Қарағанды облысының республикалық бюджет алдындағы қарызы 111 миллиард теңгеден асты. 30 мың тұрғыны жұмыссыз жүр. Облысты басқару сапасының соңғы 2 жылда тым нашарлап кеткені байқалады. Бюджеттің орындалуын саралаған тексеру комиссиясының аудиторлары: «Себебі мекемелер арасында өзара түсіністік жоқ. Қажетті басқармаларда кадрлардың тұрақтамауы, ортақ мақсат пен міндеттің жоқтығы потенциалы зор өңірді құлдыратып отыр. Бұл ретте өндірістік әлеуеті зор, көмір, металл, басқа да пайдалы қазбаларға бай Қарағанды облысы әлі күнге дейін республикадан дотация алуын жалғастырып отырғанын ескеруіміз керек. Донор болмаса да, өзін-өзі ақтай алатын мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады. Былтыр пандемия қырсығынан көмір, марганец кенін өндіру көлемі төмендеді. Басқа да салалары тығырыққа ұшырады. Десек те облыстық бюджет түсімдерінің көлемі 418,3 миллиард теңге болған. Бірақ облыс оның тек 82,2 миллиард теңгесін ғана өз күшімен тапты. Қалған 263 миллиард теңгені трансферт ретінде республикалық бюджеттен алды. Сонымен бірге 68,3 миллиард теңгеге қарызға кірді. Қарағанды облысының 2020 жылғы бюджеттік дефициті 66,6 миллиард теңге болып отыр. Дефицит 2019 жылмен салыстырғанда 13 есе өсіп кеткен және облыстық бюджет қаражатын пайдалану кезінде 47 нысанның 22-сінде заң бұзушылықтар анықталған. Тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар – облыс экономикасын әртараптандырып, жекеменшік инвестиция тарту қажет. Бұл жағынан алғанда Қарағанды облысы көзге түсе алмай келеді. Облыс әкімдігінің күші әзірге тек бюджет қаражатын тартуға ғана жетіп отыр», – деп жазды.