ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ яки ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ  яки  ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық Құрылтайда айтқан мына сөзі кім-кімге де ой салуы тиіс:

«Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал, олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді.

Сондай-ақ, жасалған реформалардан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік басқарушы, яғни Конституцияда көрсетілген 7 жылдық мерзімге халықпен өзара келісімшартқа отыратын менеджер ретінде қызмет етеді. Президент – әулие емес, халықтан биік тұлға емес».

Газетке жазылудың алты айлығы бітіп, алты айлығына жазылу науқаны басталды. Танауымыз делдиіп, аяқ-қолымыз ілмиіп, «бөрі арығын білдірмес» дегендей, жон арқамыз дүрдиіп,  бір әкімнің алдында еңсеміз түсіп, енді бірінің алдында кеудеміз көтеріліп шапқылап жүрміз. «Жүргенге жөргем ілігеді» – басты қағидат. «Жыламаған балаға емшек бермейтіні» тағы бар.

 Бір кезде аманатқа алған халықаралық, қоғамдық-саяси «Qazaqstan dauiri»  газетін ұжым болып алға тартып келеміз. Бұл менің ғана емес, ұжымымның еңбегі.  «Qazaqstan dauiri»  – тәуелсіздікпен түйдей құрдас басылым. Бір заманда «Қазақстан zamany» болды. Оқығанның көңілі толды. Сөйтіп, бізге тастап кетті ізгі жолды.

 

 ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ

 

Алғашқы редакторы белгілі тұлға Қалтай Мұхамеджанов болғаны көпке мәлім. Ол кісіден алды қаншама журналист тағылым мен тәлім. Сол газет елге ағартушылық жолымен сеуіп келеді нәрін. Бірақ оның не билік, не зиялы қауым білген емес халін. Бұқпантайлайтын түгі де жоқ, қазіргі қазақ газет-журналдарының тағдыры қыл үстінде тұр. Оның түрлі себеп-салдары бар.

(Мемлекет қолдауындағы басылымдар бұл топқа жатпайды. Өйткені олар ешкімнің қасы мен қабағын бақпайды. Сапарға шықпайды, шықса да бір ғана қоңыраумен шаруаларын нықтайды. Олар ешқашан тарықпайды, саспайды). 

Құдайшылығын айтайын, ауызды құр шөппен сүртпейін. Біздің газет те министрліктің тендерін алып келеді. Облыстардан да бұйырған несібеміз бар. Шүкір, тоба!

Соңғы жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінің ерекше қамқорлығын сезінеміз. Жылда мемлекеттік тапсырысқа ел қатарлы түсеміз. Газет пен журналға бұйырғанын алып отырамыз. «Елана» сайтына да беріп тұрады. Бұл жағынан алғысымыз шексіз.  Газетімізде арнайы ашылған  «Астана ажары» айдары бар. Бұл біздің Астана қаласымен тығыз байланысымыздың көрінісі деп түсінген абзал.

Тек біздің өзге басылымдардан артықшылығымыз, біз тынбай жүреміз. Жүрген соң барлығын көреміз. Көрген соң ащы сындарды  қамшыдай өреміз. Сөзімізден қорытынды шығарына билікке сенеміз.   Ел аралаймыз. Жылда экспедицияға шығамыз. Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «Ауыл аманаты – ел аманаты», «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясы  «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,  «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналдарымен бірлесіп жүргізіліп келе жатқалы он бес жылдан асты. Біз халықтың жанайқайына назар аударамыз.

 Көзі қарақты оқырман білетін болар, еліміздегі қазақ газеттерінің хал-ахуалы туралы мен аз қалам тартып жүрген жоқпын. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды»  демекші, қазақ газет-журналдарының таралымы мен қаралымы туралы айта-айта мен де қартайдым.

