Әлеуметтік желіде Президент Тоқаевтың кешегі сұхбаты туралы гу-гу қауесет өршіп тұр. "Суфлерге қарап сөйледі, бәрі байқалып тұрды" деп жіті көздер де аңғарғанын жазып жатыр.
Менің айтқым келгені, негізі Тоқаев аңғал адам. Сосын өте сенгіш. "Егер мынаны істесеңіз , халыққа ұнап қаласыз " десе имандай сеніп келісе кететін секілді. Орысша білім алғандықтан болар менталитеті де басқалау. Қазақы қулық-сұмдықтан, қатпар-қатпар қылжақ-әзілден де ада. Бәрін тура мағынада қабылдайды.
Көзі де ойнақшымайды. Маңайындағы кейбір адамдардың сөзіне, мәліметіне тез иланады шамасы.
Кеше Президент қазақ тілді басылымдарды оқитынын айта келе "Егемен Қазақстан" мен "Айқынды" тілге тиек етті. Сол кезде көптің есіне атамыз қазақтың: "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді" дегені түскені анық.
Алғаш президент болып сайланғанда осы екі газетке көлдей-көлдей қылып "сұхбат берген" Тоқаев мырза. Сол сұхбатты оқығандар ішінде таң қалмаған адам жоқ шығар. Енді ше.
Тіл дегенің төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр. Сөз саптауы қандай! Орам-орам ойларын айтсаңшы бәрінен...
Сұхбатты оқып отырып біздің Президент орыс мектебін бітірген деуге аузың бармайды тіпті. Жә, оны қояиық.
Журналистің қойған сауалына жауапты суфлерден оқып берді дегенге оралайын: ол жерден оқып беруге де шеберлік керек ағайын. Егер дайын мәтінді шатып-бұтып оқып бере алмай жатса қайтер едік? Тәубе деу керек қой. Ең бастысы халықтың ішіндегі ойлар жеткізілді. Президент құлағдар болды көп нәрсеге.
Сұраққа жауап жақсы дайындалыпты дейсіз бе? Ол да еңбек...
Қуану керек, президент өз міндетін атқарды. Көптің алдына шықты. Көрінді. Қазақша сұқбат берді. Басқа не керек?