Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар Арландары» спорт клубының мүшесі Мұхит Тұрсынов Румынияның Констанца қаласында халықаралық этникалық мәдениет фестивалі аясында қазақ күресінен өткен Әлем кубогында жеңіске жетті. «Qazaq kuresi» қауымдастығының мәліметінше, Румынияның Констанца қаласында өткен Әлем Кубогына 21 елден келген 128 балуан қатысты. Жарысты Қазақстан Республикасының «Qazaq kuresi» қауымдастығы, Румыния «Qazaq kuresi» қауымдастығы және Румыния Сыртқы Істер министрлігі ұйымдастырған. «Бұл – Әлем чемпионатының алдындағы дайындық жарысы деуге болады. Оған халықаралық мамандардың төл өнерімізге берген жоғары бағалары дәлел. Жарыс барысында солтүстікқазақстандық балуан Мұхит Тұрсынов 100 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды», – делінген хабарламада. Әлем кубогы барысында ұлттық дәстүр насихатталып қана қоймай, өзге күрес түрлерінен де фестивальдар өтті. Атап айтқанда, құраш, аба және қырым күрестері бойынша сайыстар, ат жарыс, садақ ату, семсерлесу, найзамен айқасу сынды көшпенділер ойындары өтті. Сондай-ақ тоғызқұмалақ және мангала ойындарының таныстырылымы ұйымдастырылды. Қазақ күресінен Әлем Кубогында топ жарған спортшылар медальдармен және ақшалай сыйақымен марапатталды.