Газетімізде бәрін ашық жазамыз. Өз басым талай-талай сараптамалық мақалалар жаздым. Ащы да, тұщы да жаздым. Мақсатым – қаламға адал болу. Ел алдында жүзімнің жарқын болуы. Басқа менде ниет те, арман да жоқ. Әріптестерім де «Тура биде туған жоқ» принципін ұстанып келеді.

Билік тарапынан «неге бізді сынайсыңдар?»  деген әңгіме болған емес. Емеурін де сезген жоқпыз. Ойымызды еркін айтып, еркін көсіліп жазып келеміз. Шындығы осы! Біреулер аттандап, «Бізге билік сөйтіп жатыр, бүйтіп жатыр» деуден аулақпыз. Төбемізде Алла тұр.

«Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, ал бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» депті Саққұлақ би. Қалай дөп айтқан жарықтық.

Соңғы уақытта байқағаным, тендер мәселесінде алалау жүріп жатқандай көрінеді. Бұрын ондай жоқ еді. Қазақ газет-журналдарын ешкім алаламайтын. Сараламайтын. Дараламайтын. Үніміз де ортақ болатын. Бірігіп Үкіметке «дат» та жазғанбыз. Қазақ баспасөзінің мұңын айтып ынтымақтастық танытатынбыз.

Облыстардан тендер ғана емес, газетімізге, балалар журналы «Мөлдір бұлағымызға» оқырман да іздейміз. Сол үшін ел аралаймыз. Сонда байқағанымыз, тендер мәселесі қиындай бастады. Әсіресе соңғы төрт жылда мемлекеттік тапсырыста әділетсіздікке тап болудамыз. Балл қояды. Оған келісеміз. Күннен-күнге заманауи талап күшеюде. Фейсбук, инстаграм әлеуметтік желісіне де қарайтын болды. Оған да дауымыз жоқ. Заман сұранысы. Уақыт талабы. Бірақ, не жасыратыны бар, адам жүрген жерде былық жүреді. Немқұрайлылық бой көрсетеді. Бұра тарту белең алады. Сондай келеңсіздіктерді үнемі байқаймыз. Басымызды шайқаймыз. Сосын осы сөздерді жазып отырмыз, жоғарыға жетсе екен деп айқайлаймыз!

Мысалы Павлодар облысын алайық. Соңғы төрт жылдай уақыт болды, Мемлекеттік тапсырысты екі тілде шығатын газеттерге алуға мүмкіндік жасалған. Ал тек қазақ тілінде шығатын біздің газеттерге есік жабылды. Басшыларына айтып дәлелдей алмадық. Біз Павлодар облысынан бірнеше жыл бойы тендер алып тұратынбыз. Байланысымыз күшті еді. Тілшіміз де болатын. Байланыс үзілді. Оның көп себебінің бірі жоғарыдағы айтқан дүние.

 Ол аз десеңіз, тендерге таралым саны он мың болмаса он бес мың көрсетілсін деген талап бар.  Бұл бүгінгі дәуірде мүмкін емес екені анық. Себебі жағаласып әлеуметтік желі тұр. Оған кей шенеуніктердің ұстаздарды «мәжбүрлемеңіздер» деген бұйрығын қосыңыз!

Мен бұл жайлы министрлік өкілдеріне де айттым жолыққанда. Газетке де «дат» қылып жаздық. Өкінішке орай, бұны түзету министрліктің құзырында емес екенін аңғардық, сөйтіп таңғалдық. Демек, мұны жолға қою, әділетсіздікті жою Үкіметтің қолында деп ойлаймыз. Ал ол жаққа кіру қияметтің қияметі... Қазақ баспасөзінің халі нешік, қайтіп күн көріп жатыр деген бір шенеунік көрсем, көзім шықсын!

Қазір барлық облыста тілшілеріміз бар. Cөйте тұра, тағы айтамын, соңғы жылдары жағдай қиындап барады. Тендер алу бір мұң болса, газетке жазылуға шақыру бір «мінге» айналды.

