ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ: АТАНЫҢ ЖОЛЫ, АНАНЫҢ ОРНЫ

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ:  АТАНЫҢ ЖОЛЫ, АНАНЫҢ ОРНЫ

Қазақ қоғамының тереңінде жатқан отбасы философиясын түсіну үшін ең алдымен әркімді өз орнында құрметтеу ұғымына назар аударған жөн. Бұл – бірін жоғары, бірін төмен қою емес, әр адамның табиғи орнын, міндетін, жауапкершілігін, қадір-қасиетін тану. Қазақ үшін отбасы – билікке таласатын орын емес, өзара жауапкершілік пен сыйластық тоғысатын қасиетті шаңырақ.

Ер адам – отағасы,

 отбасының иесі, 

әулеттің тірегі

 

Осы тұрғыдан қарағанда, атаның жолы мен ананың орны бір-біріне қарсы қойылатын ұғымдар емес. Олар – бір шаңырақтың тұтастығын ұстап тұрған екі арна. Ата жолы – ұрпаққа бағыт беретін жауапкершілік болса, ана орны – сол жауапкершілікті адамдық қасиетке айналдыратын тәрбие мен мейірімнің арнасы.

Қазақ танымында ер адам отағасы, отбасының иесі, әулеттің тірегі деп бағаланған. Бірақ мұндағы «иелік» ұғымын билік жүргізу немесе меншіктеу мағынасында түсіну – дәстүрлі дүниетанымның ішкі мәнін тарылту. Отағасының қадірі төрде отыруынан емес, шаңырақтың жүгін көтеруінен көрінген. Оның міндеті – отбасының абыройын сақтау, ұрпағының келешегіне жауап беру, әулет алдындағы борышын өтеу.

Сондықтан ата жолы – артық құқықтың емес, артық жауапкершіліктің жолы.

Әке – ұрпақ жалғастығына жауапты тұлға. Ата – сол жалғастықтың жады. Отағасы – бүгінгі шаңырақтың жүгін көтерген адам. Бұл жерде «аталық» ұғымы да биологиялық жаратушы деген мағынада емес, ұрпақ алдындағы аталық міндетті арқалау деген таныммен сабақтасады. Жалғыз Жаратушы – Алла. Адам өмірі Оның қалауымен жаратылады. Әке – сол ұрпақ жалғастығындағы аталық жауапкершілікті арқалаған жан болса, ана – құрсағында көтеріп, дүниеге әкеліп, ақ сүтімен өсіретін қасиетті тұлға.

Осыдан барып ерді биіктету арқылы әйелді төмендету емес, әйелді биіктету үшін ерді төмендетпеу деген тұжырым туады. Ердің беделі – үстемдіктен емес, жауапкершіліктен. Әйелдің қадірі – бағыныштылықтан емес, өзгенің орнын тани білетін кісіліктен көрінеді.

Қазақ әйелі шаңырақтың күнделікті тіршілігін ғана атқармаған. Ол адам арасындағы нәзік байланысты сезінген, үлкеннің қадірін, кішінің көңілін, сөздің салмағын таныған. Кейде бір ауыз сөзбен көңілге түскен сызатты жазып, бір ауыз сөзбен үй ішінің берекесін сақтаған. Мұндай байып – үнсіз төзу емес. Ол – өмірден жинақталған тәжірибеге, адам тануға, парасатқа сүйенген ішкі мәдениет.

Қазақ келінінің табиғатында ұяңдық пен балажандылық егіз өріледі. Ұяңдық – оның жасқануы емес, өзгенің көңілін, үлкеннің қадірін, сөздің салмағын жүрекпен сезінуі. Әрине, сол  уызсанадан бүр жарған ұяңдықтың астарында, таңның тамшы сәулесіндей ғаламат қуат пен қайсарлықтың және намыстың алауы бар. Осы табиғи ұяңдықтың мәдениетке айналған ең көркем көріністерінің бірі – келіннің сәлем етуі.

Келіннің сәлемі – жай ғана иілу емес, үнсіз айтылған үлкен бір сөз. Онда «сізді құрметтеймін», «орныңызды білемін», «осы әулеттің үлкенін қадірлеймін» деген ізгі ниет бар. Бір сәттік ишараға тұтас бір әдептің мәнін сыйғызған мұндай дәстүр – қазақтың сөзсіз сөйлейтін, қимылмен ұғындыратын ұлттық мәдениетінің інжу-маржаны.

Сәлем ету арқылы келін өз кішілігін ғана емес, өзгенің ұлылығын да мойындайды. Бұл – өзін төмендету емес, адамды өз орнында ардақтау. Иба, ишара, ізет пен әдеп осындай нәзік үйлесім тапқанда ғана мәдениет адамның мінезіне айналады. Сондықтан келіннің сәлемі – сыртқы рәсімнен әлдеқайда терең, адамды адам арқылы тануға негізделген теңдесі жоқ ұлттық мәдени құбылыс.

