Қазақстанның жаһандық бастамалары

Қазақстанның жаһандық  бастамалары

Халықаралық қауымдастықтың жауапты да белсенді мүшесі ретінде бастамалар көтеріп жүрген Қазақстанға әлем назары ауып отырғаны бәрімізді қуантады. Еліміз алмағайып заманда бейбітшіл саясат ұстанып және халықаралық саясатта өз орнын қалыптастыру үшін үлкен де маңызды саяси бастамалар көтеруді қолға алғаны белгілі. Халықаралық аренада маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, сонымен бірге түйінді мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып та жүр. Қазақстанның бітімгерлік бастамалары мен елдің ішкі дамуына қызмет етіп жатқан бағдарламалары Орталық Азияда көшбасшы болуымызға септігін тигізуде. АҚШ және басқадай ірі мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастарымыз да өз жемісін беруде. Қазақ айында Астанада өткен саммит те соған куә. Бұған дейін біздің ел тарапынан халықаралық маңызы бар мынандай бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылған еді

  1. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстан төрағалық еткен 2010 жылы болды. Қазіргі таңда Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америка елдерінің 56 елі мүше болып отырған салмақты саяси ұйымға ТМД елдерінің ішінен бірінші болып басшылық ету еліміздің халықаралық аренадағы беделінің қандай екенін көрсетсе керек. Еліміздің басшылығы аталған ұйымға басшылық етіп қана қоймай, 1999 жылдан бері болмай келе жатқан саммитті де өткізуді қолға алды. 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бесінші рет саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың арасында БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, Ресей Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германия Федеральдық Канцлері Ангела Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони және тағы басқалар болды. Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы жағдай және көпке созылып келе жатқан қақтығыстарды шешу жайы саммиттің негізгі тақырыптары ретінде талқыланды. Кездесу соңында Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде және Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, Ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын қуаттау туралы айтылды. Сонымен бірге, қатысушы елдер өкілдері әлемде орын алып отырған қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және жаңа қатерлерге лайықты түрде қарсы тұру мүддесі жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қою керектігін атап өтті.
  2.  Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналған әлемдік масштабтағы үлкен шаралардың бірі. Форумда 120 елден әлемге танымал саясаткерлер, сарапшылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері және түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады. 2008 жылы алғашқы форум өтіп, сол кезде басталып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылап, бірден ықпалды халықаралық алаңға айналып үлгерді. Жыл сайын өтіп келе жатқан экономикалық сұхбат алаңында әлемдік өзекті экономикалық және қаржылық проблемалар талқыланып қана қоймай, онда нақты шешімдер Біріккен Ұлттар ұйымынан бастап, түрлі халықаралық ұйымдарға ұсынылып келеді. Биыл XI Астаналық экономикалық форумы 17-19 мамырда Global Challenges Summit жаңартылған форматында өтіп, оған әлемнің 101 елінен 300-ден астам спикер және 6120 қатысушы жиналды. Форум барысында әлемдік сарапшылар қауымдастығы бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған сын-тегеуріндерді – ресурстық тұрақтылықтан және ұзақ ғұмырға дейін, жаһандық қауіпсіздіктен және болашақтың мега-қалаларын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді талқылау үшін бірікті.
  3. Сирия бойынша Астана процесі. Сирия Араб Республикасында талай жылдан бері жергілікті халықты әбден мезі қылып, ұлттық трагедияға айналған соғыс жүріп жатқанын білеміз. Қазақстан басшылығы, жоғарыда атап өткеніміздей, бейбітшілік саясатын ұстанатын ел болғандықтан, басқа елдерді, әсіресе қантөгістер көп болып жатқан мемлекеттерді ымыраға шақырып, бітімгершілік шараларымен айналысып жүргені белгілі. Шам еліндегі азаматтық соғыс лаңкес ұйымдардың қазіргі Сирия билігіне қарсы әскери іс-қимылдарынан бастау алған. 2017 жылғы 23-24 қаңтарда Қазақстанның бастамашылдығымен және Түркия, Иран, АҚШ және Ресей сияқты елдердің қолдауымен екі тарап – Сирия үкіметі мен өздерін Башар Асад билігіне оппозициялық деп есептейтін қарулы топтың өкілдері шақырылды. Сонымен қатар жоғарыда аталған елдер өкілдерімен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының да делегациясы келіссөздерге қатысты. Бұл соғысушы екі жақтың ресми жоғары деңгейдегі ең алғашқы кездесуі болды. Кездесу барысында әскери және гуманитарлық сипаттағы келісімдерді бұзбау мен 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Ресей мен Түркия арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің толықтай сақталуы айтылды. Оппозициялық күштер өз талаптарын тек Мәскеу мен Анкараға ғана қойғанымен, Ресей, Түркия және Иран делегациялары бірлескен мәлімдеме жасап, ең алдымен Сирияның тұтастығы сақталуы керектігін баса айтты. Аталған саяси шара осы талай жылдардан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығыстарды реттеудің алғашқы басқосуы болды. Бұдан кейін Сириядағы жағдай бойынша өтіп жатқан бітімгершілік кездесулері осы Астана процесінің жалғасқан раунды болып келеді. Аталған жағдайды реттеудің басқа ешқандай тетігі болмағандықтан, біздің елдің осы бастамасы түбінде оң нәтижеге жеткізетін құрал болатынына сенімдіміз.
  4.  EXPO – 2017 халықаралық көрмесі былтырғы жылы 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында елордада өткені белгілі. Қазіргі жаһандық үлкен проблемалардың бірі экология болса, оның ішінде Жер планетасының жылдан-жылға жылып бара жатқандығы әлем елдері басты назар аударып отырған өзекті мәселе болып есептеледі. Сондықтан да Қазақстанның бастамасымен кезекті көрме тақырыбы болашақтың энергиясы – жасыл энергияға арналды. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысса, оны тамашалауға 3 млн адам келген. Қатысушылар өздерінің болашақта экологиялық таза энергияны пайдаланатын құрылғылар мен машиналарын жалпы тамашалауға қойды. Дүниежүзіндегі энергетикалық ресурстар бітіп, экология мәселесі ушығып тұрғанда баламалы энергия көзіне көшу адамзат дамуында үлкен өзгерістердің бірі болмақшы.
  5. Ислам ынтымақтастығы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі де еліміздің бауырлас мұсылман елдер арасындағы өте жоғары беделін көрсетті. 1969 жылы негізі қаланған ұйымға мүше 57 елде 1,5 млрд халық тұрады. 2011 жылғы 28-30 маусымда елордада Қазақстан төрағалық еткен ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтті. Бұл басқосуда Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастығы ұйымы деп өзгертіліп, тарихи шешім қабылданды. Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылып, тұңғыш рет ұйымның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. Қазақстанның жаһандық бастамалары мұнымен бітпек емес. Әлемдік саясатта сарабдал көзқарас ұстанып отырған Қазақстанның бүгінгі көтеріп отырған мәселелері өте көкейтесті. Сондықтан бұл бастамалардың баянды болуы біз үшін қашан да маңызды
Рауан МУТАИР
29.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 101
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 101
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 619
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 737
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 649
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 658

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8793
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8194
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11421
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9175
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10407