7 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ожаров Ризабек Кәрімұлымен ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Әділов Санжар Аскенұлы қаңтар оқиғасына қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
Бірақ ресми жиында қаңтар оқиғасына қатысты халықтың тағатын тауысқан нақты сұрақтарға нақты жауап берілмеді. Себебі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүддесі үшін мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бойынша қылмыстық істерді тергеу деректерін жария етуге болмайды. Бір анығы қылмыстық істер мұқият тергеліп, тексеріліп жатыр.
– «Қазір ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен оның екі орынбасары қамауға алынды. Қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі директорының бірінші орынбасары және осы қызметтің орталық басшысы ұсталды. Қылмыстық іс «аса құпия» санатына жатқызылған», – деді Ризабек Ожаров. Сондай-ақ Р.Ожаров оқиға кезінде Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытқанын, күштік құрылымдардың бірқатар басшылары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тиіс арнайы бөлімшелерінің іс-әрекеттеріне әдейі тосқауыл қоюы мүмкін екендігі туралы ақпаратты жоққа шығармайтынын айтты. Алайда дүрбелең кезінде, тіпті тәртіпсіздік асқынған сәтте де тәртіп сақшылары өлімге әкелетін қаруды қолданбағанын, тек шабуылдаушылармен күрескенін мәлімдеді.
Ал «Қарулы бүлікшілердің мақсаты – халық арасында үрей мен қорқыныш тудыру, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру болды. Бүлікшілер бейбіт тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдарды өздеріне қосылуға мәжбүрлеген», – деді спикер. Соңғы ресми ақпаратқа сәйкес оқиға кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты деген күдікпен 467 адам қамауға алынған. Р.Ожаров айтуынша, олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректер мұқият зерттелуде.
Десек те қаңтар оқиғасына бір ай уақыт болса да халық білуге тиіс «Осының барлығының артында кім тұр? Ұйымдастырушылар кім?» деген сұрақтарға әлі нақты әрі толық жауап берілген жоқ. Тек кейбір тергеу деректеріне сәйкес бейбіт митингілерді әртүрлі күштер пайдаланғаны анық. Ресми билік «Еліміз «гибридті» шабуылға да тап болды. Ұйымдастырушылар өз жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартты, оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырды» деген ақпарат таратты.
Осы орайда ІІМ Тергеу департаментінің бастығы, полковник Санжар Әділов: – «Өткен оқиғалар әдейі бұрмаланады. Бұл қоғамдық сананы манипуляциялау бойынша мақсатты ақпараттық науқан. Мұның бәрі билік қабылдаған шешімдердің беделін түсіру, ең бастысы – жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушылары мен қатысушыларын жауапкершіліктен бойтасалауы үшін жасалады. Қазақстандықтар бұл қоғамдық сананы айла-шарғы жасау жөніндегі мақсатты ақпараттық науқан екенін түсінуге тиіс. Осыған байланысты азаматтардан тек ресми, тексерілген ақпарат көздеріне сенуді сұраймын. Сонымен қатар, көрінеу жалған ақпарат таратуға болмайтыны туралы ескертемін», – деді. Уақыты келгенде халыққа қаңтар шындығы міндетті түрде жария етіледі деп сендірді спикер.
Мәлім болғандай қазір оқиға себептерін анықтау, қылмыс іздерін алу және бекіту, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер базасын жинау жұмыстарына 200-ден астам тергеуші тартылған. Қамауға алынған адамдарды ұстау шарттары мен құқықтарының сақталуына тәуелсіз мониторинг қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және билікті асыра пайдалану бойынша әрбір шағым бойынша ІІМ жеке қауіпсіздік қызметі мен арнайы прокурорлар тексеру жүргізетін болады. «Ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссиялары өкілдерінің барлық арнайы мекемелерге кедергісіз қолжетімділігі бар. Сондай-ақ заңдылықтың қамтамасыз етілуін тұрақты қадағалауды прокуратура органдары жүзеге асырады», – деп түсіндірді Санжар Әділов.
Брифинг барысында «Дикий Арман» деген лақап атпен көпшілікке таныс Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторында отырғаны туралы ақпарат тарады. – «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Жұмагелдиев босатылды» немесе «оны белгісіз бағытта алып кетті» деген түрлі болжамдар мен жалған ақпараттар таратылуда. Егер басында бұл азаматты полиция атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін ұстаса, қазір оған қатысты жаппай тәртіпсіздіктер бойынша іс тергеліп жатқанын ресми түрде хабарлаймын. Қазіргі кезде арнайы прокурорлар екі қылмыстық істі біріктіріп, өз тергеуіне алды. Ал Жұмагелдиев ҰҚК тергеу изоляторына ауыстырылды», – деді Ризабек Ожаров. Ресми ақпаратқа сәйкес «Дикий Арман» және оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза болған. Бұдан басқа, қарақшылар 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған. Спикердің айтуынша, бұдан бөлек, қаңтар оқиғасы кезінде басқа да топтар белсенді әрекет еткен. Жақында ғана Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ҰҚК қызметкерлері «Казахстанский» ҰҚТ жетекшілерін ұстады, олардан оқ-дәрімен бірге 15 атыс қаруы тәркіленді. Қазір олардың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Көріп отырғанымыздай, ресми билік қаңтар оқиғасына қатысты тергеп-тексеру жұмыстарына белсене кіріскен секілді. Оқиғаның анық-қанығы, ақ-қарасы, ақиқаты мен шындығы уақыты келгенде айтылады деп сенгіміз келеді.