"Қаңтардың қара суығы-ай!" әнінде Жаңаөзеннің де, Желтоқсанның да ащы үні бар

"Қаңтардың қара суығы-ай!" әнінде Жаңаөзеннің де, Желтоқсанның да ащы үні бар

Әбиірбек Тінәліні композитор, әнші, актер ретінде исі қазақтың бәрі біледі деп ойлаймын. Ол «Анамның тілі – аяулы үні» әнімен танылды. Тіліміздің әнұраны іспеттес бұл ән Кеңес империясы кезінде қараңғылықты серпіп шығып, халыққа тез тарап кетті. Одан кейінгі дүниесі тура Желтоқсан көтерілісінен кейін іле-шала шыққан «Желтоқсан желі» әні. «Қайрау» әні де осы әнді бейне толықтырып тұрғандай. Жақында Әбиірбектің тағы бір әні жарқ етіп шығып, ел назарын аударды. Ол «Қаңтардың қара суығыай!» деп аталады. Бүгінгі нөмірімізде әннің мәтінін жариялап отырмыз. Жалпы Әбекең Тараз қаласында тұрады. Жамбыл драма театрында жұмыс істейді. Қаңтар көтерілісінің қарсаңында Әбиірбек бауырымызды әңгімеге тарттық.

 

«Анамның тілі – аяулы үні» қалай дүниеге келді?

– Ән әлеміне қалай келдіңіз? Кімнен дарыды? Кім әсер етті?

– 1957 жылы 2 сәуірде дүние есігін ашыппын. Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылынанмын. Үйдің кенжесі болдым. Әкем Берен мені жанынан тастамайтын. Ол кісі көпшілік алдында ән салмаса да ыңылдаудың шебері еді. Ыңылы мұңды еді. Сөйтсем, ол әндер Кенен атамдікі екен. Қалимал анашым эпостардың денін жатқа білетін. Қобыланды, Ер Тарғын... Ол кісінің өнерін көрші-қолаң болып кешқұрым жиналып тыңдайтынбыз. Сериал сияқты күнді күнге ұрып тұрып, рахаттана тыңдайтын едік. Менен үлкен үш бауырым Өмірзақ, Қараш, Тәңірбергендер ерте кетті. Маған жүктелген борыш ауыр да салмақты еді. Өмірді жалғастыру оларды еске алу құран бағыштау. Тәубе! Шүкіршілік етемін. Әке-шешем осындай болғанда мен қалай ғана әнші болмаймын. 1975 жылы Мәдени ағарту училищесіне оқуға түстім. Домбыра бөліміне. Бірде қолыма Шона Смаханұлының кітабы түсті. Әп дегенде «Қоңыраулы шеңгел» өлеңі ерекше ұнады. Кітапта сатира юмордан басқа лирикалық жырлар да бар. Біз қала өміріне әзер үйрендік. Орысша білмейміз. Орысты көрсек үрейленеміз. Орыстар да бізді көрсе тыжырына қарайды. Кейде бізді қаралай айқайлап, айтпағанды айтады. Әсіресе тілдің зары өтті. Шона ағамның «Анамның тілі – аяулы үні» өлеңін оқыған соң бір әннің ырғағы жанымды көп әлдиледі. Ақыры ол ән болып жарыққа шықты. Алдымен гитарамен курстастарымның алдында шырқадым. Ән ел арасына тез таралып кетті. Тіптен республикаға десем, артық айтқандық болмас. Бірақ кейін естуімше, ол менің әнім емес, Шәмші, Әсеттің әлде басқаның атында ма, солай таралып кете берген ғой.

– Ал «Желтоқсан желі» әні дүниеге қалай келді?

– Жамбыл драма театрында жұмыс істеп жүрдім. 1986 жылы келді. Газет бетінен Қонаевтың орнынан кеткенін, жастардың алаңға шыққанын естідім. Ол хабардағы алаңға шыққандарды бұзақылар, ішіп алғандар, тонаушылар дегені маған ұнаған жоқ. Ішкі жан дүнием алай-дүлей. Елдегі әділетсіздікті көріп жүрміз ғой. Тағы да ән ырғағы. Бір ән сыртқа шыққысы келетіндей.  

Үнемі сол ырғақтарды ыңылдап жүремін. Сол кездері атақты ақын Әбдірахман Асылбек ағамның біздің қаламызға келгенін естіп қалдым. Дереу іздеп таптым. Ақкөңіл кісі екен. Емен-жарқын қарсы алды. Ішкі сезімімді жеткіздім. Ағам бірден түсініп, мені мазалаған ән ырғағын тыңдады. 1969 жылғы жұтта қырылған малды, ел қасіретін айттым. «Желтоқсан көтерілісін айтпай-ақ қояйық» дедім. Қысқасы, ән де, сөз де шықты.

