ҚАЗАҚ БАТЫРЫН СҮЙГЕН ЖҮРЕК

ҚАЗАҚ БАТЫРЫН СҮЙГЕН ЖҮРЕК

Бауыржан Момышұлының туғанына – 115 жыл

 

Вера Павловнаның Баукеңе жазған хаты

Осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2018 жылдың 25 қаңтарында «Түркістан» газетінде Ресей актрисасы Вера Павловнаның Бауыржан Момышұлына жазған хаты жарияланды. Белгілі әдебиетші, бауыржантанушы Мамытбек Қалдыбай ағамыз бұл хаттың жарыққа шығуына себепкер болған. Ең алдымен Вера Павловнаның өмірбаянымен таныстыра кеткен жөн болар. Ол Украинаның Рихтер қаласында дүниеге келген. Н.В.Лысенко атындағы Киев драмалық театр институтын бітіріп, актриса және режиссер болып қызмет атқарған. Соғыс жылдарында Алматыда тұрып, қазақ халқының өмірінен «Дала батырлары» деген фильмді түсіруге қатысқан. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, РСФСР халық артисі, РСФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткері атанып, «Халықтар достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. «Борис Годунов», «Біз, орыс халқымыз», тағы басқа он шақты фильмдердегі басты рөлдерді сомдаған.

Мамытбек ағамыз атақты кинорежиссер Григорий Рощальдай күйеуі бар әйелдің сырын жұртқа жария етуге батылы жетпей әрі ыңғайсыздық танытып, үндемей келген. 82 жастағы қадірменді ағасы Жасарал Ілиясовпен ақылдасып, кеңесіп көрген. «Ыңғайсыз деген сөз бола ма? Кешегі Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Балуан Шолақ, Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, тағы басқалар күйеуі бар әйелдерді құлай сүйгені шындық қой. Сүйе білу үшін де талант керек», – деген ойын білдіреді. Осыдан кейін Мамытбек ағамыз Баукең өз қолымен табыс еткен Вера Павловнаның хатын оқырман назарына ұсынған көрінеді. Енді қазақ батырына ессіз ғашық болған актрисаның мөлдіретіп жазған мына хатына кезек берейік.

 

 «МОСКВАДАН  СӘЛЕМ!»

 

«Жүрегімді селт еткізіп, жанарымды жалт қаратқан, асыл ардағым, Бауыржаным! Сенен жасырын менің сырым бар ма? Соғыс өртін ұмытуға болар, махаббат өртін ұмыту мүмкін бе? Ұмытатындар – оның жалынында  жанбағандар.

Қымбаттым Бауыржан, алыстасың, амалым қанша? Көңілім сені күнде іздейді. Сен десе, менің жаным шыбын-шіркей. Бүгінде дауысыңды есту, қасыңда қатар жүру маған арман. Жүрегімнің қылын қозғап, жан сырымды түгел шерткізген өзің едің, асылым. Саған күні-түні тілейтінім тек амандық. Мен мына жалғаннан өзің деп өтем. Кей күндері сен жастанған жастықты, сен отырған орындықты  құшақтап сүйіп, қолыңнан кітап, қалам түспей ойға шомған сәттеріңді көз алдыма елестетіп, сағынышымды басам. Сені сүймеу мүмкін емес еді, түсінесің бе, жаным. Алғаш көргенде  көп пенденің бірі деп шекемнен қарағаным да, жан дүниеңді танығаннан кейін пендеңе айналғаным да рас.

Сен менің мәңгі іңкәрімсің. Сендей ерге бір мен ғана емес, бүкіл адам баласы іңкәр. Еліңді ойлап, күрсінген сәттеріңдегі сұлу да асқақ жан дүниеңді сезінгенде ет жүрегім елжіреп, сені бұрынғыдан да сүйе түскенім өзіме аян.

