Маусымның аяқталуына 3-ақ ойын қалған сәтте турнирлік кестедегі жағдай шиеленісе түсті. Қостанайдағы дауға қалған төрешілік, Ақтаудағы аспаннан жауған голдар, Алматыдағы покер. Чемпиондыққа талас жалғасуда.
«Ақжайық» – «Тараз» – 0:0
Турдың алғашқы болып шымылдығын ашқан ойын Оралдағы «Ақжайық» пен «Тараз» арасындағы ойын болды. Турнирлік кестедегі соңғы орында келе жатқан «Ақжайық» сөмкелерін жинап, жоғарғы лигамен қош айтысуға дайындалып жатқан секілді. Ал көптен бері жеңістің дәмін ұмытқан «Тараз» да бұл ойында көш соңындағы команданы ұта алмай, тең есеппен тарқасып үйлеріне қайтты.
«Каспий» – «Мақтаарал» – 2:4
Аспаннан гол жаудырған ойында жетісайлық құрама қайсар мінезін көрсетті. 1-тайм ақтаулықтар 2:0 есебімен алда келе жатқанымен, оңтүстік ұжым артынша 4 бірдей доп салды. Жоғарғы лигада алғашқы дебюттік жылын өткізіп жатқан «Мақтаарал» төменгі лигаға оралғысы жоқ.
«Ордабасы» – «Шахтер» – 1:0
Шымкеттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы стадионында өткен бұл ойында бір ғана гол салынып, «Ордабасының» пайдасына шешілді. Қос құраманың турнирлік кестедегі жағдайы бірдей екенін айтып өтейік. Кестенің ортасында тұрған құрамалар үшін маусымның соңына дейін ешқандай қауіп те, үміт те жоқ.
«Тұран» – «Ақсу» – 0:1
Жалпы бұл турда оңтүстік өңірдің құрамалары жеңіліссіз жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқанымен, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, түркістандық «Тұран» өз алаңында павлодардық «Ақсудан» жеңіліс тапты. Бұл ойыннан кейін«Тұранның» да жоғарғы лигамен қош айтысу қаупі бар.
«Қызылжар» – «Атырау» – 3:1
Қызықтың бәрі 2-ойын күнге қалған секілді. Екінші күннің шымылдығын ашқан ойын Петропавлдағы «Қызылжар» мен «Атырау» арасындағы ойында да голдар саны аз болған жоқ. «Қызылжардың» бұл жеңісі жоғарғы лигадан ұшып кетуінің қаупін сәл шегіндірген секілді. Бұл ойында Али Алиевтің шәкірттері өз қарсыласынан басым болғаны сөзсіз.
«Тобыл» – «Ақтөбе» – 1:0
Ал турдың ең басты да орталық ойыны Қостанайда болды. Сонымен қатар шуға да, дауға да қалған осы ойын. Қостанайлық «Тобыл» өз алаңында күмәнді пенальти арқылы, төрешінің көмегі арқылы көш басында тұрған «Ақтөбеден» басым түсті. Бұл ойында жанкүйерлер мен спорт мамандары тараздық төреші Сәкен Байымбеттің әрекетіне наразы. Ол 82-минутта «Ақтөбе» қақпасына күмәнді пенальти белгіледі. Сонымен қатар Серікжан Мұжықовқа екі рет пенальти тепкізді. «Тобыл» алғашқы мүмкіндігінде мүлт кеткен болатын. Маусымның соңында «Ақтөбені» аяқтан шалып, «Астананы» алға шығарғысы келгендері ме екен? Осы ойыннан кейін «Ақтөбе» мен «Астана» арасында 1 ұпай ғана қалып отыр.
«Қайрат» – «Астана» – 0:4
Алматыдағы бұл ойында да алғаш болып төреші көзге түскен. Ойынның алғашқы минуттарында-ақ «Қайрат» қақпасына 11 метрлік айып добын белгілегенімен, қақпашы алғашқы соққыны қайтарды, алайда кейінгі төрт допты жіберген қақпашыны да кінәлай алмаймыз. Тимур Досмағамбетовтың төрт бірдей голы, яғни покері алматылық жанкүйерлерді үйлеріне көңілсіз қайтарды. Өйткені ең көп жанкүйерді жинаған да осы ойын болды. Алматының орталық стадионына 14000 жанкүйер жиналған. Осы ойыннан кейін «Ақтөбе» мен «Астана» арасында 1 ұпай ғана қалып отыр.