Драма театрында Жүніс Әлімбек деген досым бар еді. Сол екеуміз домбырамен, қос дауыспен айтып шықтық. «Желтоқсан желі» осылай дүниеге келді. Екеуміз қайта-қайта айтамыз. Бейне аспанда ұшып жүргендейміз. Бір ғажайып дүние!

 

«Желтоқсан желінің» тұсауын «Азаттық» радиосы кесті

Ендігі ойымыз осы әнді Алматыға барып Қазақ радиосы арқылы елге тарату. Қапаста жатқан, үрейленген жастарымызға, аңырап қалған ата-аналарға осы ән арқылы дем, рух беру. Бірақ астана жаққа қыбырлаған көлік жоқ. Бәрі жабық. Ақыры 20 желтоқсанда жол ашылды-ау. Ұшақпен жетіп барып, Қазақ радиосына жеттік. Онда Степан деген ағамыз бар. Сол ән жазудың шебері. Степан ағамыз тез-ақ жазып берді де, бізді мақтады. Әннің жазылуы өзімізге де ұнады. Мәзбіз. Степан ағамыз баспасын қолымызға ұстатты. Екінші қабатқа ұмтылдық. Танысымыз жоқ. Бір есікке кіріп едік, толық денелі келіншек қарсы алды. Әннің атын айтқаннан азарда-безер болды. «Бұл жер менің бала-шағамды бағып, тамақ тауып отырған орным. Мені қамап тастайды». Қысқасы сүмірейіп сыртқа шықтық. Оның әрбір сөзі жүрегімізге инедей қадалды. Ұнжырғамыз түсіп кетті. Тасыған көңіл сап басылды. Кенет мекемеден ілби басып он шақты қадам аттай бергенде бір әдемі, денесі тіп-тік кісі кездесті. Өтіп барып ол тоқтап бізге сәлемдесті. Әнші екенімізді естіді. Жағдайымыздан хабардар болды. «Апырай-ә, ол қандай ән екен? Жүріңіздер, мен де тыңдап көрейінші», – деді. Бөлмесі бағанағы толық келіншектегідей. Магнитофон, бәрі бар. Ал кеп сайрадық. Барлығын жайып салдық. Әлгі келіншектің айтқанын да жеткіздік.

 Айтпақшы, ол жігіттің аты Қиял Сабдалин екен. Істейтін жері – «Азаттық радиосы». Кеңсесі Германияда. Радио иесі – Америка. «Кешкі жеті он бесте радионы ашыңдар. Сол жерден әндеріңді тыңдайсыңдар», – деп ол бізді шығарып салды. Біз сенбедік. Қонақ үйге келдік. Бірақ бағанағыдай емес. Көңілде үміт, сенім, күдік бар. Тура айтқан уақытта радионы тағатсыздана тыңдай бастадық. Біраздан соң «Сарыарқа» күйі ойнады. Содан біздің әңгімеміз кетті. Бағана жарыса айтылған әңгіме. Бәрін жазып алыпты. Көзіміз атыздай болды. Содан-соң бізді таныстырды. «Желтоқсан желі» азынады. Екінші шумағында көзімнің жасқа толғанын байқадым.

 Өксіп жыладым. Жүніске қарасам, ол да! Құшақтасып жыладық! Сірә қамаудағы намыс, рух жарып шықты-ау! Шіркін, бұдан өткен қуаныш, жұбаныш бар ма екен?! Халқымыздың мұңын жеткізіп, жастардың жаралы жүректеріне әніміз жамау бола алса, одан артық бақыт бар ма екен?! Айналайын, Қиял ағам-ай! Рахме-ет! Иә, осылай «Желтоқсан желінің» тұсауын «Азаттық» радиосы кесті. «Азаттықта» бес жыл қатарынан менің әнімді үзбестен берді.

Мені үлкен сахналарға неге шақырмай қойды?

– Бір әңгімеңізде «Үлкен сахналарға, жиындарға шақырмайды» депсіз. Неге олай айттыңыз?

– Ән қанатын кеңге жайып, ел аралап кетті. Бірақ содан соң, неге екені белгісіз, менің жолым кесілді. Үлкен сахналарға, жиындарға мені шақырмайтын болды. Колбин кеткен соң ғана «Желтоқсан желін» бере бастады. Менің өмірдегі ұстанымым біреу: сен мейлі мың бес жүз ән шығар, бірақ халқыңның мұңын жаз! Бір ғана Махаббат тақырыбымен ел сенімінен, үдесінен шыға алмайсың, бауырларым. Шақырмасаңдар, шақырмай-ақ қойыңдар. Әндерім халқымның рухын көтеріп, намысын жанып, ұлтымның кәдесіне жараса болды. Менің білетінім: ұлтсыз сен ешкім емессің. Сен кім бол мейлі, халқымның арқасында ғана мерейің тасып, даңққа бөленіп жүрсің. Осыны ұмытпа! 

 

Шона ағаның ескертпесі

– Шона ағамен қалай таныстыңыз?