Қымбаттым, сенің «сүю де жақсы, сүйікті болу одан жақсы» деген сөзіңді еске алып, сүйікті бола алдым ба, бола алмадым ба деп те ойға батам. Екеуміздің қол ұстасып қатар жүруімізге  кедергі көп. Өкінгенмен амал қанша? Әйтпесе мен сенен бір елі де ажырамас едім. Бәрібір сен  менің жүрегімнің жүрегісің.

Көріспегелі көп уақыт өтті. Екі көзім төрт болып, жолыңа қарайлаумен жүрем. Кейде мойныңа асылып, еркелеген кездерім түсіме енеді. Ояна салысымен, еркін дүние еркесі, саған қарай құс болып ұшқым келеді».

Батыр ағамызды еркін дүние еркесі деп аспандағы қыранға теңеген ғажап өнер иесінің саф алтындай сөзінен айналасың. Құстай ұшып жеткенше асыққан жүректің лүпіліне қайран қаласың. Махаббат отына өртенсе де, қолынан кітап пен қалам түспей ойға шомып, сұрапыл мезгілдің ауыр салмағын қағаз бетіне түсіріп, ұрпағына ұлағат қалдырып кету секілді ұлы парызды ұмытпаған даналығын паш етіп отыр емес пе?! Баукеңнің елін ойлап, күрсінген сәттерін, отты сезімдердің жетегінде кетпей ұлтының мұрат-мақсаттарына алаңдаған мазасыз шақтарын бекер еске алып отырған жоқ.  Әйел баласына тән ақылдылық пен көрегендік дегеніміз осы емес пе?

«Сені ойласам, таңым атып, күнім шығып, ақ нұрдан шашу шашқандай  шексіз қуанышқа кенелем. Саған жолықтырған тағдырыма мың-миллион мәрте ризамын. Елігім деп еркелеттің, аққуым деп армансыз аяладың. Өмір келте болғанмен, менің саған махаббатым мәңгілік. Тынысымсың, жұтар таңғы жұпар ауамсың. Москвам да сенсің. Мұны мен сан қайталап айта бергім, айта бергім келеді, қымбаттым Бауыржан. Өйткені маған көктемді сен сыйладың. Қасыңда жүргенде өзімді сұлу әлем төрінде жүргендей сезінетінмін. Сол үшін алдыңда сәмбі талдай иілем. Тұла бойыңнан мін таппай, қиял көгінде қалықтаған күндерім қаншама? Қиналған сәттерімде сезім гүлін сыйлап, жұбатқан да өзіңсің.

Таулар да аласарады. Бауыржаным менің, сен аласармашы. Сен жалғыз емессің. Елің бар, мен бар, жаудан, даудан қорғайтын періштең бар.

Мың шүкір, кісілік пейілің далаңдай кең. Мені табындыратын да, сағындыратын да осы ұлы қасиетің. Сені ойласам, көңілім тау-тау бұлттан арылған көк аспандай күлім қағады. Сен өмірімнің күнісің. Әттең, шіркін, қанатым болса, Алматы мен Москва арасын жалғап ұшудан жалықпас едім. Саған бір мен емес, бүкіл ел ғашық. «Мені арбаған сенің сұлу ажар – әрің емес, мені арбаған әркез  ақ сөйлеген арман – арың»,  – дегенің де есімде.

Асылым менің, саған деген алғысым ешқашан таусылмақ емес. Күн күркіріндей дауысыңды естісем деп ылғи елегзимін. Өзімді жетектегі ботаңдай сезінем. Маңдайың жарқырап, күндей күліп, ұлтыңа, ұрпағыңа ұран боп, алшаң басып аман жүрші. Сен десе, мен тебіренбей, толғанбай тұра алмаймын. Өзіңе кез болғаным қандай бақыт, сен деп өмір сүру маған ғажап күш-қайрат сыйлайды.

Қымбатты Бауыржаным, кейде сенің алдыңда қалай өбектегенімді де сезбей, соңынан сезіп, шат-шадыман күйге енетінім де бар. Менің жан дүниемді сұлу еткен өзіңсің. Сыйласым да, сырласым да өзіңсің. Сені ойласам, сыбызғы – жүрегім сағыныш әнін сызылтып, арманым – ақша бұлт көңіл көгімде қалықтап, саған сапар шеккендей, шағала – шаттығым сенен мені «келе жатыр» деп сүйінші сұрағандай, самал жел сабырлы бол деп жұбатқандай болады.