 «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» демекші, қайда барсақ та алдымыздан қазақ баспасөзіне деген салқындық сезіледі. Бей-жай шенеунік, басылымды жолатқысы келмейтін немқұрайлы мектеп, енжар әкім-қара көбейген заманға тап болдық.  Мектептерде «ұстаздарды газет пен журналға мәжбүрлеп жаздырмаңыздар» деген сөз алдымыздан шыға береді. Айналайындар-ау, мұғалім оқымаған газет пен журналдың қадірі не болмақ?

 

БАҚ-қа  ЖАҚЫН ӘКІМ НАҒЫЗ ӘКІМ

 Жаңа технологиялардың басында тұрған Жапония мен Америкада әлі күнге газет пен журналға, кітапқа басымдық беріледі. Ұялы телефонның отаны Жапонияда мектеп оқушыларына сабақ уақытында телефон ұстауға тыйым салынған. Тіпті бос уақытының өзінде тесіле қарауға, қасына алып жатып ұйықтауға болмайды. Дамыған елдерде балаларды ойлау қабілеттеріне  шақ келетін ертегілерді оқытуға,  газет-журналдарды парақтауға үйретеді.  Соған дағдыландырады. Ой-өрісінің биіктеуіне күш салады. Балабақшадан бала тәрбиесіне үлкен мән береді. Қолға ұстап оқыған кітап сөзінің бала санасына үлкен әсер ететінін жақсы біледі. Айға қонып, роботты шаруаға жегіп жатса да, ұялы телефонда бар мәлімет тұрса да, мектептерінде ұлттық құндылық бірінші орында. Балаларға арналған шығармалар, оқулықтар әлі күнге құнын жойған жоқ.

 Осыдан қазақ халқы сабақ алса игі. Біздің министрлер мен мектеп директорлары «Ұстаздарды мәжбүрлемеңіздер» деуден танбай келеді. Оу, айналайындар-ау, мектеп мұғалімі газет-журнал оқымаса,  оқушыдан не күтуге болады? Барлық өңірлерді аралап жүріп, мектептерді шарлап жүріп бұған біздің көзіміз талай рет жетті. Бізде біртүрлі салғырттық бар. Ұрпақтың келешегіне жаны ашымастық бар.

Бізде жүйенің жоқтығына бір дәлел, тәуелсіздік алған отыз төрт жылда білім саласын кім басқармады? Отыз төрт жылда жиырмаға жуық министр ауысқан ел болса көрсетіңіздер! Масқара ғой! Мұның бәрі білім саласына орасан зардабын тигізді.

Сондықтан айтарым, мұғалімдер қауымы мен оқушыларды «мәжбүрлеуге» тиіспіз. «Мәжбүрлеу» бұл қорлау емес, керісінше қолдау. Мысалы баланы еркіне жіберсең оқуды емес, ойнауды қалап тұрады. Бұзақыны еркіне жіберсең, дүниені бүлдіреді. Сондықтан оларды мәжбүрлеуге тырысасың. Мәжбүрлемесек, киім киіп, ас ішкен болар ма едік?..

Иә, соңғы уақыттары әкімдер жасарып жатыр. Өмір талабы. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» деген осы! Алайда кей жас әкімдердің сөз саптасынан бұрынғы әкімдер ештеңе істеген жоқ, біз істеп жатырмыз дегендей ой аңғарылады. Кейбірінің ардың-дұрдың жүрісі анау. Кей әкімдерге кіргенде «газетті қызықты етіп, халыққа тартымды етіп шығару керек» дейді. Келісемін, бірақ сол әкім газетті оқиды ма екен? Газет облысына бармаса, оқырмандар жазылмаса, арада қандай байланыс болады, айтыңдаршы, қарақтарым!

