«Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі»

«Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі»

Қазақ баспасөзінің бүгінгі хал-ахуалы қандай? Қағаз басылымдарға деген оқырманның қызығушылығы кеміген заманда баспа БАҚ-тар жылдам ақпарат тарататын интернетпен, әлеуметтік желілермен бәсекеге төтеп бере ала ма? Нарық заманында қазақтілді баспасөз қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келіп отыр және түйткілді мәселелерді шешудің қандай жолдары бар?

Алматыдағы «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің 30 жылдығына және «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының 20 жылдығына арналған «Қазақ баспасөзі: бүгіні және ертеңі» атты конференцияда бас қосқан медиа сарапшылар жоғарыдағы сауалдарға жауап іздеп, тұшымды ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиынға қатысқан еліміздегі БАҚ басшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің жолдарын ұсынды.

Мерейтойлық басқосуда «Qazaqstan dauiri» газетінің кітапханасы сериясымен алғаш рет шыққан «Ұлт шырағы» жинағы мен белгілі медиаменеджер, қоғам қайраткері, еланасы Сәуле Мешітбайқызының публицистикалық мақалаларынан құралған «Намыс қайрағы» атты кітаптардың тұсауы кесілді. «Газетіміздің 30 жылдық тарихын тасқа басып, «Ұлт шырағы» атты кітабымызды шығардық. Ал екінші кітабымыз – 63 жасында журналистикаға келген Сәуле Мешітбайқызының «Намыс қайрағы» атты публицистикалық мақалаларының жинағы. Ұлт мәсәлесін індете жазып, билікке жеткізген туындыларын жинақтадық. Әлі де бір кітапқа жүк боларлықтай дүниелеріміз бар» деді таныстыру рәсімінде сөз сөйлеген белгілі қаламгер, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы.

Қазақ баспасөзінің хәлі мәз емес...

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,  Qazaqstan dauiri» ЖШС-нің бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 

- Қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деп дабыл қағып, еліміздегі қазақтілді мерзімді басылымдардың басшылары бірнеше рет дөңгелек үстел өткізіп, ел басшысының атына ашық хат жолдадық. Әзірге одан аса нәтиже болмай тұр. Әлемді індет жайлағанда газеттер мен журналдардың таралымы азайып, жағдайымыз одан әрі нашарлай түсті. Президентке жазған ашық хатымыздағы 8 мәселе әлі шешілген жоқ. Егер осылай кете берсе, қазақ баспасөзінің халықпен байланысы нашарлап, өзі де қатары селдіреп қалған басылымдар жаппай жабылуы мүмкін. Соңғы кездері әкімқаралар мен мектеп директорларының «Біз ешкімді күштеп жаздыра алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарасы қалыптасты. Газетті жаздыруға мәжбүрлемеңдер деген сөз – газетті оқымаңдар деген сөз. Біз бүгін газетті жаздыру үшін көптеген мекемелерге, әсіресе мектептерге кіре алмаймыз. Ал баспасөзді оқымау – ол надандыққа, сауатсыздыққа, бейжайлыққа тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті елдерде мұндай теріс көзқарас жоқ. Оларда газет-журнал, кітап оқу мәдениеті әрқашан жоғары тұрады. Біздің де жүретін жолымыз – осы. Кітап оқу, жалпы оқу мәдениетін баспасөз қалыптастырады. Яғни, баспасөзге жазылуға мәжбүрлемеңдер деген сөз жазылымға үлкен кедергі келтіруде. Осы орайда ортақ тілегімізді, ойымызды тиісті жерлерге жеткізсек деген мұратымыз бар.