Сені ойласам, ұйқым шайдай ашылады. Әлдеқашан қош айтысқан көктемім қайта оралғандай күй кешіп, бөлмеме сыймай, Москва көшелерін беталды кезіп кеткім келеді.

Бала кезімде бүкіл адамзат баласын асыраушы құдіретті күш – еңбек екенін ерте түсініп, ерте есейген едім. Суреттеуге тіл жетпес екінші құдіретті күш – махаббат екенін маған сен түсіндірдің, жанымның жарасын сен жаздың. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейтінін білем. Сен болмағанда өмір сүрдім деп айтуым неғайбыл еді. Сен маған мәңгі өшпес нұр сыйладың. Сол үшін тәубе деймін».

Сүйген жүрек лүпіліне құлақ түрсең, қазақтың алтындай дара ұлына деген шексіз іңкәрлік пен асыл сезімнің асып-тасыған белгісін айқын аңғарасың. Ағамыздың аппақ пейілін, даладай дарқан ұлы қасиетін бағалап, жүрегінің төрінен орын ұсынуы-ақ махаббатты арындай аялаған, құлай сүйген жүректің сүйгеніне деген әуелеген әні дерсің. Бұған «Саған бір мен емес, бүкіл ел ғашық» деген сөзі дәлел. Құдіретті күш – махаббат екендігін мойындатқан батырдың ұлылығын тағы бір мәрте паш етеді.

«Алматыда өткен күндерім де есімде. Аспанға бой созған асқақ  Алатауды бір көргеннен ұнатқам. Ондағы табиғат та таза, халқыңның  жаны да таза еді. Еліңнің ұлылығын, қасіретін сенен ұқтым. Елің туралы сүйіспеншілікке толы лебізіңді естігенде, туған анаңдай сені бесікке бөлеп, әсем әнмен тербеткім келді. Мұндай сәттерде сен мен үшін бейкүнә сәбисің. Сендей ер туғызып, қадіріңді білген, ұлым деп сүйген туған халқыңның алдында тізерлеп басымды ием.

Алатаудай биігім, Алатаудай алыбым, бүгін менен алыстасың. Ендігі қуанышым – дауысыңды есту, хатыңды асыға күту, амандығыңды тілеу.

Сүйіктім, кейде сені опасыз, бәтуасыз біреулер қапыда қармағына түсіре ме деп қауіптенем. Ондай жан сенің ұлтарағыңнан садаға кетсін. Абай болшы. Құдайым сені кеудесі ыза-кекке, қызғанышқа толы залымнан сақтағай. Менің түнгі, таңғы, күндізгі тілегім, барлық уақытта ізгі сезім серігің болсын. Айналаңды тек қана тәрбиелі, ақ ниетті жандар қоршап жүрсін.

Жер мен көкті күңірентіп, қара бұлтты қақ айырған найзағайдай жарқ етіп, жауымызды жайратқан Бауыржаным, қаталдық пен қамқорлықтың, қатыгездіктің сырын да сенен ұқтым. Өзіңді жан-тәніммен сүйетінімді сен қалай нәзік сезінгенсің. Көңіліне қаяу түсірмесін, уайымдамасын деп тіпті кейде ауырып жүргеніңді де менен жасырыпсың. Соны ойласам, қатты толқып, тебіренем, елжіреп еріп кетем. Не деген төзімді, ұстамды едің?!

Жұрт арасында менің жүзім жарқын, ар-абыройым асқақ болғанын қаладың. Қалап қоймай, соған жағдай жасадың. Ялта, Есентуки, Латвия курорттарына алып барып, демалдырғаның естен кетер ме? Мені әрдайым жас баладай жайраңдап, күлімдеп қарсы алушы едің. Сапарға шығарда қимай қоштасатынсың. Маған алып-ұшып жететінсің.