 «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп жатамыз. Алайда кейінгі үш-төрт жылдан бері облыс әкімдеріне кіре алмай пұшайман болып жүрміз. Әупіріммен қабылдауына кірген әкімдердің өзі сағатына қарағыштап, тез кетуімізді қалап тықыршып тұрады. Жастар билікке келгенде қуанған едік. Олардың үлкенге деген құрметін көріп, кейде түңіліп кетеміз. Қолында БАҚ деген куәлігі бар, біз кіруге зар болып жүрген әкім-қараға қарапайым халықтың қолы қайтіп жетпек? Елім, жұртым деген жақсы әкімдер де баршылық. Бірақ ондай әкімдер саусақпен санарлық.

Ұлытау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе әкімдерімен де тығыз байланыстамыз, облыстарының әкімдеріне еркін  кіріп, ой бөлісіп жүрмін.  Сөз қадірін білетін азаматтар көпшілігі. Ана құрметтейтін, ұлтқа болсын дейтін шенеуніктер. Соларды көріп, ішім жылиды. Солар ғой елдің келешегі деп тәубе етемін. Ал өзге облыстарға барғанда көңілің жабырқап қайтатыны рас. Өзім, өз елім деп барғанда өзекке тебетіндер де бар.  

Жақсы, елгезек, ұлт болашағына алаңдайтын, БАҚ-қа пейілі түзу әкімге кірсең шаруаң бітеді. Әкімге кіре алмасаң, бәрі бекер. Себебі әкімдер – елдің көрсеткіші! Біздің қоғам сондай – облыс әкімінің бұйрығынсыз тырп ете алмайды. Жоғарыға жаутаңдау, билікке телміру әлі жалғасын тауып келе жатқаны шындық! Бұдан қалай арыламыз? Кей әкімдер мен мектеп директорларының  сөз саптасынан, пиғылдарынан «газет пен журналдың ғұмыры бітті» деген емеурінді аңғарамыз. Ондайда оларға «Әлі күнге интернет жетпеген елді мекендерді не істейміз? Оларды оқу-тоқудан, елде болып жатқан жаңалықтардан, әлемде болып жатқан өзгерістерден тыйып тастайық па? Сондай-ақ, интернеттегі соны жаңалықтар, деректер күмәнға толы емес пе?» деп айтып саламыз. Мінекей, кейде осындай да жайттармен кездесеміз. Ел сенім артып отырған кей азаматтардың ой-өрісі осындай! Не деуге болады?

Өткенге топырақ шашу дұрыс емес.   Бұрынғы әкімдердің жүріп өткен жолдары сайрап жатыр. Тәжірибелері де ерен еді. БАҚ-қа деген ниеттері оң еді. Басыңды да, жасыңды да құрметтейтін. Қазақ баспасөзіне жандары ашитын. Оны бағаламау, ұмыту ұят нәрсе. Өзіңе дейінгіні жоққа шығару арқылы жетістікке жетемін деу әбестік. Ақылсыздық. Даңғойлық.

Мысалы Шығыста, Ақтөбеде, Жамбылда  Бердібек Сапарбаевтай  әкімнің қолтаңбасы қалған.  Оңтүстік өңірде Асқар Мырзахметовтей әкімнің ізі жатыр. Нұрлан Ноғаевтай әкімнің рухани тұлғасы қандай еді!  Айта берсем, жақсы әкімдер көп-тұғын.  Білгенге бұлар да  тарих. Аттары аталған әкімдердің мектебінен өткен әкімдер бар. Олар өздеріне дейінгі ізгі жолды жалғарына сенемін.

Бізде әкімдер мектебі қалыптаспағандай көрінеді. Мен анау Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов, Асқар Мырзахметов, Бақтықожа Ізмұханбетов, Серік Ахметов, Нұрлан Ноғаев секілді әкімдерді көрген анамын. Олардың парасат-пайымы қандай еді? Үлкенге құрметі, кішіге ізеті таудай еді. Уәдеге беріктіктері, қызметтеріне адалдықтары, салиқалы болмыстары тәнті ететін. Сұстары да бар еді. Елге деген құштарлықтары да күшті еді...

