Жапандағы жалғыз тал
Әбілқайыр хан – Қазақ хандығы тарихында жасындай жарқыраған тұлға. Қазақ жерін жаудан қорғау, тұтастығын сақтауда үлкен атақ-абыройға ие болған жауынгер батыр, билеуші. Оның тағдыры трагедиялы түрде аяқталды. Ханды ақсүйек қандасы Барақ сұлтан 1748 жылдың тамыз айында қастандықпен өлтірді. Оқиға Торғай даласының Өлкейлік өзені бойында өтеді. Әбілқайыр хан, оның күні бұрын айтқан өсиеті бойынша, сол қайтқан жеріне жерленген. Әбілқайыр жерленген жерде кейін үлкен қорым пайда болып, хан бейітінің аяқ жағына тал өсіп шығады. Жапан далада жалғыз талдың бой көтеруі халық арасында тылсым құбылыс ретінде танылып, жұрт оны әулие қатарына балайды. Хан қорымында мәңгілік өмірге пана табу құрмет-қадірге ие болады.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жауынгершілік заманда батырлық атақ пен даңқ Қазақ ордасын билеген Шыңғыс тұқымдарының таққа отыруына септігін тигізетін. Еңсегей бойлы Ер Есім ханнан бастап Қазақ хандығын толық билеген билеушілердің барлығы дерлік «баһадүр», яғни «батыр» деген атақты алған тұлғалар. Әбілқайыр хан дәуірінен кейін билікке келген Абылай ханның мөрінде де (Бадаһүр Абылай бин сұлтан Уәлі) «батыр» деген атақ бар.
Қазақ хандығының тарихи шындығынан туындаған бұл көрініс халық аңыздарының мазмұнында да орын тапқан. Аңыздар Әбілқайырды мәрт мінезді, жау жүрек батыр тұлға ретінде дәріптейді. Ол хан тағына көтерілгенге дейін қазақтың атақты батыры Шақшақ Жәнібектің қамқорлығында болып, батырлық істерімен көзге түседі.
«Бірде, – дейді 1899 жылы «Тургайские областные ведомости» газетінде жарияланған халық аңызының мазмұны мынандай: Жәнібек батыр бір топ сенімді жігіттерімен келе жатқанда жапан түзде бұтағы мол жалғыз талдың көлеңкесінде төрт тағандап ұйықтап жатқан жасөспірімді көреді. Ат басын тартқан Жәнібек ұйықтап жатқан жасөспірімнің көркіне тамсанып, қасындағыларға былай дейді:
– Қандай айбарлы әрі келбетті кескін. Мұның кейпінде құдіретті қуат пен биік менмендік еседі. Жігіттің қанында асыл тектік бар, – дейді хан. – Қараңдаршы, екі қолын құлаштай жазып дүниені бауырына басатындай болып жатыр. Бұл жас жігітті болашақта үлкен жетістіктер күтіп тұрғанына сенімдімін. Осы айтқаным келмесе, Жәнібек деген атым өшсін, – деп, найзасының ұшымен ұйқыдағы жігіттің қолынан жеңіл қимылмен түртіп қалады.
Найза түрткісінен оянып кеткен жас жігіт атып тұрып жанында жатқан садақты алып, батырдың тура кеудесіне кезейді. «Тоқта, байғұс, тоқта. Садағыңды тарт! Мен – Жәнібекпін, атым таныс шығар саған. Мен саған қастық жасамаймын, достық ұсынамын!» – дейді.
Сонда жасөспірім жігіт батырға былайша жауап қатады: «Сен атақты Жәнібек болсаң да, кісіге күні түспеген, кісіден бір нәрсе дәметпеген адамды мазалауға қандай дәтің бар! Ат үстінен найзамен түртуге мен жол бермеймін. Мен кедеймін, бірақ мәртпін. Сен, Жәнібек, солға кет. Мен, сұлтан, Әбілқайыр оңға кетейін! Әй, Жәнібек, қашаннан бері қараша жұрт хан сүйегіне қас еді?» – дейді. Жәнібек батырдың қосыны жасөспірімнің өткірлігі мен мәрттігіне аңтарылып қалады. Аңтарылған жігіттерін Жәнібектің өзі де одан әрі таңғалдырады: ол аттан түсіп, жас жігітке достық қолын ұсынады. Жасөспірім жігіт садағын түсіріп, мәрт батырдың сәлемін қос қолдап құрметпен алады. Жәнібек батыр сұлтан Әбілқайырмен ұзақ сөйлеседі. Оның жалғыз екенін, тал маңында жайылып жүрген қоңыр тайдан басқа малы жоқ кедей екенін біліп, тойға бірге баруды ұсынады».
Әбілқайырдың қосынына ХVІІІ ғасырдың бас кезіндегі Жоңғар шапқыншылығына, Еділ қалмақтары мен башқұрттарға қарсы жорықта аты шыққан Табын Бөгенбай, Тама Есет, Шақшақ Жәнібек сынды батырлар, беделі ханнан кем емес қараша кісі Қаракесек Қазыбек би сынды даңқты тұлғалар жиналады. Батыл әрі жас Әбілқайыр 1710 жылы болған Қарақұм (Әлім баласы Қаракесек тайпалық одақтың жерінде өткендіктен, «Қаракесек құрылтайы» деп те аталады) құрылтайында бас қолбасшы болып, Ұлытау маңындағы атақты «Қалмақ қырған» соғысында жеңіске жетеді. Осылайша, шығыстағы Жоңғар хандығы мен батыстағы Еділ қалмақтарының Сарыарқа арқылы емін-еркін араласуына, күш-қуат тоғыстыруларына тосқауыл қояды. Сонымен қатар, Қазақстанның батыс өңіріндегі бордай тозған Ноғай Ордасының қонысын торуылдап жүрген торғауыт қалмақтарына, Еділ-Жайықты жағалап келген орыс-казактарына, Орал тауынан екпіндей түскен естектерге тойтарыс береді.
1723 жылы шығыстағы Жоңғар мемлекеті қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Даланың сауда-саттық арттериясы орналасқан оңтүстік-шығысына ауыр соққылар жасайды. Қазақ халқы ел жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атаумен қалған үлкен босқынды, трагедияны бастан кешті. Аталмыш өңірге Жоңғар үстемдігі, өктемдігі орнайды. 1726 жылы оңтүстік өңірді азат ету мақсатында ұйымдастырылған Ордабасы құрылтайында Әбілқайыр хан екінші мәрте қазақ әскерінің бас қолбасшы болып сайланады. Оның қолбасшылығымен қазақ қосындары атақты Аңырақай соғысында жеңіске жетіп, жоңғарларға қарсы күйрете соққы береді.