Қонаевтың шарапаты еді

Қонаевтың шарапаты еді

Әскерге барған жастар арасында ара-тұра әлімжеттік жағдай (дедовщина) болып тұрады. Кәдімгі зауыт сияқты, теңізде жүзіп жүріп кемелерге жөндеу жүргізетін кемеде азаматтық борышымды өтеп жүрген едім. Біздің жанымызда құтқарушы кемелер (спасательное судно, СС-1) орналасқан, «Памир», «Алдан» деген сияқты тағы он сегіз кеме. Осы кемелер тұрған гарнизонға қарама-қарсы Кольский шығанағында Мурманск порты көрініп тұрады. Жолаушыларды тасымалдайтын, балық аулайтын кемелердің арасында үлкен мұзжарғыш кеме – «Ленин» де тұратын еді...

Бір күні шығанақты жағалап штабқа келе жатыр едім, алдымнан әскери теңізші киімін киген бір жігіт көрінді. Маған жақындағанда тоқтап: «Сен қазақсың ба?» – деп сұрады. «Иә», – дедім мен. Содан ол мені құшақтап, көзіне жас алып: «Өз қазағымды көретін күнім бар екен ғой...» – деп қуанышын білдірді. Өзімнің атымды айттым. Ол да өзін Ержан деп таныстырды. «Кешке біздің кемеге кел, асықпай отырып әңгімелесейік», – дедім.

Айтқандай, кешке қарай келді. Шай ішіп отырып біраз шүйіркелестік. Алматыдан екен, құтқарушы кемеге жақында келіпті. Бұдан бұрын келгендер жаңадан келген Ержанды кемсітіп, келемеждеп тұрады екен. «Кемедегілердің бәрін тәртіпке шақыра алмаймын, бірақ екеу-үшеуімен оңаша сөйлесіп, сені сыйлайтындай етейін», – дедім.

Келесі сенбі күні теңіз жағалауындағы төбе үстіндегі БМК-да (Базовый матросский клуб) дискотека болды. Өзіме жақын орыс достарым – Федор Морозов, Юра Баринов, Гена Радионовтарға жағдайды түсіндіріп, биден қайтқанда жағалауға түсетін баспалдақтардың астында тұрдық. 

Ержанды келемеждеп жүрген Володя деген теңізшіні шақырып алып, баспалдақтың астында сөйлестік. Басқалары бірдеңе сезді ме, көрінбеді. Володяны соққыға алмақшы болып едік, ол Ержаннан кешірім сұрап, ортамызда айналып қашқақтай берді. «Әзілді түсінбейсің бе? Біз әзілдеген едік қой», – деді. Содан Гена Радионов маған: «Володияны соққыға алмай-ақ қояйық, одан да қалтасындағы ақшасын шығарып, дастарқан жайдырып татуластырайық. Біз ұрамыз, кетеміз. Ержан осылармен кемеде бірге болады. Бір өзі қалғасын бұлардың не істейтіндерін кім біледі?» – деді. Сөйтіп ақылға келдік. Екеуін жақсылап татуластырдық.

Ертеңіне Ержан келді. Көңілі көтеріңкі. Қасындағылар бұрынғыдай емес, бәрі «жерлес, досым, бауырым» дейтін болыпты. Арада тағы төрт-бес күн өткенде бүкіл Солтүстік әскери флоты бойынша бірінші дәрежедегі дабыл жарияланды. Крейсерлер, суасты кемелері, ядролық қарулары бар кемелер, теңізде қонатын кеме-ұшақтар, құрғақтағы әскери бөлімшелер – бәрі сақадай сай тұрды. Дүниежүзілік соғыс басталатын жағдайдағы тәртіп орнатылды. Не болып қалғанын түсінбедік.

Ертеңіне Ержан келді. Ол менімен кездесуден бұрын КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа көріп жүрген қыспақ-қорлықтары жайында хат жазған екен. Сол себепті дабыл жарияланып, Солтүстік әскери теңіз флотының қолбасшысы, адмирал Семен Михайлович Лобов құтқарушы кемелер гарнизонына келіп, кеме командирлерін, олардың орынбасарларын екі сағат аяғынан тік тұрғызып, саяси тәрбие жөнінде лекция оқыпты. Адмирал кеткен соң кемелер бригадасының командирі Ержанмен сөйлесіп, өзіне көлігін жүргізуші және жәрдемші етіп алыпты. Жататын орны кемеде емес, штабта, бір бөлме босатып беріпті. Офицерлер асханасында тамақтанатын болыпты. Бұл ғана емес, Д.А.Қонаев оны әскери борышын өтеп болғасын, елге келген соң, қабылдауында күтетінін айтып тапсырыпты.

Қонаев өз елінің азаматтарын, қазақ балаларын қорлыққа бермейтінін адмирал, генералдар түсінген шығар, бригада командирі, бірінші рангтегі капитан маған да ұсыныс жасады. «Сен гидромелиорация техникумын бітірген екенсің, қолбасшы адмиралға өз мамандығым бойынша қызмет беріңіз деп өтініш жаз. Бірақ, мелиорация дегенді қоспай, гидротехникум бітірдім деп жаз. Гидроакустик керек деп біз де хат жазамыз. Мамандығың сәйкес келеді, сені бізге жіберер. Бізге келсең, бүкіл әлемдегі елдерді көресің. Біздер құтқарушы болған соң, Тынық мұхиты, Атлант мұхиты, барлық теңізде жүзіп жүре береміз», – деді. Онымен келістім де, адмиралға хат жаздым.

Кейіннен менің командирім: «Неге қолбасшыға хат жолдадың, бұл мәселені біз өзіміз де шешетін едік қой», – деп, мені әскери инженер қызметіне ауыстырды. Жалақым офицерлердікімен бірдей, еркін жүріп-тұратын, құпия нысандарды құрушы әскери инженер болдым. Осы күнде Ержанның қайда екенін білмеймін. Алматы облысының бір жерінде жүріп жатқан шығар. Екеумізге Қонаевтың шарапаты тигенін ұмыта қоймаған болар деймін.

 

Марат ҚОБЛАНОВ,

Алматы қаласы

 

19.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Екі достың арасын не бүлдірді?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 19.02.2026 89
Қариясын сыйлайтын ел едік
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен ондаған медаль иегері, мемлекеттік қызмет ардагері - 19.02.2026 51

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23188
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39570
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36676
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40831