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, профессор:

- Қазақстандағы БАҚ негізінен орыстілді және қазақтілді БАҚ болып бөлінеді. Соның ішінде орыстілді басылымдар азаматтық қоғам – мемлекет, ал қазақтілді басылымдар азаматтық қоғам – ұлттық мемлекет формуласымен жұмыс істейді. Қазақ баспасөзі түгелдей ұлттық мемлекет құруға тырасамыз. Осы бағыттағы күрес, тартыс қазір қатты жүріп жатыр. Алайда біз ақ-қарасын ажырататын нәрселер бар. Біздің қоғамда ел, халық үшін жұмыс істйетін нағыз патриоттар бар, сол сияқты күні үшін жүргендер де бар. Олардың атауын қысқартып қазақша «КҮЖ» деймін. Сол КҮЖ-дер мемлекетті кез келген уақытта сатып кетеді. Сондықтан әрбір әкім, шенеунік, депутатқа қатысты көзқарасымызды осы тұрғыдан қалыптастырайық. Өкінішке орай, бір кездері Ақмоланың атауын Астана деп, Астананы Нұр-Сұлтан деп өзгертуді жақтаған депутаттар жалт беріп, Астана атауын қалпына келтірді. Бұл – ұлты үшін қызмет ететін адамдардың ісі емес, бұл күні үшін жүрген жағымпаздардың әрекеті. Енді қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңіне қатысты өз ойыммен бөлісейін. Күллі дүние жүзінде қағаз басылымдардың бәрі құрыды, жойылды деуге болмайды. Мысалы, Жапонияның «Асахи» газеті 11 млн. данамен басылып шығады. АҚШ-тың «Вашигтон пост», «Нью-Иорк таймс» газеттері 6-7 млн. данамен таралады. Демек, басылымдардың қағаз нұсқасы мүлдем жойылады деген ұғым болмауы тиіс. Екі нұсқасының (қағаз және электронды) да қатар өмір сүруге құқы бар. Заман өзгеріп, жұрттың дені жаңалықтарды ұялы телефоннан, айфоннан оқып жатады. Бұл орайда «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының электрондық нұсқасын дамытуға күш салып жатқаны қуантады. Меніңше, жаңалықтарды газет пен журналдың электрондық нұсқалары арқылы бүгінгі күннің гаджеттеріне лайықтап жасау керек.

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері: «Қазақстан халқына» қорынан ақша бөлінсін! 

- Баспасөздің бүгіні – қиын, ертеңі – күңгірт. Өз басым газеттің редакторларының әкімдерге кіріп ақша сұрап жүргенін көремін деп еш уақытта ойламаппын. Оралхан Бөкей, Сейдахмет Бердіқұлов ағаларымыздың көзі тірі болса мұндайға ешқашан сенбей, бұл өтірік дер еді. Десек те, осындай жағдайға жеттік. Бұған әлеуметтік желінің әсері бар дейді жұрт. Әлеуметтік желі мен газеттің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Әлеуметтік желі желдің сарыны сияқты, бүгін бар хабар ертең жоқ, ұмытылады. Газетте жазылған сараптама мақала қалады. Ол халықтың көзін ашатын, әр адамды келесі бір деңгейге көтеретін оқығандықтың, зиялылықтың белгісі. Егер біз содан айрылып қалсақ, онда халықтың ертеңі күңгірт болады деген сөз. Қазір елімізде саусақпен санарлық қана қағаз форматында шығатын газеттер қалды. Олардың таралымы 10-15 мың дана көлемінде. Алдағы 5 жылда одан да төменге түсуі мүмкін. Осылайша, ГАЗЕТ деген ұрпағымызды, азаматтарымызды тәрбиелейтін ең негізгі құралдың бірінен айрылайын деп тұрмыз. Өз басым ұстаздардан кейін 2-ші орынға журналистерді, ақындарды, жазушыларды қоямын. Ұлттың рухани дүниесін жасап жүрген осылар қазір төменге түсті. «Қазақ баспасөзі осындай аянышты жағдайға жетті!» деп мемлекет дабыл қағатын уақыт келді. Мұндайда қазақ баспасөзінің тағдырына қатысты Парламенттің кезектен тыс отырысы өтуі керек! Менің ойымша, мемлекет алдағы 10 жылға қазақ баспасөзін аяғын тұрғызуға арналған бағдарлама жасап, іске асыру керек. Мынадай бір ұсынысым бар: «Қазақстан халқына» деген Қордан қағазбен шығатын 10 газетті қаржыландырса құба-құп болар еді. Қаржы бөлу бірінші орында тұратыны анық. Қаржы бөлініп, сапалы өнім шықса, халық газетке жазылады. Қазақ баспасөзіне дәл қазір мемлекеттің қолдауы ауадай қажет. Әйтпесе, біз ертең қазақтың рухынан да, басқасынан да айрылып, телефон шұқитын халық болып қаламыз.

