеруге септігі тиетін маңызды жобалар жоғарыдағыдай шешімін таппаса, оның соңы елдің тұрақтылығының іргетасын шайқалтып, биліктің бас ауруына айналатын өзекті проблемаларды туындатуы ғажап емес. Сол себепті экономикалық жағдай одан сайын қиындап, қаржы тапшылығы одан бетер алқымнан қысса, Жаңа Қазақстан идеясы далада қалуы әбден мүмкін.  

Ермек Сахариев
01.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 101
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 101
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 619
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 737
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 649
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 658

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8793
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8194
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11421
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9175
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10407