Референдум

Қазақ дәуірінің сәулетшілері

Қазақ дәуірінің   сәулетшілері

Алдымен қазақ дәуірі деген кезеңге, ол қашан басталғаны, қандай тарихы, табиғи жағдайларда дүниеге келгені, осы сұрақтарға тоқталайық.

Тарихтан белгілі болуы керек, жер шарындағы алғашқы жабайы жылқыны адам қолға үйретіп, өмір-тіршілігіне пайдаланғаны 5000 жылдан бері белгілі. Бұл қазіргі Солтүстік Қазақстанның Ботай аталған елді мекеннің өңірінде жылқы мал шаруашылығы жаралғанын айқындайды. Қалың ормансыз, дарқан дала ландшафты ең қолайлы жылқы өсірудің табиғаты болғандықтан, ат әскерлері ел тайпалар көбейіп, алғашқы дала кеңістігі 4-ші мың жылдық дәуірінде мал шаруашылықтты көшпенді Сақ мемлекеті құрылғаны тарихтан мәлім. Тарихтың атасы деп аталған грек Геродоттың деректері кейіннен жердің үстінен, астынан археологиялық зерттеулер  бойынша біздің ағаштан құралмалы киіз үйдің «жасы» 5 мың жыл, жылқы шаруашылығы басым, олар Сақ тайпалары Түркі тілдес болғаны анықталған. Сол өткен заманда түркі тілінің қарпі, жазбалары руно деп аталынып, 2,5 мың жыл Евро, Азия континенттерінің халықтарына кең таралған. 

 

Алаш тарихы сақ тайпаларынан басталады

Сақтар заманында малдың саны соншалық көп болғандықтан, жазғы жайылымдары  (жер шарының солтүстігінде), орман ландшафтарынан қысқы жайылымдар мыңдаған шақырым (жердің оңтүстігінде) шөлейт, шөлді ландшафтарында болатын. Сырдария мен Әмудария өзендерінің арасында қысы жылы, жайылымдардың шөбі қар астында қалмайтын табиғатында Сақтардың бір тайпа рулары саман, пахсадан (балшық майда таспен араласқан кірпіш, ірі құймалы кірпіштен) қаланған қалаларда тұрған. Бұл қалалар: Ангқақала, Қойқырылған, Топыраққалар (б.з.б.Ү-ІҮғасырларда) аэрофото, археологиялық, сәулет, өнертанушылар ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижесінде анықталғаны. Көлемі 18-20 га, бекініс түрде салынған, тұрғын үйлердің барлығы қаланың біртұтас қоршауында орналасқан. Қалаға кіреберіс қақпаларының сырт жағында күзет мұнаралар болған. Ал қаланың ортасында ешқандай құрылыс болмаған, сырттан жау әскерлері келгенде қала тұрғындары жайылымдағы малдарын қаланың ішіне кіргізіп қорғаған. Қазбалардың нәтижесінде қаланың ортасынан жылқының, қойдың сүйектері табылған. Таңбалы кірпіштерден қаптамалы қыш тақтайшалардың (плиталар) сызу, суреттері салыстыру барысында сақтар таңбалары Шәкәрім Құдайберді қазіргі қыпшақ, найман, қаңлы, шөмекей, адай, алаша  т.б. руларымен сайма-сай келген. 

Сақтардың жылдың жылы кезінде тұрғын үйлері қазіргі қазақтардың құралмалы киіз үйлеріне де сайма-сай келгендері  күмән келтірмейді.  (Қараменді Т.С. «Архитектуры сакских племен». Материалы международной научно-методической конференции. Каз. пед. инс. им. Абая, 21-22 сентябрь, 2004 г.).

