Қайтарылған қаржы халық игілігіне жұмсалып жатыр

Қайтарылған қаржы халық игілігіне жұмсалып жатыр

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен заңсыз иемденілген және шетелге шығарылған активтерді мемлекетке қайтару мәселесі күн тәртібіне көтерілген еді. Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару және әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру мақсатында басталған бұл бастамаға Парламент құқықтық баға берген болатын. Осы негізде 2023 жылғы 12 шілдеде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаны есімізде. Бұл заңның қабылдануы еліміздің экономикасына үлес болып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды тетігіне айналды.

Аталмыш заң күшіне енгелі бері елімізге 1,3 трлн теңге көлемінде актив елге қайтарылған екен. Мемлекет басшысының айтуынша, осы заң аясында елге трлн теңгеден астам қаражат қайтарылып, оның жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалған. Соның нәтижесінде 450-ден астам маңызды әлеуметтік және коммуналдық нысан салыныпты. 

Президенттің бұл бастамасының негізгі мәні – қайтарылған қаражаттың жай ғана бюджетке түсіп, жалпы шығындарға «сіңіп кетпеуі». Ол үшін Қаржы министрлігі жанынан арнаулы мемлекеттік қор құрылып, қайтарылған активтерден түскен қаражат халыққа тікелей қажет әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына бағыттала бастады. Президенттің ұстанымы бойынша мұндай қаржы ең алдымен азаматтардың күнделікті өміріне нақты әсер ететін нысандарға жұмсалуы тиіс.

2026 жылғы мәліметтерге қарағанда, Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 482 млрд теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынып жатыр. Оның ішінде 227 жоба сумен қамтамасыз етуге, 183-і денсаулық сақтау саласына, 11-і білім беруге, 5-еуі спортқа, 8-і инфрақұрылымға қатысты. Сонымен қатар Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы әуежайларды жаңғырту жобалары да осы бағытта іске асырылуда.

Яғни қайтарылған активтердің нақты нәтижесін елдің әр өңірінен көруге болады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына 17,7 млрд теңге бағытталған. Бұл қаражат ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және ауызсу инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуда. 

Мұндай мысалды Ақтөбе облысынан да табуға болады. 2026 жылғы мәлімет бойынша, қайтарылған активтер есебінен жоспарланған 13 әлеуметтік нысанның 11-і салынып, пайдалануға берілген. Олардың арасында ауылдық медициналық пункттер де бар. Мәселен, Шалқар ауданының Тоғыз ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдай алатын жаңа медициналық пункт іске қосылды. Нысанға Арнаулы мемлекеттік қордан 97,8 млн теңге бөлінген.

Қызылорда облысында да бұл қаражаттың әлеуметтік әсері айқын байқалады. Өңірде қайтарылған активтер есебінен құны 14,1 млрд теңге болатын 15 нысан толық аяқталып, халық игілігіне берілген. Олардың арасында денсаулық сақтау және ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары бар.

Арал ауданындағы су жүйелері – осы саясаттың қарапайым халық тұрмысына қалай әсер ететінінің бір мысалы. Бұған дейін Тоқабай, Ерімбетжаға және басқа да елді мекендердің тұрғындары ауызсуды тасып немесе құдықтан пайдалануға мәжбүр болған. Қайтарылған активтер есебінен салынған су жүйелері мыңнан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Денсаулық сақтау саласында да ірі жобалар қолға алынған. Мысалы, Арал ауданындағы жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысына 2,3 млрд теңге, ал аудандық аурухана жанындағы кардиология және инсульт бөлімшелеріне 2,1 млрд теңге қайтарылған активтер есебінен бөлінген. Білім беру бағытында да алғашқы нәтижелер бар. Орал қаласында қайтарылған активтер қаражаты есебінен дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №8 мектеп-лицейі салынды. Жаңа мектеп 1952 жылы салынған апатты ғимараттың орнына тұрғызылды.

Жетісу облысында 2023-2025 жылдары қайтарылған активтер есебінен 25 әлеуметтік нысан бой көтерген. Ал 2026 жылы тағы 9 нысанды іске қосу жоспарланған. Жетісуға қатысты тағы бір мәліметті 17 тамызда ҚР Үкіметінің сайты жариялады. Онда Жетісу облысындағы мектеп құрылысына қайтарылған активтер қаражаты есебінен 5,5 млрд теңге бағытталғандығы айтылпты. Яғни Көксу ауданының Балпық би ауылында 600 оқушыға арналған жаңа мектеп салынып жатыр екен. Мұндағы халық санының көптігі қолданыстағы мектептің жүктемесін ауырлатқандықтан, жаңа білім ордасын салу қажеттігі туындапты. Осыған орай жаңадан мектеп салу қолға алынған. Нысанның құрлысы 2027 жылдың соңында аяқталады. 

«Активтерді қайтару бойынша жұмыс шеңберінде Үкімет 610 млрд теңге сомасына 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Қор қаражаты бүкіл ел бойынша білім беру, денсаулық сақтау, спорттық және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салуға және жаңғыртуға бағытталады. Білім беру саласында 64,4 млрд теңге сомасына 17 жоба жүзеге асырылуда», – дейді Үкімет сайты. 

Осылайша кезінде елден заңсыз шығарылған қаржы қайтадан елге келіп, халықтың игілігіне жұмсала бастады.

Әрине, активтерді қайтару жұмысы мұнымен тоқтамайды. Мемлекет үшін келесі маңызды міндет – қайтарылған қаражаттың мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету. Өйткені бұл қаражат – белгілі бір адамдардың немесе компаниялардың жеке пайдасына емес, қоғам игілігіне арналған ресурс. Президент Тоқаевтың бұл бастамасының саяси мәні де осында. Заңсыз байлықты мемлекетке қайтару тек қаржылық шығынның орнын толтыру емес, «әділеттілік» қағидатын нақты іспен көрсетуге бағытталған. Ал қайтарылған активтерден салынған әрбір мектеп, медициналық пункт, су құбыры немесе спорт нысаны осы саясаттың халықтың күнделікті өміріндегі нақты көрінісіне айналып отыр.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27071
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26538
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43870
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39662
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44222