Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар мектептерді аралап, оқушылардың жетістігімен танысты. Мысалы Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының оқушылары қалада алғаш рет ұйымдастырылған «Жастар лигасында» волейболдан бірінші орын алды. Жүлдеге алған 20 млн теңгені «Шымкент – қайырымды қала» қоры арқылы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсапты. Осылайша жеңімпаз оқушылар білім ордасына 12 дана жылжымалы интерактивті панель алған.
Әкім оқушылардың бұл игі ісіне ризашылығын айтып, алдағы уақытта да спорттық жарыстарда алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді. Білім мекемесін аралау барысында қала басшысы «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша ұйымдастырылған оқырман бұрышымен және волейбол, баскетбол, футбол мен шахмат үйірмелерінің жұмысымен танысты. Қазақстандағы балалар спортын дамыту – мемлекеттің басым мақсаттарының бірі екенін айтқан шаһар басшысы соңғы жылдары қалада көптеген стадиондар мен жаттығу кешендері салынып жатқанын тілге тиек етті.
Ал «Жастар лигасында» баскетболдан бірінші орын алған М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия-мектебінде болғанда қала әкімі оқушылармен бірге сенбілікке қатысты. Бұл мектептің оқушылары да 20 млн теңге болатын жүлде қорына материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 12 дана жылжымалы интерактивті панель алған. Мұрат Дүйсенбекұлы баскетбол командасының мүшелерімен тілдесіп, олардың спортта көрсеткен жетістіктерін ерекше бағалап, мектепке жасаған игі істеріне ризашылығын білдірді. Бұл гимназия Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің тізіміне енген.
Шаһар басшысы А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында да болды. Бұл мектептің де оқушылары «Жастар лигасында» жеңімпаз атанған. Олар да қаржыны мектептің материалдық базасын жақсартуға жұмсаған.
Қала басшысын мектеп директоры Гүлназ Әбілдаева физика, химия және STEM кабинеттерін және спорт секциялары мен хореография үйірмесінің жұмысымен таныстырды. Бұл мектепте «Қазақстанның Еңбек Ері», «Білім саласының Құрметті Қызметкері», республикалық «Үздік педагог», «ҚР ағарту ісінің озаты» төсбелгісінің иегерлері оқушыларға сапалы білім беретінін мақтаншпен жеткізген мектеп директоры былтырғы оқу жылында 116 оқушының «Алтын белгі» иегері атанғанын, 48 бала халықаралық ғылыми жобалардың олимпиада жүлдегерлері екенін және 67 білім алушы түрлі олимпиада жеңімпаздары болғанын мәлімдеді.
Ал «Жастар лигасында» футболдан жеңімпаз болған А.Назарбеков атындағы №87 жалпы орта мектепте қала әкімі ақпараттық орталықпен, STEM және робототехника кабинеттерімен және Абайтану бұрышымен танысты. Сонымен бірге спорт секцияларын аралап, Шахмат бойынша өтіп жатқан ашық сабаққа қатысты. Үш қабатты мектеп 1200 балаға шақталған. Мұнда екі ауысымда 2662 оқушы білім алады.