Сайып келгенде, қазақ халқының тарихы Сақ тайпаларынан басталады. Қазіргі қазақ елінің рулары оның жалғасы екені  айқындалған. Біздің мыңжылдықтан бастап халқымыздың тарихы Ғұн кезеңі деп аталады, сол Сақ заманындағы айтып кеткен Түркі тілді ел руларымыздың жалғасы болды.  Сақ, Ғұн замандарында көшпелі мемлекетіміздің қандай өркениетке жеткеніміз туралы Мұхтар Мағауинді тыңдайық: «Біз атқа мінгенде бүкіл дүние жүзі жаяу жүр еді. Біз шалбар кигенде бүкіл дүние жалаңбұт жүр еді. Біз жазу шығарып, жыр толғаған кезде қазіргі Еуропа қараңғылық түнегінде жатқан. Біз айбын мемлекет түзіп, жарты әлемді билеп отырған кезде бүгінгі заманның ең озық жұрттары тайпалық құрылым деңгейіне жеткен». («Qazaqstan dauiri», 2 наурыз, 2023 ж.).

Мөлшері 5 ғасырдан кейін Сақ, Ғұн руларының тайпалары атанған, көшпелі өркениетін жалғастырып дамытқан. 

ХҮІ ғасырда қазақ хандығы құрылған. Сол кезеңнен бері бүгінге дейін қазақ халқы деп аталамыз. Қазақ халқымызды құрайтын Сақ заманында атап кеткен Түркі тілді елдің руларымыз.  Сол кезеңде қазақтың кең байтақ жері: шығыста – Тынық мұхиттан, батыста – Еуропаның Дунай өзеніне дейін, солтүстікте – қалың Сібір орманынан, оңтүстікте – Аму, Сыр дарияларының шөлді жерлеріне дейін созылып жатыр. Осыдан малдың жұты болмаған, қысы жылы, қары аз, тоғай мен қамыс көп, малдары жыл бойы жайылымдарда болғандықтан, оларға шөп жинамаған, қора салынбаған. Табиғатына сай, қазақ халқы арғы тектерінен ең қолайлы мал шаруашылығын жалғастырған, көшпелі елімізде кедейшілік, жетімдік, жесірлік болмаған, мәдениеті дамыған, тіл байлығы  1 млн. 400 мың сөзден құралған. Әсіресе ауыз әдебиеті, ән, музыка, айтыс салалары мәдениетімізді биікке көтерген. Қазақ тайпаларының өмір тіршілігі қоршаған табиғатына сай, демократиялық ұстанымдарымен әділетті қоғам құрған: қылмыс болмаған, адамдар сөзге тоқтаған. Төре, (Шыңғыс ұрпағынан) елді басқаратын әділ сайлаумен ең лайықты тұлғадан хан сайлаған, билер жүйесі мемлекетті адамгершілік заңдарға жүгініп, қоғамның тәртібін орнатып сақтаған. 

Қысы жылы, малдың қыстаулары  оңтүстік өңірлерінде Ұлы Жібек сауда жолында қазақтың орналасқан қалалары: Талғар, Алматы, Мерке, Құлан, Тараз, Шымкент, т.б. орта ғасырдағы дамыған өркениетті елді мекендер болған. Осы қалалардың (Талғар, Алматы, Тараз, Шымкент) қазіргі мұражайларында сақталған ағаш, қыш, металл, сүйектен жасалған тұрмыстық шаруашылық бұйымдармен ауызсу, канализация құбырларын көруге болады. Осы қалалардың әртүрлі ғимарат жобаларын қазақтың сәулетшілері,  құрылысын көтерген де қазақтар болғанын жоққа шығаратын осы күнге дейін ешқандай ақпарат кездестірмедім.  Сақ заманынан 5 мың жылдан бері түркі тілдерінің ең бай қазақтың тілі сақталғанынан, қазақ халқының дәуірі 4 мың жылдан бері атауға әбден болады. 

 

Күйреу және батыстан келген қауіп

ХҮШ ғасырда бүкіл қазақ халқының өміріне мыңдаған жыл қалыптасқан Дала демократиялық мемлекетінің күйреуі басталды. Қауіп Батыстан келді.

Орыс патшалық империясы ХҮІ ғасырдан Еділ өзенінің жағалауы  өңіріндегі дербес, аз халықтарының жерін жаулап, олардың тілін, мәдениетін орыстандыруға бет алған. Чуваш, мордва, удмурт, башқұрт, татар т.б ұлттарды. Орыс патшасының кәсіби әскерлерінің саны көп, зеңбірек, мылтықтарымен қаруланған. Олар Қазақ  хандығын жаулауға кіріскенде, қазақтың тұрақты әскері болмаған, қарулары – найза, садақ, қылыш қана. Осыған қарамастан, қазақ халқы өзінің тектілігін көрсетті. Орыс басқыншыларымен ғасырға таяу соғысып, жерін қорғады. 