Мені ешкім өзіңдей сағындыра алған емес. Мен сағыныш сезімін бастан кешкенім үшін бақыттымын. Ғашықтық – сағыну, сағындыра білу екенін маған сен сездірдің. Мен сенің шамды айнала ұшқан көбелегіңмін. Сен менің көкке самғар қанатымсың.

Есіңде ме, Бауыржан. Сен жазу жазып отырғаныңда бөлмеде жалаңаяқ жүретін едім ғой. Жалаңаяқ жүретінім  – сенің ойың бөлінбесе екен дегенім.

Ғашықтық дертіне шалдыққан адамның мөлдір таза әрі пәк сезіміне риясыз иланасың. Мұндай махаббаттың алаулап жанған жалыны жүректі жаулайтын құдіретіне бас иесің. Сағыныш атты ұлы сезімнің арбауына түскен адамның Баукеңдей асыл азаматтың шамды айналған көбелегіне айналуы да тегін емес. «Қажет жерінде қатігездік пен қаталдық керек десек те, Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте» деп жырлаған жоқ па Төлеген Айбергенов. Сондай сағынышты бастан кешірген жанның дамылсыз шарқ ұрған асқақ үнін қапысыз мойындайсың. Жазу үстелінде шығармашылықпен айналысқан қаламгер ағамыздың шабытты шағын бұзбай, жалаңаяқ жүретіні шынайы сүйгендіктің белгісі болса керек. Шын сүю үшін де дарын керек дейтініміз сондықтан. Шын сүюді ерлік десек те болатын шығар.

«Мен сені сүю арқылы халқыңды шексіз сүйдім. Жақында Мұстафа Шоқайдың асыл жары Марина Яковлевна Горинаның  жазбасын оқыдым. Ол Мұстафаның 1941 жылы жау қолынан қаза тапқандағы қайғысын, 1945 жылы неміс фашистерінің жеңілгендегі қуанышын жаза келіп, Берлин көшесін аралап келе жатып, қазақтардың дабырлап сөйлескен дауысын құлағы шалып, қираған үйдің қалқасында жеңіс тойын тойлап отырған олардың жандарына жетіп барып, бәрін жеңіс қуанышымен құттықтап, өзінің Мұстафаның жары екенін айтқанын, әлгілердің бірінің: «Ол – сатқын, бізді сатып, шетелге қашып кеткен», – деген сөзін естіп, үстінен біреу мұздай суды құйып жібергендей шошына жиіркеніп, ол жерден тез қарасын батырғанын жазыпты. Оның Мұстафаға деген сағынышы мені қатты қуантты. Ана қираған үйдің қалқасында жеңіс тойын тойлаған қазақтарға  ол Мұстафаны  сағынғаннан барды ғой. Қандай қасиетті жан?!

Екінші мені шектен тыс қуантқан – Яков Севостьяновтың қызы. Әлихан Бөкейхановтың жары Ольганың: «Біз тек жарқын күндерде ғана емес, жауынды, дауылды күндерде де біргеміз», – деп, небір қуғын-сүргінге төзгені. Мен ондай қуғын-сүргінді бастан кешкен жоқпын. Жаным, асыл жарым, Бауыржаным, өзіңмен өткен жылдарым  ең бір жарқын қуанышқа толы жылдар болды. Есіме түссе, көңілім күндей күліп, өмір сүре берсем деймін».

Қазақтың батыр ұлын, қаһарман жігітін сүюмен шектелмеген жүректі ұлы жүрек демеске амалың жоқ. «Сені сүю арқылы  халқыңды шексіз сүйдім», – деген сөзді тек ұлы жүрек қана айтса керек. Тұтас халықты жан дүниесіне сыйғызып, оған асқан  сүйіспеншілікпен үн қатуын ерліктің ісі демей не дерсің?! Жарық көрген туындылар мен естеліктерді оқып, ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейтіп, арғы-бергі оқиғалардан хабардар болған Вера Павловнаның зеректігіне де қайран қаласың. Алаш арыстары Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановты іркілмей, жасқанбай ауызға алған батырлығына қалай сүйсінбейсің. Бұл – ұлтымыздың ұлылығын мойындаған асыл жардың ағынан жарылуы, қазаққа деген  жүрекжарды  ақ пейілдің найзағайдай жарқ еткен жарқылы болса керек.