Бүгінгі әкімдер солардан үлгі алса деймін. Олардың жақсылықтарын бойларына сіңіріп, кейбір пендеуи кемшіліктерінен аулақ болса дегім келеді. Айтпақшы, Бердібек пен Асқардың мектебін көрген азаматтар билік баспалдағында өсіп келе жатқаны қуантады.

 

ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ТІРШІЛІКТІҢ ЖАЙЫН ТОҚАЕВҚА ЖЕТКІЗГІМ КЕЛЕДІ

 «Qazaqstan dauiri» газеті – өз еңбегімен күнелтіп жүрген басылым. Алты ай жаз барлық ұжым ел кезеді. Жер кезеді. Халықпен тілдеседі. «Жанды» мақалалар жазады.

Мақсатымыз әкімдерді сынау емес,  қолдау. Жақсылықтың жаршысы болу. Елдің тыныштығын сақтауға үлес қосу. Ақты ақ, қараны қара деп қарау.

Жылда ел аралап, жер аралап, халықпен сөйлескен сайын Ақордаға кіргім келеді. Ел Президентімен кездесіп, көзбен көргендерімді, сезгендерімді, ойға тоқығандарымды бөлісіп, ақтарыла айтқым келеді. Іскер әкімдердің жақсылығын айтып, мерейлерін көтергім келеді. Бұл арман ғой, армандауға болмай ма?! Президент емес-ау, Президенттің кеңесшілеріне кірудің өзі арман ғой. 

  Қасым-Жомарт Кемелұлы – демократ тұлға. Қарапайымдылығын күнде көріп жүрміз.    Президенттің көмекшілері «Елге сыйлы бір апай бар. БАҚ саласында жүрген. Сіздің қабылдауыңызға кіргісі келеді. Аналық ақ батасын беріп, көкейіндегі ойларын жеткізгісі келеді десе, Президент бас тарта қоймасына кәміл сенем. Тек жеткізушілердің ниеті мен пейілі түзу болсын. Егер шынымен Президентке жаны ашыса, халықтың бір өкілі ретінде мені қуана қабылдатары сөзсіз!  Президентіміз халық өкілдерімен кездескен сайын, ел ішіндегі жағдайлармен танысып, жүргізіп жатқан саясатының беталысын біліп отырғысы келетіні сөзсіз!!! Сондықтан бұқарамен жиі араласатын, елдің жағдайын терең білетін зиялы қауым өкілдерімен жиі кездесіп отыруы тиіс деп ойлаймын.

Егер мемлекеттің бірден-бір жанашыры, мемлекеттік тілдің қорғаушысы, ұлттық болмыстың ажары –  қазақтілді газет-журналдар жабыла берсе, мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына да бұл зор зиянын тигізбек. Бұл – ұлттық идеологияның дұрыс жолға қойылмағанынан  туған дағдарыс. Мемлекеттік тілге деген қысастық! Президент Тоқаевтың жүргізіп жатқан реформаларына қарсылық деп ұғам өз басым.

Өз елінде, өз жерінде қазақтілді басылымдардың пұшайман күн кешуі ұлт үшін масқара оқиға!

2020 жылы мамыр айының басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының онлайн дөңгелек үстеліне қатысқан басшыларының Ашық хатын жарияладық.  Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Баяғы жартас – сол жартас.

 

«ЖУРНАЛИСТИКА – ҰЛТТЫҢ АЙБАРЫ, ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАЙРАҒЫ»

 Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «Ауыл аманаты – ел аманаты», «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясы  «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,  «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналдарымен бірлесіп жүргізіліп келе жатқалы жиырма жылдан асты.

Біз оппозициялық басылым емеспіз. Бірақ шындықтан бас тартпаймыз. Елдің мұңын жеткізу басылым журналистерінің басты ұстанымы. Қаруы! Ел Президентінің саясатын толық қолдаймыз. Оның қалай орындалып жатқанын жүрген жерімізде, елімізде қадағалап отырамыз. Халықтың пікірімен санасамыз. 