Ал сол ұяңдық уақыт өте келе аналық мейірімге ұласады. Сезімтал жүрек балаға келгенде елжіреп, мейірімге айналады. Баланың күлкісіне қуанып, жылағанына алаңдап, маңдайынан сипаған әр қимылынан аналық жылу сезіледі. Қазақ келінінің ұяңдығы – әдептің бастауы болса, балажандығы – сол әдептің жүректегі жалғасы. Келіннің кішілігі ананың парасатына, ал ананың мейірімі ұрпақтың адамдық болмысына айналады.

Ана – баланың дүниені тануындағы алғашқы орта. Оның дауысы – бала еститін алғашқы үн, әлдиі – алғашқы әуен, сөзі – алғашқы тілдік орта, мейірімі – баланың адамнан көрген алғашқы жылуы. Бала ұят пен обалды, үлкенді сыйлауды, кішіні қорғауды, әлсізге қамқор болуды, адам көңілін жараламауды ең алдымен шаңырақтағы қарым-қатынастан сезініп үйренеді.

Сондықтан ана тәрбиесі – баланы өсіру ғана емес, оның ішкі адамдық өлшемдерін қалыптастыру.

Қазақ дүниетанымында «ана сүті», «ақ сүт», «ана әлдиі», «ана тілі», «ана тәрбиесі», «ана жүрегі», «Ел анасы», «Жер-ана», «Отан-ана» деген ұғымдардың молдығы да кездейсоқ емес. Мұнда ана бейнесі бір адамның ғана аты емес, өмірдің, тәрбиенің, тілдің, жердің, елдің рухани бастауы ретінде кеңейіп отырады.

 

Ана сүті – тәннің нәрі, ана тілі – 

сананың нәрі

 

Бала анасының күнделікті әрекетінен көп нәрсені сөзсіз үйренеді. Үлкенге қалай қарағанын, кішіге қалай сөйлегенін, қонақты қалай қарсы алғанын, дастарқанның қадірін қалай сақтағанын көріп өседі. Осы көрінбейтін тәрбие бірте-бірте баланың мінезіне сіңеді. Мінезге сіңген нәрсе кейін мәдениетке айналады.

Осы жерде қазақтың дүниетанымдық сар/ес ұғымының мәні ашылады. Сар/ес – өткенді сол күйінде қайталау емес, оның мәнін жоғалтпай, дұрыс бағыттағы ішкі сабақтастықты жалғастыру. Өткеннің сыртқы түрін ғана сақтау жеткіліксіз. Оның адамды адам ететін өзегін сақтау маңызды.

Ата сол сабақтастықтың бағытын танытса, ана оның мәнін баланың жүрегіне жеткізеді. Ата – әулеттің кім екенін еске салса, ана – сол әулеттің қандай болуға тиіс екенін күнделікті өмірімен көрсетеді.

Осылайша ата жолы мен ана орны бір арнаға тоғысады.

Бұл арнаның алғашқы нәрі – уызсана. Уызсана – адамның өзінің рухани бастауын, тілін, тәрбиесін, ұлттық болмысын, атадан қалған аманатын сезінуі және оның қадірін білуі. Ал сол сана күнделікті өмірде әрекетке, әдепке, қарым-қатынасқа айналғанда уызмәдениет қалыптасады.

Уызмәдениет кітаптан басталмайды. Ол шаңырақтан басталады.

Бала төрдің қадірін үлкенге көрсетілген құрметтен, босағаның қасиетін үй ішінің тәртібінен, дастарқанның берекесін бірге отырған адамдардың сыйластығынан, қонақтың қадірін қонақжайлықтан сезінеді. Дәстүрдің өміршеңдігі де оның сыртқы рәсім болып қалмай, адамның мінезіне айналуында.

Қазақтың қоғамдық мәдениетінің алғашқы әліппесі шаңырақта жазылады.

Үлкенді сыйлау – қоғамдық әдепке, кішіні қорғау – азаматтық жауапкершілікке, ортақ дастарқан – ортақ игілік түсінігіне, ана тілі – ұлттық жадқа жалғасады. Отбасындағы қарым-қатынас кеңейген сайын оның адамдық өлшемдері де қоғамдық кеңістікке шығады.

Сондықтан отбасы мәдениетінен қоғамдық мәдениетті бөліп қарау қиын. Үйінде өзгенің қадірін таныған адам қоғамда да адамның құқығы мен абыройын бағалауға бейім болады. Үйінде жауапкершілікті сезінген адам мемлекет алдындағы жауапкершілікті де тереңірек түсінеді.

