Елдің бүгінгі тұрмыс-тіршілігі Ақордаға да жеткен тәрізді. Ел Президенті: «1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді», – деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
«Жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көлемімен салыстырғанда еңбекақы әлдеқайда баяу өсуде. Соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедейлер көбейіп барады. Бүгінгі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық!», – деді Қ.Тоқаев.
Бауыржан Қарағызұлы, ақын: «Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында біраз дүние айтылған екен. Енді сөзден іс-әрекетке көшсек, күлбілте күніміз кішкене көрім болып қалатын сияқты. Менің көңіліме үміт ұялатқан мыналар: біріншіден, утильсбор алымы төмендетілетіні. Төмендетілген утилалымнан түскен қаржы тек мемлекеттің қоржынына түсетіні. Бұл да бір жеңіс. Екіншіден, газ бағасы 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін өспейтіні. Бұның өзі қара халыққа үлкен демеу. Үшіншіден, жеңілдетілген несиемен автокөлік сатып алуы үшін бюджеттен 100 млрд теңге бөлінетіні. Осы бөлінген қаржы қалай жүзеге асады екен? Сол қызық. Ел қашанғы ескі-құсқы көлік мінеді? Дұрыс. Төртіншіден, 700 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде деп отыр. Ол қандай жұмыс орындары? Осы бағытта қарапайым кәсіпкерлерге түсінікті тілмен, қазақша түсіндірме жұмысы жүргізілсе деймін. Бесіншіден, 1 миллионға жуық азаматтың табысы, күнкөріс деңгейінен төмен екенін айтты. Одан көп болмаса, аз емес. Айлығы несиеден аспай жүрген қаншама адам бар. Алдағы уақытта Үкімет елдің табысын арттыру бағытында нақты шешімдер қабылдайтынын батыл айтып отыр. Көреміз. Сенеміз. Ел талабы ақырындап реттеліп келе жатқан сыңайлы».