Қазақ театрының тарланы еді...

Қазақ театрының тарланы еді...

Есмұхан Обаев – ұлттық сахна өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті режиссер, ұлағатты ұстаз. Ол бар ғұмырын театрға, ұлт руханиятына арнап, қазақ режиссурасының қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді.

Есмұхан Несіпбайұлы 1941 жылы Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келген. 1960-1964 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы театр факультетінде білім алып, режиссура мамандығын үздік тамамдады. Кейін Мәскеудегі МХАТ жанындағы жоғары режиссерлік курста білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырды.

Еңбек жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында бастап, кейін Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры мен Семейдегі Абай атындағы Семей облыстық музыкалық драма театры сияқты іргелі өнер ордаларында қызмет етті. Әсіресе, Семей театрындағы жылдары оның шығармашылық тұрғыдан толысқан кезеңі болды.

Режиссер ұлттық және әлемдік драматургияны қатар игеріп, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов шығармаларымен қатар Уильям Шекспир, Николай Гоголь, Лев Толстой туындыларын сахналады. Сонымен бірге О. Бөкей, Д. Исабеков, Т. Нұрмағамбетов, Н. Оразалин, Р. Сейсенбаев, Б. Мұқай сынды қаламгерлердің пьесаларын театр сахнасына батыл алып шығып, олардың кең танылуына ықпал етті.

1992-1995 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып, өнер саласына жас мамандар даярлауға үлес қосты. Кейін мәдениет саласында мемлекеттік қызметтер атқарып, халықаралық деңгейде қазақ мәдениетін танытуға еңбек етті.

2013 жылдан бастап М. Әуезов театрында директордың кеңесшісі қызметін атқарып, өмірінің соңына дейін осы театрда аға буынның ақылшысы, жас толқынның бағыт берушісі болды.

Есмұхан Обаевтың режиссерлік қолтаңбасы терең психологиялық талдаумен, ұлттық бояумен және сахналық шешімнің дәлдігімен ерекшеленді. Ол кейіпкердің ішкі әлемін ашуға, драматургиялық ойды көрермен жүрегіне жеткізуге баса мән берді. Әр қойылымында ұлт рухы мен адам тағдырын қатар өріп, театрды үлкен рухани мінберге айналдырды.

Ол тек режиссер ғана емес, нағыз ұстаз болды. Есмұхан Обаевтың ұстаздық болмысы – оның шығармашылық тұлғасымен тең дәрежеде бағаланатын асыл қыры. Ол дәріс оқыған аудиторияда да, репетиция залында да ең алдымен тәртіп пен талғамды талап етті. Бірақ осы талапшылдықтың ар жағында үлкен жанашырлық, шәкіртке деген шынайы қамқорлық жататын. Ұстаз ретінде ол тек кәсіби білім берумен шектелген жоқ. Есмұхан Обаев шәкірттеріне өмірлік бағыт-бағдар беретін, адамдық болмысты қалыптастыратын тұлға болды. Ол үшін шәкірт – жай ғана студент немесе жас актер емес, тағдырына жауапты жас тұлға еді. Сондықтан олардың шығармашылық жолына ғана емес, өмірлік жолына да бейжай қарамай, үнемі қамқорлық танытып отырды.

Оның тәрбиесін көрген көптеген шәкірттердің бағын ашып, үлкен сахнаға жол салуына тікелей ықпал етті. Жас талантты байқаса, оны қолдап, бағыт беріп, қажет жерде қорғап, қажет жерде талап қоя білді. Ең бастысы – сол шәкірттерімен байланысын үзбей, олардың жетістігіне қуанып, қиын сәттерінде ақыл-кеңесін айтып, өмір бойы жанынан табылатын. Есмұхан Несіпбайұлының шәкірттерімен қарым-қатынасы ерекше жақын болды. Ол олармен ресми ұстаз ретінде ғана емес, әкелік мейіріммен араласты. Көпшілік үшін ол ақылшы аға болса, көптеген жастар үшін әке орнына әке бола білді. Театрға жаңадан келген жас буынға да дәл сондай қамқорлықпен қарап, олардың ортаға сіңісіп кетуіне, шығармашылық тұрғыдан қалыптасуына ықпал етті.

Ол ашық-жарқын мінезімен, кең пейілімен ерекшеленді. Қарапайымдылығы мен адамға жақындығы оны айналасына сыйлы етті. Кез келген адаммен тіл табыса білетін, үлкенмен де, кішімен де бірдей дәрежеде сөйлесетін қасиеті оның табиғи болмысының ажырамас бөлігі еді. Сондықтан да Есмұхан Обаевтың тұлғасы – тек үлкен режиссердің ғана емес, тұтас бір буынға жол көрсеткен, тағдырларға ықпал еткен, шынайы өмірлік ұстаздың бейнесі ретінде бағаланады.

Оның тәрбиесін көрген жас актерлер мен режиссерлер кәсіби шеберлікпен қатар, өнерге деген адалдықты, жауапкершілікті бойына сіңірді. Ол үшін театр – тек кәсіп емес, рухани миссия, ұлт алдындағы аманат еді. Сондықтан ол шәкірттеріне де осы жауапкершілікті сезіндіре білді. Бүгінде оның тәлімін алған көптеген өнер қайраткерлері еліміздің әр өңіріндегі театрларда жемісті еңбек етіп, қазақ сахна өнерінің дамуына үлес қосып келеді. Бұл – ұстаз еңбегінің өміршеңдігінің айқын көрінісі.

Есмұхан Несіпбайұлының ел алдына шығып сөйлеген әрбір сөзі салмақты да мағыналы болатын. Оның сөз саптауы шұрайлы, ойы нақты, тұжырымы терең еді. Ол көп жағдайда күрделі мәселелердің түйінін қысқа да нұсқа, тапқыр сөзбен жеткізе білетін. Әзілге де жақын, орнымен айтылған жеңіл қалжыңы арқылы ортаны жандандырып, әріптестері мен шәкірттерін өзіне тарта түсетін.

Есмұхан Обаевтың азаматтық болмысы да ерекше еді. Ол қай қызметте жүрсе де қарапайымдылықты, әділдікті, елге қызмет етуді биік қойды. Әріптестері үшін парасатты тұлға, шәкірттері үшін ақылман ұстаз, кейінгі буын үшін үлкен өнеге болып қалды.

Оның есімі мен еңбегі қазақ мәдениетінің тарихында мәңгі сақталады. Есмұхан Обаев қалыптастырған режиссерлік мектеп, сахналаған спектакльдер, тәрбиелеген шәкірттер – ұлттық өнердің мәңгілік мұрасына айналды.

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық драма театрының баспасөз қызметі

23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24557
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24220
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41672
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37563
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41942