Төлен ТІЛЕУБАЙ, «Astana aqshamy» газетінің шеф-редакторы:

- Шынымен, қазір қазақ баспасөзінің жағдайы алаңдатарлық күйде. Қазақтілді басылымдардың түйткілді мәселелерін зерттеп, ғылыми еңбегімді биыл кітап етіп шығардым. Мысалы, елімізде 1859 газет, 1105 журнал тіркелген, күн сайын оларды қазақстандықтардың 13 пайызы ғана оқиды, 43 пайызы сирек оқиды, 23 пайызы мүлде оқымайды. Интернет, әлеуметтік желілердің пайда болуынан баспа басылымдарға деген сұраныстың күрт төмендегені рас. Полиграфиялық және пошталық қызмет түрлерінің қымбаттауы да баспасөзді тығырыққа тіреді. Қазақ баспасөзі үлкен жолайрықта тұр. Мемлекет отандық басылымдарды қолдау тәсілдерін қайта қарап, қалыптасқан ахуалды өзгертуге күш салғаны жөн. Мәселен, Еуропа елдеріндегідей тікелей және жанама жәрдемақша бөлуге болады. Саны саусақпен санарлық қазақ газеттері өз аудиториясын сақтап қалуы үшін жаңалық таратуды интернетке, әлеуметтік желілерге беріп, талдамалы контентке (сараптамалық мақала, журналистік зерттеу) көшуі керек. Тағы бір тәсіл – баспа БАҚ пен цифрлық газеттің интеграциясы дамыту. Қазақ газеттері цифрлық форматтың барлық мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмай отыр. Баспа басылымдар өзінің форматын, мазмұнын, сапасын өзгерткенде ғана оқырман қажеттіліктерін қанағаттандырып, ақпараттық бәсекеге төтеп береді. Қағаз газет-журналдар жойылмауы үшін әр қазақ өз ұлтының рухани құндылығы үшін күресуі керек.

            Баспасөзді қолдаудың үш тетігін таптық

Қанат ЫСҚАҚОВ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы:

  • Онсыз да жойылатын қағаз газеттерге мемлекеттен ақша бөлудің керегі не?» деген сөздер де айтылып жатады. Егер біз газет, кітап оқымасақ, саналы ұрпақ өсіріп, сапалы қоғам құра алмаймыз. Қазақ баспасөзінің болашағы бар. Бұған бір ғана мысал келтірейін. Жаңа министр қызметіне кіріскен күннің ертеңіне Алматыға келіп, қазақтілді баспа басылымдардың басшыларымен кездесіп, баспасөздің мәселелерін талқылады. Демек осы бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынады деген сөз. Қазақ баспасөзін қолдаудың үш түрлі тетігін қарастырып жатырмыз. Біріншісі – баспасөзге субсидия (жәрдемақша) беру және салықтардан босату. Бұл мемлекет үшін көп қаржы да емес. Екіншісі – баспасөздің таралымын көбейту. Дистрибуция болмаса, ешқандай жұмыс алға баспайды. Бұған қатысты нақты ұсыныстар бар. Әрбір өңірде дүңгіршектер ашу, орынжайлар беру мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл жерде таратуға қатысты «Қазпоштаның» жұмысын да қайта қарау керек. Үшінші тетік – мемлекеттен қаражат бөлу. Салыстырып қарайтын болсақ, бізде бұрын орыстілді аудитория көп еді, қазір қазақтілді аудитория өсті. Ахуал өзгеріп, қазақша мазмұн – 70 пайызды, ал орысша мазмұн – 30 пайызды құрады. Мемлекет үшін мемлекеттік тапсырыс дегеніміз – баспасөзді дамытуға ынталандыру. Алайда мемлекет қолдауы үшін газеттерде сапалы мазмұн болуы тиіс. Өйткені, 2023 жылға мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаражаттың көлемі 15 пайызға өсті».