«Жаз айларында отбасымызбен қала маңындағы саяжайымызға көшеміз. Сен қаласаң, Москвадағы пәтерімізде екі-үш ай тұрып, жазуыңды алаңсыз жазуыңа, алаңсыз ой толғауыңа болады. Ешкім кедергі келтірмейді. Бұл қайтсем сенің творчествоңа сәл де болса, көмегім тисе деген ниетім.

«Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» романдарыңның қолжазбасымен алғаш танысқанымда бірсыпыра пікір айтып, ой салғаныма қуаныштымын. Бұл туындылар тамаша, ешуақытта қайталанбас, шындықты шынайы суреттеген озық туындылар. Әдебиетімізде ойдан қосушылық бар. Ол оқырманды өзінен алыстатады. Қайсыбір қаламгер  «Мен көркем шығарма жаздым» деп ақталғансиды. Ол – көбік сөз. Автор мүмкін болғанша шындыққа жақындауы керек. Ал шындық терең, шындық бай, сан қырлы. Оны сәтті суреттей алсаң, шығармаң оқырманның ыстық ықыласына бөленеді. Сенің «Ұшқан ұяң», «Москва үшін шайқасың» оқырманның ыстық ықыласына бөленген шығармалар».

Баукеңді азамат ретінде ғана емес, оның  талантын мойындап, туындыларына терең бойлаған ойлы оқырман болғандығын айтпай танисың. Қаламгермен пікірлес, үндес болған, тектіліктен хабар берген парасат иесінің пайымды байламына риза боласың. Қалам иесіне қайрат-жігер берген, шабытына шабыт қосқан, алдағы ұлы шығармаларына жетелеген әрі демеу болған дарабоз жанды қалайша аспанға көтермейсің. Қалайша оның сырлы сезімінен сансыз рахат пен рухани ләззат алмайсың. Қалайша оны піріңдей сыйламайсың.

«Сүйікті Бауыржаным, аңдаусызда ренжітсем, кешір. Шамалауымша, көңіліңе көлеңке түсірген кезім жоқ сияқты. Әр күні ел алдында, жора-жолдастарың арасында сыйлы болса екен деп, қолымнан келгеннің бәрін жасап баққаным өзіңе аян.

Қайталап айтам, сен мені алақаныңа сап аяладың, әлпештедің. Кішігірім түсінісе алмай қалған сәттерімізді есепке алмағанда көңілімді бір рет те  қалдырған емессің. Саған мың-миллион алғыс. Алда  адамзат арманының ақ таңы, бәріміздің бақытымыз – жетінші қараша ұлы мереке күнімен құттықтаймын.

Өзіңнің Вераң.

  01.11.1957 ж.  

 

Вера Павловнаның бұл хатын тебіренбей оқу мүмкін емес. Қайта-қайта оқи беруден  әсте жалықпайсың. Қазақтың хас батырына айнымас адалдық танытқан жүректен айналасың. Өлердей ғашық болып, құлай сүйген  жүректің дүрсіліне қайран қаласың. Ұлы мәртебелі махаббат алдында қасқайып мәрттік танытып, сүйгенінің алдында жан беруге даяр тұрған ұлы құдіретке бас иесің. Мұндай махаббатты аялап, кейінгілерге үлгі етуден, жастар жүрегіне сіңіруден  артық  не болуы мүмкін?!