– Дүниедегі ең үлкен қорлық өз әніңнің иесі екеніңді дәлелдей алмау екен. «Анамның тілі – аяулы үні» деген әнімнің өзімдікі екенін дәлелдей алмай жүрген бір күндері Шона ағама сәлем беріп бардым. «Қайдан жүрген баласыңдар?» деп ол кісі бізді сауалмен қарсы алды. Біз жөнімізді айттық. Ол кісі өзінен-өзі ашуланды. «Сендер композиторлар, ән мәтінін неге бұрмалайсыңдар?» деп айтты да, өлеңнің өзгерген екі жолын айтты. Мен ол жолдарды басқалар қосқанын дәлелдеп шықтым. Мінезді ақын сәл кейінірек жұмсарды. «Қазақстан пионері» газетінің әннің авторын сұрап жатқанын айтты. «Сені іздестіріп едім, өзің келдің. Олар әнді жарияламақшы екен. Сонымен «ер шекіспей бекіспейді» дегендей, кетерімізде құшақтасып қимай қоштастық. Авторлар құқығын қорғайтын мекемеге барып, өзімнің ән иесі екенімді бекітіп, мөрді бастырттым. Айтпақшы, Шона ағамыз менің фамилияма «ев» қосылғанын естіп, ренішін білдірді. Ұялдым. 1996 жылы ағаның ескертпесін ескеріп, аты-жөнімді Әбиірбек Тінәлі Берденұлы деп өзгерттім. Ал қаншама қазақ осы біздің ұлтымызға жат «ев пен овтан» құтыла алмай жүр. Немесе оны ескермейді. Бірақ қалайда осыны жөндеу керек. Әрбір қазақ осылай еткенде ғана барып нағыз қазақ болады деп ойлаймын.

 

12 жыл тартпада жатқан әннің тағдыры

– «Қаңтардың қара суығы-ай!» әнін қанша уақыт «толғаттыңыз»?

– 2011 жылғы Тәуелсіздік күні болған Қанды Жаңаөзен көтерілісі есіме түскен сайын жүрегім қатты ауырып кетеді. Жаңаөзенде нағыз батыр ел тұрады. Сол қайсар халықты автоматпен киік аулағандай қырды. Тағы да қаны төгілген қазақ. Қорлық көрген тағы да менің қазағым! Аяқтан, бастан ату не деген сұмдық?! 86-да Желтоқсан қырғыны. Енді Жаңаөзен. Неге бұлай болды? Олардың не жазығы бар? Ол қазақтың сұрауы жоқ па? Денеміз біреу. Ол денеге жарақат түссе, барлық жерің сыздайды. Жаңаөзеннің жарасы әлі жазылған жоқ. Қарныңыздың тойғанына, 5-6 машиналы болғаныңа, түбі жоқ ұрлықы қазына иеленгеніңе мәз болма, қазағым! Бұл қанды оқиғалар бәрімізді де толғандыруы тиіс. Екі дүниенің де сұрауы бар. Бұл дүние болмаса ана дүниеде қайткенде де сұраласың. Мен 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына ән шығардым. Сол ән тартпамда 12 жыл жатты. Біраз жерге апардым. Бәрі қорқады. Жаңаөзен деген атынан үрейленеді. 2022 жылғы 2 қаңтар оқиғасы. Бәрі тағы да Жаңаөзеннен басталды. Бүкіл ел көтерілді. 238 қазақ өлді! Қаншама ата-аналар аңырап қалды. Азапталғандар қаншама? Бұған кім рұқсат берді? Олар ондай құқықты кімнен алды? Тағы да адам аулау, ату, жасына қарамай түрмеге тоғыта беру... Жаңаөзен туралы әнді тартпадан шығардым. 12 жыл мен босқа жүрмедім ғой. Осы әнді қайта-қайта қарап ұштадым. Сол әнді Қаңтар көтерілісінен кейін атын өзгерттім. 4 қайырмасын жаздым, жаңарттым. Сөйтіп Жаңаөзен әні «Қаңтардың қара суығы-ай!» болып қайта түледі. Аузыңнан шыққан соң ән, күй, опера болсын, ол халықтікі. Халқыңды қорғап қиын сәтте үн қатпасаң, ол қылмыс. Дүниеде ар сотының әділдігіне ештеңе жетпейді. Ұлтымыздың болашағына бәріміз жауаптымыз. Мен де, сіз де, Ереке, жауаптысыз. Шындықты майдан қыл суырғандай жазу керек. Шындықтан қымбат нәрсе жоқ. Иә, бұл әнді 12 жыл толғаттым. Тым ұзақ. Ақыры мінекей қолымнан келгенше орындап, халқыма ұсынып отырмын. Енді қос дауыспен орындасақ деген ой бар. Әйтеуір бұл дүниеде халқымның көңілінен шығып жатса, бір үлкен парызымды өтегенім деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан – Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
12.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 18
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 27
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 36

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1008
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7056
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10902
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7125
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7267