ХҮШ ғасырдың аяғында Сырым батырдың көтерілісі, ХІХ ғасырдың басында Исатай Таймановтың көтерілісі, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы орыс отаршылардың бекіністерін өртеп, әскерлерін тоқтатты. Соңғы ханымыз тектілігін, ерлігін көрсетті, бірақ, сатқын қазақ қолбасшы Сыпатай, ант берген ханын қырғыздардың қоршауына тастап, Кенесарының басын алғызды. 

Ресей патшалық империясы қазақ хандығын жоюға, дарқан даласын иемденуге, «бөліп ал да, билей бер» қағидасына негізделген опасыз жолды таңдады да, қазақ хандығын үш жүзге (ордаға) бөлді.  Қазақ халқының  тарихында мыңдаған жылдар үш жүзге бөлінбеген еді. «Ақтабан шұбырынды қасіретін жасаған Ресей екенін халқымыз білуі тиіс» деп тарихшы-ғалым Самат Өтениязовтың мақаласы жарияланған. («Qazaqstan dauiri» газеті, 18.01.2024 ж.).  Бұл мақаласында 1-Петр орыс патшасының отаршылық саясатын қолданып, жоңғарларға отты қару, зеңбіректер беріп, қазақты жою басты мақсаты болған. 

Орыс патшаның зымиян отаршылдық саясаты қазақтың мемлекетімен шектелмеген, ар жағында жатқан қырғыз, өзбек, түрікпен, тәжік жерлерін де жаулап алу олардың бағыты. Осыдан отарлау саясатын қазақтың айнала шекарасында әскери бекіністер салу. Орыстың бұл бекіністеріне, елді мекендеріне, ешқандай өндіріске, қару-жарақ кәсіптеріне қазақтарды жолатпаған. Мысалы, отаршылдық сауда: бір темір балта үшін орыстар қазақтардан бір қойын алған, бір шойын қазанға қазақтардан бір жылқысын алған. Отаршылардың бекіністері солтүстіктен қазақтың мал жаятын жайлауларын, оңтүстікте қыстаулар жерін тарылтқан. Осыдан мал жиі жұттан қырылған. Қазақ халқы кедейшілікке ұшырап, мыңдаған жыл дамыған мәдениетінен айырыла бастады. 

1822 жылы Қазақ хандығын жойған, орыс отаршылары қазақтың құнарлы жерлерін күшпен тартып алуға кірісті. Орнына орыс қайыршыларын (крепостнойларын) қаптата бастап, қазақ халқын шөл және шөлейт жерлерге күшпен кетірген. Жайылым жерден, жылы қыстаулардан айырылған соң, қысы қатты өз жерінде қалған қазақтар күн көріп отырған шағын малына қораларын жер үйлеріне тіркеп салған, шөп жинауға мәжбүр болған. Бұл кезеңде қазақ халқы айтып кеткен Жібек жолындағы қалаларынан айырылған, жер үйлерден, киіз үйлерден басқа ғимарат салуға қазақ сәулетшілері керек болмай қалды. 1916 ж. Орыс патша біржолата қазақ халқын қыру үшін өзінің генерал Куропаткиннің жоспарын қабылдады. Солтүстік қазақтың жерінен Ертіс, Сырдария өзен жағалауынан, оңтүстіктегі бекіністерінің орыс әскерлерімен қазақ халқын қоршап, Бетпақ даланың шөліне ығыстырып, малы қырылған соң адамы да қырылады. 