 

 

 

10 «Егемен Қазақстан» жасағаннан түк пайда жоқ!

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:

     Әділетті Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Әділеттіліктің басты формуласы – теңдікте. Егер «Егемен Қазақстан» газетіне 1 млрд. теңге бөліп, басқа газеттерге ақша бермесек, теңдік болмайды. Сол 1 млрд. теңгені қағаз нұсқасында шығатын әр газетке бөлсе, әрқайсына 100 млн. теңгеден келеді. Теңдей бөлу арқылы әділеттілік болар еді. Бұған не дейсіздер?».

 

 

Шамшиддин Паттеев, «Қазақ газеттері» АҚ президенті:

- «Егемен Қазақстанға» бөлінген 1 млрд. теңгені 10 газетке бөліп, одан тағы 10 «Егемен Қазақстан» жасағаннан түк те пайда жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен тек «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правдаға» ғана ақша беру керек. Дос мырза, «Мемлекет «Қазақстан халқына» деген қордан 20 газетке ақша бөлсін!» деген алғашқы ойыңыз өте дұрыс. Қордағы ақша қазақтікі, ешкімнің әкесінің қалтасындағы ақшасы емес! Кәдімгідей үлкен қоғамдық ұйым құрып, оның төрағасы етіп Дос Көшімді, я болмаса, Марат Тоқашбаев сияқты халықшыл бір азаматты тағайындауға неге болмасқа?!. Енді неге қордан ақша бөлу керектігін айтайын. Мемлекеттік тапсырыстың әрбір сөзін тексереді. Өкімет не айтады, соны жазасың. Ал қордан бөлінген ақшаға шығатын газеттерде Қазақстан қоғамындағы барлық еркін ой-пікірлер көрініс табуы қажет. Мемлекеттен «жем жеген» басылымдар көбейсе, шындықты кім айтады? Қордың ақшасын алған басылымдар қоғамдық ойды дамытуға ықпал етуге күш салғаны жөн. Соңғы 15 жылда біздің баспасөздің ахуалы өзгерді. Бұрын халық ақпаратты тек дәстүрлі БАҚ-тан алып келсе, қазір ақпарат алатын алаңдар өте көп. Қазақша оқы деп ақыл айтып, өз балаларын орысша оқытып, билікке барып жатқандарға ұлт, қазақ я болмаса патриоттық туралы әңгімеңнің керегі жоқ. Қазір газеттерге сенім жоғалды. Содан шығар, бюджеттен баспасөзге бөлініп жатқан ақшаның да нәтижесі жоқ. Біздегі ең үлкен саяси қателік – жоғарыда жазылған хатпен қоғамдағы журналистиканы құртамыз. Оның орнына 15 мың әлеуметтік желі пайда болады. Оған ешқашан ие бола алмайсың. Қазір әлеуметтік желі алға шықты дейміз. Ол – ақпарат алудың көзі. Шындығында біз ақпараттық кеңістікте тек өрт сөндірумен айналысамыз. Ақпараттық кеңістікке мемлекеттік көзқарас қажет! Салыстырып көрейік, мысалы француздар 40 газетке 1 млрд. еуро қаржы бөледі. Барлығы – жекеменшік газеттер. Ол ақша «сен мынаны жаз немесе жазба» деп емес, тек қоғамды қалыптастыру үшін беріледі. Францияда әрбір 17 жастағы балаға мемлекет баспасөздің қалағанын жаздырып береді. Қағаз газеттер құриды дейді. Анау ешбір ағашы, орманы жоқ жапондар газетті таңертең және кешке шығарады. Біз бүгін бір қадам жасайық, тағы біреу 2-ші қадам жасайды. Сөйтіп, іс алға басады. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы бәрімізге айдан анық. Ол қаржының, теңгенің, нарықтың, техниканың тілі емес. Сол себептен ең алдымен қазақша оқу мәдениетін қалыптастырсақ, халықтың саяси мәдениеті қалыптасады.