Бүгінгі заманда сырттан келген өлшемдермен қазақтың дәстүрлі ұғымдарын бағалау жиі кездеседі. Отағасын – үстемдік иесі, иелікті – меншіктеу, келіннің сәлемін – бағыныштылық, үлкенді сыйлауды – шектеу деп түсіндіру дәстүрдің ішкі философиясын толық ашпайды.

Дәстүрдің сыртқы формасына ғана емес, оның адамдық мақсатына қарау керек.

Өйткені дәстүр өзгермейтін тас мүсін емес. Оның сыртқы үлгісі заманға қарай өзгеруі мүмкін, бірақ адамды адам ететін ішкі мәні жоғалмауға тиіс. Қазақ дәстүрін сақтаудың ең дұрыс жолы – оның сыртқы қалпын өзгертпей ұстау емес, рухани өзегін бүгінгі өмірге лайықтап жалғастыру.

Әйелдің білім алуы, еңбек етуі, қоғамдық өмірге араласуы – аналық болмысты жоққа шығармайды. Сол сияқты ер адамның жауапкершілігін мойындау – әйелдің мүмкіндігін шектеу деген сөз емес. Керісінше, ердің жауапкершілігі әйелдің қадірін қорғап, оның еркін дамуына жағдай жасағанда ғана өз мәніне жетеді. Ал әйелдің рухани ықпалы ердің абыройын әлсіретпей, оның жауапкершілігін адамгершілікпен толықтырғанда отбасы тұтастығы беки түседі.

Мұнда мәселе міндеттерді қатаң бөліп қоюда емес, бір-бірінің қадірін танып, жауапкершілікті өзара көтеруде.

Қазақ қоғамының түпкі өлшемі – кісілік.

Кісілік бар жерде ер өзін билеуші емес, жауапты адам деп түсінеді. Әйел өзін бағынышты емес, өз орны мен қадірін білетін тұлға ретінде сезінеді. Бала үлкенге қорыққанынан емес, құрметтегенінен иіледі. Үлкен төрге жасына ғана емес, адамдық үлгісіне қарай лайық болады.

Отбасындағы әділет – қоғамдық әділеттің алғашқы мектебі. Үйдегі жауапкершілік – азаматтық жауапкершіліктің бастауы. Шаңырақтағы сыйластық – қоғамдағы өзара сенімнің негізі.

Ал ұлттық саясат пен мемлекеттік идеологияның да тамыры осы ұлттық құндылықтардың күнделікті өмірде қаншалықты орныққанына байланысты. Мемлекет заңмен, экономикамен, институттармен өмір сүргенімен, сол заңды орындайтын, сол институттарға сенетін, сол қоғамның жүгін көтеретін – адам.

Демек, мемлекеттің ішкі қуаты азаматтың кісілігімен де өлшенеді.

Уызсана адамға: «Мен кіммін? Қайдан келдім? Мені қандай рухани орта қалыптастырды?» деген сұрақтарды қойғызады. Уызмәдениет сол сұрақтарға күнделікті мінез-құлықпен жауап береді. Ал мінезден жауапкершілік туады, жауапкершіліктен қоғамдық тәртіп пен сенім қалыптасады. Қоғамдық сенім орныққанда ғана мемлекеттік қуат нығаяды.

Сондықтан ұлттық құндылықтың ең алғашқы мекені – шаңырақ. Ұлттық сананың ең алғашқы бесігі – ана әлдиі. Ұрпақ сабақтастығының ең көне жібі – ата аманаты. Ал сол екеуін жалғап тұрған көрінбейтін арна – отбасының ішкі мәдениеті.

Ата жолы – ұрпаққа жеткен аманаттың бағыты, әулеттің жады мен жауапкершілігі.

Ана орны – сол аманатты жүрекке жеткізетін тәрбие, мейірім, тіл және рухани жылу.

Ал қазақ келінінің ұяңдығы мен балажандылығы – осы екі арнаның арасындағы нәзік жалғастық. Оның сәлеміндегі иба, үлкенге деген ізеті, келіннен анаға ұласқан мейірімі – дәстүрдің сыртқы көрінісі ғана емес, қазақтың адамды өз орнында ардақтайтын терең мәдениетінің белгісі.

Сондықтан ата жолын өткеннің көлеңкесі емес, жауапкершіліктің сабағы; ананың орнын тұрмыстық міндет емес, ұрпақтың рухани бастауы деп түсінуіміз керек.

Қазақ қоғамының Темірқазығын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол – өз шаңырағымыздың ішкі мәдениетінде, әркімді өз орнында құрметтеуден басталатын кісілікте.

Қазақ қоғамының Темірқазығы – ата жолы, ананың орны және ұрпаққа жалғасқан сол рухани сабақтастық.

14.10.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 28599
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 28114
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 45429
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41081
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 45741