Таразда тұңғыш гимнастика және үстел теннисі спорт кешені ашылды
Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай Тараз қаласының батыс қақпасына таяу маңнан облыс орталығындағы тұңғыш гимнастика және үстел теннисі спорт кешені ашылды. Құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын нысан небәрі алты айда демеушілік есебінен ел игілігіне беріліп, есігін айқара ашты.
Заманау үлгідегі дене шынықтыру, сауықтыру кешені ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында пайдалануға берілді. Жалпы облыста әуесқой деңгейде үстел теннисімен 9734 спортшы, кәсіби деңгейде 640 спортшы мен 21 жаттықтырушы айналысса, спорттық акробатикамен 3 жаттықтырушы, 56 спортшы, батуттық гимнастикамен 3 жаттықтырушы, 47 спортшы, көркем гимнастикамен 5 жаттықтырушы, 156 спортшы айналысады. Ал жаңадан бой көтерген кешеннің сыйымдылығы 600 адамды қамтиды. Құрылыс алаңы 4 мың шаршы метрді құрайтын жаңа нысанды «Тараз Строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мейірбек Жүнісов тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай тарту етті.
– Әрбір ұлтты, мемлекетті басқа ұлтқа танытатын бірден бір сала, ол – спорт. Әр мемлекеттің абырой, беделін көтеретін де спорт. Осы отыз жылдың ішінде елімізде спортшыларға қандай көңіл бөлініп, қандай жағдай жасалып жатқанын өздеріңіз баспасөзден жақсы білесіздер. 30 жылдың ішінде Қазақстаннан талай олимпиаданың, дүниежүзінің, Азияның чемпиондары шықты. Солардың арқасында Қазақстанның көк байрағы желбілеп, Әнұраны шырқалды. Көп елдер қазақ деген ұлттың, Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін білді. Біздің мемлекетіміздің және мемлекет басшыларының берген тапсырмасы – бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың санын көбейту. Адам неғұрам спортпен көбірек айналысса, қимылдаса оның денсаулығы мықты болады, ұзақ өмір сүреді. Қазіргі таңда біздің облыста 400 мыңға жуық жерлесіміз спортпен айналысады. Бұл халқымыздың 33 пайыздан астамын құрап отыр. Біздің ендігі алға қойған мақсатымыз – осы көрсеткішті ең кем дегенде 40 пайызға жеткізу. Әсіресе біздің жастарымыз спортпен айналысуы тиіс. Жат әрекеттерден аулақ болуы керек. Ол үшін жергілікті билік спортқа жағдай жасауы қажет. Яғни оның материалдық-техникалық базасын нығайтып, жағдай жасауы тиіс. Соңғы кезде өңірімізде заманауи спорт нысандары ашылып жатқанын жақсы білесіздер. Былтырдың өзінде біз 14 жабық спорт нысанын, 90-ға жуық спорт алаңын аштық. Биыл да ең кем дегенде 12 осындай спорт нысанын саламыз. Спорт алаңдарын да көбейтеміз. Мақсатымыз – спортты дамытуға жағдай жасау. Өздеріңіз көріп отырғандай, қаламыздың кіре-беріс қақпасының маңынан шаһарымызда тұңғыш рет гимнастика және теннис орталығы ашылып отыр. Орыстар гимнастиканы «спорттың ханшайымы» деп атайды. Ал бұл жерде тек бір ғана гинастика емес, көркем гимнастика, акробатика, спорттық гимнастика да қамтылған. Бізде үлкен теннис залы бар. Ал кіші тенниске арналған ешқандай зал жоқ. Ертең осы жерден олимпиаданың небір чемпиондары шығуына тілектеспін. Қалталы азаматтар тапқан таянғанын қалтасына сала бермей осылай ел игілігіне арнаса, біз жаман болмаймыз. Әруақытта осылай болуы керек. Кәсіпкерлеріміздің табысқа кенелуі де ең бірінші мемлекеттің арқасында. Мемлекеттің көмегі – мемлекеттің оларға жағдай жасағаны. Бұл ғимараттың бағасы миллиарттан асады. Қасында қоршалып тұрған жерге келесі жылы көктемде үлкен бокс орталығын салуды бастаймыз. Осындай орталықтарды көбейтсек, онда ұлтымыздың, мемлекетіміздің абыройы асады,-деген облыс басшысы Бердібек Машбекұлы алдағы уақытта кешеннің маңынан өзі атап өткендей демеушілердің қолдауымен бокс сарайынан бөлек, жеңіл атлетика манежі, хоккей сарайы салынатынын, яғни қаланың батыс кіре-берісі кешенді спорт қалашығына айналатынын тілге тиек етті.
Сөз соңында облыс әкімі меценат, «Тараз Строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мейірбек Жүнісовке рихашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
– Бұл өсіп келе жатқан жастарымыз үшін үлкен қуаныш. Қаламыздың, еліміздің абыройын нағыз адал еңбекпен асқақтатып жүрген спортшыларымыз үшін де зор мәртебе. Қазіргі таңда үстел теннисі өте қарқынды дамып келе жатыр. Тіпті біздің кейбір спортшыларымыз Австрияда жаттығуда. Олар алдағы уақытта олимпиада ойындарына қатысып, қаламыздың ғана емес, барлық қазақстандықтардың намысын қорғайтын болады. Сондықтан осы кешенді салып берген облыс басшысына, демеушілерге үлкен алғыс айтамын, – деді үстел теннисінен спорт ардагері Анатолий Гончаров.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі бастаған белгілі спорт жаттықтырушылары мен шеберлері кең сарайдай жаңа кешеннің ішін аралап, толыққанды танысып шықты.