 

Кеңес Үкіметі кезінде халқымыз түбегейлі жойылып кете жаздады

1917 жылы В.И.Ленин басқарған Қазан революциясы қазақ халқын қырылудан аман қалдырды. Бұл революция отарланған Ресей қоғамын жойып, Социалистік әділетті адам теңдігінің жүйесін орнатуға ұмтылған. Большевиктік (коммунистік) партия басқарған В.И.Лениннің жарлығымен 1922 жылы отарланған ұлттардың өз жерінде автономия мен одақтас республикалар құрылды – Кеңес Социалистік  Республикалар Одағы (КСРО). 1924 жылы В.И.Ленин дүниеден озғанда И.В.Сталин (Джугашвили) келді. Діні христиан, білімі саяси шектеулі Сталин одақтас, автономия республикаларын дамытуға  орыс патшаның отаршылдық ұлыдержавалық саясатын жалғастырды. Большевиктердің атын жамылып, коммунистік партияның беделін түсіруге жол ашты.  1953 жылы И.В.Сталин дүние салғаннан кейін – орыстар ұлы халық, басқалары құл халық қағидасын бүгінге дейін қалыптастырып кетті. 

 

Қазақ халқына орыс басқарған Кеңес одағының қысқаша ғана ұлыдЕржавалық шовинистік зияны

1920-21жж. ашаршылықтан 1 миллионға жуық  қазақ халқы қырылды;

1931-33 жж. жасанды ашаршылықтан 2 млн. 500 қазақ ұлты қырылды;

1936-38 жж. түбінде қазақ халқын жою үшін ұлтымыздың қаймағын «Алаш» арыстарынан бастап, 25 мың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымызды атып тастады, түрмеде шірітті;

1929 жылы тарихымызды, мәдениетімізді бұрмалау үшін мың жыл қазақ қолданған араб қарпін латын қарпіне ауыстырды;

1940 ж. латын қарпін тоқтатып, кириллица қарпіне ауыстырып, қазақтың жазбаша мәдениетін одан әрі құлдыратты; 

1941 ж. ІІ дүниежүзілік соғыста ақылға келмейтін – немістің танкілеріне қарсы қылышпен шыққан ат әскерлі қазақтарымыз қырылған. 

1944 жылы Кавказдан кедей-кепшік, мұсылман халықтарын депортациямен (күшпен) жүк таситын вагондармен әртүрлі ұлттарды қазақ жеріне аударды. 

1950 жылдары тарихшы-ғалым ЕБекмахановты қазақтың соңғы ханын Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық соғысын орыс патшаға қарсы ғылыми еңбек жазғаны үшін 25 жылға соттаған. 

1954 ж. Қазақ Республикасын 1946-54 жж. бірінші қазақ хатшы болып басқарған Жұмабай Шаяхметовты Кеңес одағының бастығы Н.С.Хрущев жұмысынан босатты. Ж.Шаяхметов  қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған, тың игеру желеуіне, сырттан қазақтың жеріне басқа ұлттарды әкелуге, қазақ тілі мәртебесі күрескені үшін Н.С.Хрущевқа қарсы шыққан. Осылар және басқа қазақты жою жолдары мақаламда   Қазақ Республикасын басқарған тұңғыш қазақ Жұмабай Шаяхметов кім?» («Qazaqstan dauiri» газ., № 27, 11 шілде 2024 ж.).

1960 жылға дейін қазақтың жеріне орыс басшылар қалалар салып, олардың өндірістеріне Ресейден орыстарды шақырып, қазақтарды мал баққанынан шығармаған. Д.А.Қонаев кезінде жасырын қаулы болған – ірі қалаларға қазақтарды тіркемей, жолатпаған. Майқы Жұмақанов «Кто ты, ныне казах!» («Ашық алаң» газеті, №29, 04.09.2013 г.)

Жоғарғы оқу орындарын (ЖОО) әсіресе, техникалық мамандығынан  Кеңес Одағының басшылары Қазақ Республикасында ашуға асықпаған. Ресейдің қалаларынан ЖОО-да аз ғана қазақ студенттеріне оқу орнын беретін. Бірақ орыс тілін жетік білгендерге ғана. Қазақ мектебін бітіргендерге жол болмайтын. Қаланың орыс мектебін бітірген, шала қазақ отбасы ортасынан шыққан, Ресейдің ЖОО бітіргендері Отанына қайтса, олар орыс ұлтының рухынан, отаншыл намысынан әлсіреп келетін. Тіпті мәңгүрттеніп келетіндер  қазақ ұлтына ұлтсыздану зиянын келтіретін. 