Қазақтың қай қызы, қай әйелінің біреуі  Вера Павловнадай  түсініп, жан жүрегін жалаудай желбіретіп, жан жүрегімен еміреніп, өліп-өшіп, өмірдегі өзекті  сөзін арнай алды ма? Жүрекжарды жан жылуын бере алды ма? Өзге ұлттың әйеліндей әлемге жар салып, мақтай алды ма? «Маңдайға біткен жалғызым» деп тебірене білді ме? Жүректің айтқанына көніп, аппақ сырын, асыл махаббатын дәл осылай жариялай алды ма? Оның бұл қылығын ерлік демеске амалың жоқ. Махаббат жолындағы ұлы ерлік!

 

***

 

Соғыс аяқталып, елге оралған  Бауыржан ағамыздың бейбіт өмірдегі көрген азаптары да аз болған жоқ. «Ұлы Отан соғысының бас кезінде менің атағым ел аузына ілінді. Содан бастап мені шексіз мақтады, кінәсіз азаптады. Екеуіне де шыдап келе жатырмын», – деп жазады Баукең өз естелігінде.

Батыр ағамызды аспанға көтеріп, жүрек төрінен орын берудің орнына қара күйе жағып, қаралау, орынсыз жала жауып, көпе-көрнеу күндеп, жанын жаралаған күндер алдынан кезікті. Басқаны былай қойғанда, оның отбасылық өмірінен кемшілік іздеп, сол «жалған жаңалықтарын» жалпақ жұртқа  жариялап, сүйінші сұрағандар да болыпты.

1961 жылдың 1 желтоқсанында «Қазақ әдебиеті» газетінде  «Жазушы – ардақты ат» және «Советтік моральға жат қылық» деген бас мақала  мен екі қарт коммунистің хаты жарияланады. Бас мақаланың авторы – Сафуан Шаймерденов, ал хаттың авторлары Шақпақ Артықбаев пен Шәріп Өтепов болатын. Бұл  бас мақала мен коммунистер хатында даңқты қолбасшымыздың қол бастаған ерліктері туралы емес, ешкім қол сұғуға болмайтын жеке өміріндегі жағдайларды жіпке тізіп, соларды қатаң сынға алған. Ер Баукең бұл «жазғыштарға» жауап жазғанымен, редакцияға жібермеген. Жарияланбайтындығын білгеннен кейін, жолдамаған. Кейінгі ұрпағым оқысын, ақиқатты білсін, жанайқайымды естісін деген оймен жазған болуы керек. Қазақ батырының бұл хаты «Жас Алаш» газетінің 2024 жылғы 24 желтоқсандағы санында жарық көрді. Батырдың архивінен тауып, оны газетке жариялаған  – Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Бекет Момынқұл. Енді сол хаттан ықшамдап үзінді келтіре кетейік.

 

Редакцияға  хат

Бұра тартқандар  

 

«Қазақ әдебиеті» газеті 1 декабрьдегі санын  «Жазушы – ардақты ат» деген мақаламен ашып, «Советтік моральға жат қылық» деген мақаламен аяқтапты. Екі мақала да мен туралы. Бұл мақалалар ел құлағын елертті. Бірінші мақаланың «авторы» кеше ғана Жазушылар одағына секретарь болып сайланған Сафуан Шаймерденов, екіншісінің «авторлары» мен танымайтын Шақпақ Артықбаев, Шәріп Өтеповтер.

«Авторларға» менің қоятын кінәм жоқ. Оларға өкпелеуден мен аулақпын. Оларды мен білмеймін – бірге туысып, бірге өсіп, бірге жүріп қызметтес болған емеспін. Олар да мені білмейді, бейтаныспыз.

Оларды «авторлар» деп тырнақшаға алудың  басқы себебі, олар тек қол қоюшылар ғана. Мақалаларды ұйымдастырып, жаздырып, бастырушылар перденің арғы жағында тығылуда. Әркімнің досы да бар, дұшпаны да бар. Бірін-біріне айдақтап салып қойып, қызығына батуды жақсы көретін шағыстырушылар да аз болмайды.

Менің бір өкінетін нәрсем, әлі буыны қатпаған секретарь Сафуан, сақал-мұрттарына қырау түскен Шақпақ пен Шәріп ағалардың біреулерге  қолшоқпар болғандықтары.