 Журналистерім өз еңбегімен, адал істерімен ел аралап жүрсе де, аз жалақы алады. Себебі қаржы тапшы. Соңғы уақытта айлықты уақытылы беру де қиындап тұр.

«Ауыл аманаты – ел аманаты», «Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясын жылда қорытындылайтын едік. Биыл объективті, субъективті жағдайларға байланысты дөңгелек үстел өткізілмеді. Бұрын партия өкілдері, ауыл шаруашылық министрлері, Парламент депутаттары дөңгелек үстелге келіп, халықтың жанайқайына назар аударатын. Сындарға жауап беретін. Қорытынды шығатын.

Соңғы жылдары Ауыл шаруашылық министрлігі біздің дөңгелек үстелге қатыспайтын болды. Бәлкім жұмыстары да тығыз шығар. Үкімет мүшелері де алыстап кетті. Депутаттар да белсенділік танытпай отыр. Көңілге қаяу түсіретін жайттар. Осының бәрі экспедицияның өтпеуіне бір себеп. Басқа да қаржылай мәселелер  әсер еткенін жоққа шығармаймын.

Біздің елдегі  білім басшылары рухани жаңғыруды «смартфон мен интернеттен» алғанды ұнатады.   Көпшілігі газет-журналға жазылмайды.  Газет-журналға жазылмаса, қайдағы РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ..!

Осы жерде ерекше бір айтарым балалар журналы туралы. Бұл мәселе  жазылып та, айтылып та жүр.

Республикада балалар журналы санаулы-ақ. Ақпарат министрлігі мен Оқу ағарту министрлігі осы түйінді шешетін уақыты жетті. Балалар журналының басшыларының басын қосып Алматы, Астана және Шымкент, Түркістан, Жамбыл, Қызылордадағы мектеп басшыларымен кездесулер, отырыстар ұйымдастырып еді. Бұл журналдардың таралымына кәдімгідей әсер етіп еді. Осы басталған істің аяқсыз қалғаны күйзелтеді. Бұл жалғасын табуы тиіс бастама.

Бұл жерде Оқу-ағарту министріне кірудің де өз машақаты бар. Оларды да кінәлағым келмейді, «жұмысбасты» ғой. Бітпейтін жиналыстың құлдары. Жиналысшылдық шенеуніктердің алтын уақытын ұрлайтын, еш жаққа мойын бұрғызбайтын, сөйтіп қалың бұқараның қол үздіретін пайдасы аз, шаршататын дауасыз шара ғой деп бағамдаймын.

 Біздің газет бастап көтеріп жүрген осы мәселе, кітап оқудың алғы шарты мен мәдениетін балалар басылымынан басталатынына жарқын дәлел. Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінде Алматы қаласында мемлекеттік тапсырысқа балалар журналы қосылса екен деген тілек бар еді. Бұны бұған дейін де жаздық. Тағы да жазып отырмын. Еститін Үкімет естіп қалар деген үмітпен...

 

«ЖАС ҚАЗАҚ», «ПРЕЗИДЕНТ және ХАЛЫҚ»,

«ХАЛЫҚ СӨЗІ» ГАЗЕТТЕРІ ЖАБЫЛДЫ. ЕНДІ...

 Қазақ газеттері жабылып жатыр. «Жас қазақ», «Президент және халық», «Халық сөзі» басылымдары жұмыстарын тоқтатты.  Себебі мемлекет тарапынан қолдау аз, қорғау нашар. Бүйте берсе «Өгізге туған күн бұзауға да туады» дегендей қауіп бар.

Енді қазақ баспасөзіне төніп тұрған қауіптерге тоқталайын. Біздің күнкөрісіміз баспасөзге жазылу, одан кейін мемлекеттік тапсырыстар (министрліктерден, облыстардан). Алты айлық жазылу науқаны мамыр айының соңында басталды.

Соңғы жылдары барлық мерзімді басылымдардың жазылу таралымы әртүрлі себептермен күрт азайды («Егемен Қазақстан» да). Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда соңғы кездері әкім-қаралар, мектеп директорлары «Біз ешкімді күштеп жаздырта алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау надандыққа бейжайлылыққа, рухани құлдырауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады.  Мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынайын.