 

Қазақ Республикасындағы алғашқы жоғары оқу орындары

1961 жылы Алматыда Қазақ политехникалық институтында сәулетшілерді дайындайтын құрылыс факультетінде бөлім ашылды. Топтағы 25 адамның жартысынан көбі қазақ, өзгелері орыс еді. Сәулет кафедрасы ашылғанша,  штатты бекіткенше 3-4 жыл өтті.  Жобалау институттардан сәулет пәндерін сағат бойынша ұстаздар бізге дәріс беріп жүрді. Бұл ұстаздар өздерінің қабілеттеріне, тәжірибелеріне қарай сәулет маманының не екенін бізге, алғашқы студенттерге түсіндіре білген. Екі мамандандырылған сәулет кафедралар ашылғанда «Жеке ғимарат жобалау» кафедрасының меңгерушісі Р.А.Сейдалин тағайындалған, «Елді мекендер жобалау» – Т.К. Басенов болды. Екеуі де сәулет ғылым кандидаттары. Мен осы кафедраның студенті болғанмын. Т. Басеновтан басқа тағы бір әйел инженер мамандығымен М.Р. Избасарова штатқа кірген. Мен осы екі ұстаздардан институтты бітіргенге дейін студенттерге сабақ бергенін көрген емеспін. Т.К.Басенов менің диплом жұмысыма жетекші болып, диплом жасаған 4 ай ішінде бір рет те  қасыма келген емес. Оқуды бітіріп, бір жыл сәулетші жұмысын Алматыда істедім. Институтты 1966 жылы үздік белгімен бітіргендіктен, ҚазСРО-ның жолдамасымен Мәскеу сәулет институтының  (МАрхИ) аспирантурасына бардым. Емтихан тапсырған кезінде Грузин сурет академиясының талапкеріне 1-ші сурет емтиханына «2» баға қойып, оқуын тоқтатты. Мені де соңғы «жобалау»  емтиханыма «2» баға қойып, аспирантураға жолатпады.

Мұндай әділетсіздікке шыдамай, Мәскеуде тұрақты қызметтегі Қазақстанның өкілі Ғалым Сүлейменовке бардым. МАрхИ-да аспирантураға маған себепсіз жол жапқаны туралы айттым. Ол кісі күліп жіберді де: «Одақты орыс билеп отырғанда әлі талай қазақтар да, басқа ұлттар да заңсыз оқудан қағылады. Сіздің ісіңіз шешіледі, ертең келіңіз, жоғарғы білім министрі Қали Біләловпен сөйлесемін, жауап сонда болады», – деді. Ертеңінде мен келгенде  Ғалым ағамыз маған қолын беріп құттықтап: «Бір жыл сынақ мерзімін (стажировка) емтихан тапсырасыз», – деді. Сонымен менің аспирантурам 3 жылдың орнына 4 жылға созылды. Диссертациямды мерзімінен ерте бітіріп, кезектен тыс 1972 жылы қорғадым.

 