 

Қазақша мерзімді басылымдар басшыларының  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хаты:

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

«Қаңтар оқиғасы» елімізді дүр сілкіндірді. Оның зардаптарын жою оңай болмайтынын өзіңіз үнемі айтып жүрсіз. «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатыңызда қазақ баспасөзін оқитыныңызды және оның қоғамдағы рөлінің күшті әрі маңызды екенін атап өттіңіз. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналған қазақ баспасөзінің жағдайы қазір мәз емес. «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деп дабыл қағып, мерзімді басылымдар басшылары бірнеше рет дөңгелек үстел өткізіп, өзіңізге ашық жолдадық. Ол хатымызға жауап болған жоқ. Сол себептен, Сізге тағы да хат жолдап, баспасөзге жазылу науқаны алдында мерзімді басылымдардың шығарылым, таралым, қолдау мәселесіне қатысты ұсыныстарымызды жіберіп отырмыз. 

1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз.

2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылып, сол комиссия жекеменшік басылымдармен тікелей жұмыс істесе, құба-құп болар еді.

3. Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан әрқашан тыс қалады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет, журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Шынында да, мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдеткен жөн. Мәселен, мемлекеттік тапсырысты алу үшін таралым (газет) саны 10 мыңнан кем болмауы тиіс. Бұл санды 5 мыңға азайтса деген өтінішіміз бар. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, басылымдардың таралым саны күрт азайып кетті. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз. Биылғы жылғы жасалған мемлекеттік тапсырыстың жүйесі одан сайын жағдайымызды күрделендіріп жіберді.

4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдайтер қаржысымен салынған осы кешенді баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өздеріне қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйі Алматы қаласында бой көтерсе, құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз.

5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке қарай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Бұл газет-журналдың уақытында бармауы баспасөзге деген көзқарастың теріс болуына ықпал етуде. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын Кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.

6. Қағаз қымбаттады. Баспаханалар бағаны өсіріп отыр. Газет-журнал бағасы да осы жоғарыдағы және қымбатшылыққа байланысты өсіруге мәжбүрміз. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.

7. Қазір газет-журнал сататын дүңгіршектер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Астана қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.

8. Конференцияға қатысушылар баспасөзге мемлекеттік тапсырыс емес, «Қазақстан халқына» қорынан ақша бөлінсе осы әділетті әрі жемісті болатынын ұсыныс етіп енгізді. Осы мәселеге баса назар аударсаңыз, құба-құп болар еді.

9. Елімізде ресейлік БАҚ-тардың үлес салмағы басым. Тәуелсіз мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетіміздің ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіретіні сөзсіз. «Жаңа Қазақстан» жүйесін құрған кезде осы мәселені шешуіміз керек.

Сізге зор құрметпен:

Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы

Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор

Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы, Ұлт қайраткері

Шамшиддин Паттеев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры

Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы» ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»)

Төрехан Данияр, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Қазақ радиосының үздігі», Қазақстан жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының мүшесі,  «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалінің иегері

Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі

Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашқари атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері

Қазыбек Иса, «Қазақ үні» газетінің президенті, Мәжіліс депутаты,  ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, ақын

Срайыл Смайыл, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы, ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты

Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы

Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы

Шолпан Ұғыбайқызы, «Ақ босаға» газетінің құрылтайшысы, бас редактор, «ҚР Президенті жанындағы Отбасы және демографиялық саясат комиссиясы ұйғарған «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» басшысы, ҚР  Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, ҚР Журналистер Одағы Н.Құлжанова атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын, ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Түркі дүниесі ақындары» мүшайрасының жүлдегері,  Халықаралық «Илһам», «Молда Бағыш», «Юнус Эмре», «Поэтикалық тірек» сыйлықтарының лауреаты.

Қайрат Болатұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы.

Думан Бықай, «Қала мен дала» газетінің бас редакторы.

 Жасұлан Мәуленұлы, «QAZAQ» газетінің бас редакторы.

Төлен ТІЛЕУБАЙ
05.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 43
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 574
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 688
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 602
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 611

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8748
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8148
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11377
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9131
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10362