Екінші өкінішті нәрсе – мақаланың стилінде  1932, 1937 жылдардың біржақтылық  лайлы әдепсіздік, жүгенсіз бейбастықтың иістері мүңкіп тұр. Асығыс-аптығыс үстінде сөз таңдамай мені де, төсектартпа ауру жүрек операциясына кандидат жұбайымды да сабырсыз балағаттаулары.

Үшінші өкініш – балаларымызға «тірі жетім» тұмарларын тағып әлеумет алдында қорлау.

Төртінші өкінішті нәрсе – редакцияның асығысқа тізгінін ұстатқандығы. Мен осында едім ғой. Егерде, мен шынымен айыпты болсам, орысша айтқанда, ведь никогда не поздно меня повесить. Я эмигрировать не собираюсь.

Мен полковникпін, жазушымын. Менің атым ел аузында екені рас. Елде менің дұшпандарымнан достарым көп. Редактор мені аямағанымен, елді аяуға міндетті еді ғой.

Қоғамға қарыздарлығымды мен ешуақытта ұмытпаймын. «Басымдағы шашым көп пе, халық алдындағы қарызым көп пе?» – деген сұрақ жатсам да, тұрсам да ойымда. Сол себепті мен күні-түні творчестволық жұмыстың соңында жүргендердің біреуімін.

Семья мәселесінде келіспеушілік себепсіз болмайды. Ажырасу – мұқтаждықтың ақырғы шарасы. Қай жағы кінәлі, қай жағы кінәсіз екендігін әділ тексеру ғана ашады. Ешқандай қатынасы жоқ кісілердің  интим мәселесіне килігулері орынсыз да, айтқандары өсек болып шығады.

Ешкім ешкімді «алып қашқан» жоқ. Ауыр халдегі ауру әйел «бал айындағы» саяхатта жүрген жоқ – 68 тәулік төсек тартып, өлім аузында больницаларда жатты. «Тірі жетім» жазғы каникулын менімен бірге Эстонияда, жеке өзі Москвада, Жамбылда, Түлкібаста, Жуалыда саяхат етіп пайдаланды. Аттары аталған балалар кемтарлықтан аулақ болды, аулақ та.

Бұдан жиырма жыл бұрын Москва түбіндегі шайқаста мен жарақаттансам да, майдан шебінен кейін қарай бір қадам басқаным жоқ. Онда маған дұшпанның оғы тиіп еді. Ал бүгін болса, туыстарымның «оқтары» тиіп отыр. Бұл жарақатты да көтерермін.

Әй дерге әжесі жоқ, қой дерге қожасы жоқ «Қазақ әдебиеті» газеті мені қудалағаннан пайда тапса, менің оған ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ та, өзін қадірлеген газеттің тексерілмеген, айқындалмаған нәрселерге ел құлағын елертіп, шиелендіруден, балағаттаудан, кекесін сөздерді басудан аулақ болғаны да дұрыс болар еді.

 

Бауыржан  Момышұлы

2.12. 1961 ж.    

    

 

Авторлардың сөзіне қарағанда, полковниктің «советтік талай семьяның  тыныштығы мен бақытына қол сұғудан» басқа шаруасы болмаған сияқты. Бұл көпе-көрнеу жала екендігін аңғару қиын емес. Отбасына, құдай қосқан  қосағы Бибіжамалға адалдығы жөнінде Баукеңнің достары мен жолдастарының айтқан пікірлері мен естеліктері дәлел.

Бауыржан атамыз өзі айтқандай, шексіз мақтау мен кінәсіз азаптауды да көтере білді. Соның барлығына қайсарлықпен төтеп берді және жеңе білді. Елінің жүрегінде жарқырап тұрар  жарқын тұлғасымен, өшпес өнегесімен, өлмес рухымен  мәңгі сақталып қалары ақиқат.

 

Мақұлбек  МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 

 

09.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16249
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16105
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31273
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29905
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33471