Мәскеу ғалымдарының астарлы ақиқаты туралы

Грузин мен қазаққа жоғарғы оқу орындарын үздік белгімен бітірсе де, емтихандарына «2» деген баға қойып, аспирантураға алмағаны. Біріншіден – пікір туғызу үшін Одақтас республикаларында білім беруі,  өнер қабілеттері өте төмен дегенді тарату. Екіншіден – Грузин,  Қазақ республикаларының ақшаларына Мәскеудің орыстарын аспирантураға қабылдау, бұл «орыс – ұлы халық, басқалары – құл халық» жалған қағидаларын Кеңес Одағына тарату. Жалпы, Мәскеуде 4 жыл оқуда жүріп, орыс халқының осы жалғандығы ұлыдержавалық шовинизмнің ұстанымы екеніне көзім жетті.  Алматыға Қазақ политехникалық институты сәулет факультетіне 1972 ж. наурыз айында келдім. 3 жыл жас маман ретінде «Елді мекендерді жобалау» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болып жобалардан сабақ бердім, лекциялар оқыдым, диплом жүргіздім, әдістемелік ғылыми мақалалар жаздым, АС–70-3 студент тобына үздік тәрбиеші (куратор) атандым, Республикалық «Лениндік комсомол иегері» ғылыми конкурсқа қатыстым, қоғам жұмыстарын да атқардым. Оқу процесі кафедрада, жалпы факультетте дұрыс жүрді деп айтуға ауыр. Мысалы, инженер М.Р.Избасарова елді мекендердің сәулетін шын мәнінде не екенін білмей, 80 жастан аса дүниеден озғанша сабақ беріп жүрді. Кафедра меңгеруші Т.К.Бәсеновтың 3 жылда студенттерге лекция оқығанын естіген де, көрген де емеспін. Оған және басқа зейнеткер ұстаздарға студенттерге дәріс бере алмағандықтан  наразылық жиі болып тұрды. Кафедрада қалдыратын жас маман оқытушылар сәулет өнеріне дарынсыз, бұрынғы, қазіргі лауазымдардың балалары. Бұлар сәулет мамандарында ешқандай тәжірибесі жоқ, құрылыс өндірісінен хабарсыз, студенттердің алдында беделі болмайтын. 

«Жеке ғимарат жобалау» кафедрасында шет елдерінің сәулет тұлғаларының ғимараттарымен таныстырмай, талқылау лекциялары оқылмайтын кафедра меңгерушісі М.Г.Сейдалин болған. Осы айтылып кеткен кафедраларға ауыр жағдайды жеңілдету үшін әртүрлі жиын, жиналыстарда көтеріп жүргенмін. Бірақ, қалыптасқан теріс оқу процесіндегі жағдайды түзету емес, «тарлан» ұстаздар өзімді түзетуге бағыт алды, жұмыстан шығаруды мақсат етті. Есесіне мен Т.К. Бәсеновтың зейнеткер «тарландарын» Смоленский мен И.И.Белоцерковскийді жұмысынан кетіруге ықпал жасадым. 

Орталық комитет Компартияның ғылым және оқу орындарының меңгерушісі Санжар Жандосов менің арызым бойынша 1975 ж. Т.К.Бәсеновты жұмысынан босатқызды. Өзімді де, сол жылы, келісіп алған факультет ғылыми кеңесінің мүшелері, жасырын түрде жұмысымнан босатты. Заңсыз, әділетсіз, оларға студенттердің мамандығын сапасы емес, маған қарсы дауыс бергендері өздерінің дарынсыздығын, ұстаздық қабілетсіздігін, шала білімсіздігін жасыру үшін деп ректор А.К.Омаровқа арыздандым. Бірақ, тексеруші арызымды тексермей, бұрмалап, ақиқатты белшесінен басып тастады. Сол жылдары ғылыми кеңестер дауларын соттар әлі қарамайтын. Сондықтан, «Жоғарғы және арнайы орта білім» беру министрлігіне бардым. Кадрлар бөлімінің бастығы менің құжаттарымды қарап: «Сізге медаль беру керек», еңбек кітапшамды алып қалып, ертең келіңіз деді. Ертеңінде кадр бастығы маған құжаттарымды қайтарып, еңбек кітапшама «өз еркімен жұмыстан босатылды» деп жазып берді,  министрдің орынбасары Сағындық Кенжебаевтың қолы тұрды. Бұл қалай деген сұрағыма жауап: тамыр-таныстық пен дарынсыз және сыбайлас жемқорлықпен студенттерді дипломға жеткізу үшін, декан, ректорларға «тілалғыш» ұстаздар керек, ал сіз сияқты тек қана заңға, тәртіпке бағынатындарды жұмысынан босату  дертке айналған құбылыс болды. Бұл сонау 1975 жылы айтылған еді. 

(Жалғасы бар)

Төлеубек СЕЙІТҚАЛИҰЛЫ, 

Сәулет ғылымдарының кандидаты, 

профессор,   КСРО Сәулетшілер, 

ҚР Журналистер одақтарының  мүшесі, 

қоғам қайраткері

13.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23828
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23499
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40553
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36941
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41179