БІРІНШІДЕН: Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді.

ЕКІНШІДЕН: Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан тыс қалып жатады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет, журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз.

ҮШІНШІДЕН: Жоғарыда әкімдер туралы айтып өттім. Енді соған нүкте қояйын. Әкімдер халық болмаса кім..? Ешкім де емес. Олар жылы орынтақта қазақ халқының атынан отыр. Солардың есебінен үкім шығарып, халықтың салығынан айлық алып масаттанып жүр.  Кейбір жаңа әкімдер жылы орынтақта мәңгілік отыратындай шіренеді. Халықты қабылдаудың, БАҚ-қа көмектесудің жаңа, тың жолдары ойластырылуы тиіс. Ұлттық идеология осыдан басталатынын ұғынайық.

 Еліктегіш халықпыз ғой.   Дамыған елдердің  әкім-қараларының кішіпейілдігін көріп сүйсінесің. Қызығасың! Халықтың ортасында жүргенін көріп марқаясың! Таңданасың! Сондай күнге біз қашан жетер екенбіз?  Бұл жайлы  аталарымыз «Ұлық болсаң, кішік бол» деп кетіпті. Осыны ескерер әкім қайда?

ТӨРТІНШІДЕН: Қазақ тілі қазақ халқының жаны болса, қазақ баспасөзі оның қозғаушы күші. Президент мырза «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді құрметтеуден басталады» деп, тілімізді саясат төріне шығарды. Қуанғаннан бөркімізді аспанға аттық, жүрегімізді кернеді шаттық. Кейбіріміз шаттықтан жылап жаттық.

БЕСІНШІДЕН: «Бір жылын ойлаған ел бидай, он жылын ойлаған ел жеміс ағашын, мәң-гілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгі¬ліктің дәнін егеді» деген жақсы сөз бар. Тілді өлтірмеудің маңызды  жолы ол – жас ұрпаққа ана тілін сіңіру. Баланың кітап, газет-журнал оқу арқылы тіл байлығы артады, сөйлеу дағ-дысы қалыптасады. Кішкентайынан оқыр¬ман болып қалыптасады. Қазір газет-журналдарды, оның ішінде балалар басылымын қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырған жөн. Балалар басылымдарының қазіргі хәлі ауыр.  Балалар журналына мемлекет қолдау білдіруі керек. Балалар журналына мемлекеттік тапсырыс алу өте қиын, аз бөлінеді. Өркениетті елдерде газет-журнал, кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеуді жақсы үрдіске айналдырған. Ал бізде өкінішке қарай, кітап, балалар журналын оқитын кішкентай оқырмандарды қалыптастыруға бейжай қарап отырмыз. Балалар журналы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып келеді. Бірнеше рет ұйымдастырылған дөңгелек үстелде осы мәселекең көлемде айтылып, баспасөз бетінде жарияланды. Солтүстік, Шығыс облыстарда мемлекеттік тілге деген қажеттілікті арттыра беру қажет. Оны білуге, үйренуге ықылас артуы тиіс. Ұлттық кадрларды осы тілде даярлау қажет.  Бұл мемлекеттік тілді дамытудың бірден-бір жолы.

Біле білгенге тілді құрметтеу қазақ баспасөзіне құрметтен басталады. Егер баспасөзің тендерге құл болып, оқырманға керекті дүниенің орнына мемлекеттің тапсырмасын орындауға бар күші сарп етілсе, әкімдерің журналистерді қабылдаудан қашса, мұғалімдерің қазақ баспасөзіне жазылудан бас тартса, ел ертеңі не болмақ?!

Сөз соңында айтарым: Президент тапсырмасы қайда қалды?

Тілге құрметің осы ма, Үкімет!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

 

20.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14440
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14359
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29504
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28136
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31671