ҚОРДАЙЛЫҚ ӘЛІБЕКТІҢ АУЫЛЫНА ҚАМҚОРЛЫҒЫ

ҚОРДАЙЛЫҚ ӘЛІБЕКТІҢ АУЫЛЫНА ҚАМҚОРЛЫҒЫ

2017 жылдың көктемінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Тармаққа таралған бағдарламаның ішінде «Туған жерге туыңды тік» акциясы қолға алынып, соның нәтижесі бүгінгі күнге дейін өз жемісін беруде. Қалталы кәсіпкерлерді түлеп ұшқан ауылына қарайластырып, кем-кетігін түгендеп, жыртығын жаматып, әрбірден ауыл ажарын көркейту мақсатында жарық көрген жобаға көптеген кәсіпкерлер қызығып, атсалысты. Бұл жоба біздің ауданда да қарқынды түрде қолға алынды. Әлі де жалғасып келеді. Солардың бірі туған жеріне бүйрегі бұрылып, ауылын өз баспанасын қамдағандай тұрғындар тұрмысын түгендеп тұратын азамат Әлібек Момбеков жайында бір үзік сырды ұсынсақ. 

 

БАЛА АРМАН ЖЕТЕГІНДЕ 

Әлібектің ауыл десе «ішкен асын жерге қоятынын» сұлутөрліктер сөзсіз біледі. Бұл күнгі шақ Әлібектің бала күнгі арманы еді. Бір сәт артқа көз жүгіртіп балалығынан бастасақ. Кеңестің кезінде Красный октябрь колхозы көпке үлгі еді. Ауыл ішінің тұрмысы қайнап тұрған шағында тұрғындар саны да әлдеқайда көп болатын. Кейбір колхозда жоқ ғимараттар мен цехтар осы ауылда бар еді. Таң азаннан адамдар бірі егістікке, бірі наубайханаға ал, бірі фермадағы жұмысына асығатын. Кеш батысымен жап-жаңа мәдениет үйінде бас қосып фильм тамашалап, концерттік бағдарламаларға қол соғатын кез бала Әлібектің көз алында өтті. Әкесі Дәулет колхозда көлік жүргізушісі болып жұмыс жасайтын. Анасы Бибігүл үй шаруасында еді. Бұл сонау 1980-1990 жылдар арасы тұғын. Ол тұста колхозды білікті басшы Саят Сарғасқаев басқаратын. Бұл кезде колхозда шұжық пен май цехі, диірмен, наубайхана, сүт фермасы жұмыс істеп тұрған. Оқушылар үшін су жаңа мектеп салынды. Бүлдіршіндерге балабақша болды. Сол жылдары кішкентай Әлібек әкесінің артынан қалмайтын. Шаруалар жұмысында өсті. Әкесіне еріп егістік жұмысын көруге қызығатын. Әлібектің әліне қарамай жұмысқа қызығатынына еңбеккерлер таңдай қағып қарайтын. Ол ауылдың әр тау-сайы мен жазығын жаттап өсті. Балабақшадағы пысық баланың бірі болды. Олай дейтініміз колхоз басшысы Саят Сарғасқаев бір күні ауыл балабақшасына барса керек. Сол кезде көп балақайдың ішінен суырылып шыққан Әлібек қол созып амандасады. Сол кезде колхоз басшысы:

– Кімнің баласысың, – дейді.

– Аңшы Момбектің немересі, шопыр Дәулеттің баласымын, – дейді тақылдап. Атасын аңшы дегені құралайды көзге атқан мерген болған екен. Сол бір ашаршылық кезінде тауда аң атып, үлесін ауылдастарға тарататын екен. Бұл жайында ауыл ақсақалдары әлі күнге айтып отырады. Сонда бала Әлібек колхоз бастығына айтады екен: «Құмшекерді аз береді. Тәттілерді көп жемейміз. Ойнайтын алаң кішкентай», - деп балабақшаның кем тұстарын айтқанды. Мұны естіген ауыл басшысы «мына бала бастық болатын бала ғой» деп арқасынан қағыпты. Кем-кетікті түзетуге талпынып өскен Әлібек мектепте де озат оқушы болады. Атасынан дарыған қасиет болса керек бала жасынан аттың құлағында ойнаған. Ауыл жұрты асауларын Әлібекке үйретуді де әдетке айналдырады. Бәйгеде де атқа шауып, қаншама көлік ұтқан ол, есейгенде асыл тұқымды жылқы асырауды армандап өсті. Оның зеректігінен ауыл тұрғындары болашағынан зор үміт күтетін. Сабағын жақсы оқып, мектепті аяқтап, қанаты қатайып өскен соң, арман қуып Алматыға аттанады. Ол Алматыға аттанарда өзімен бірге алып арманын арқалап кетеді. Өйткені ол оқуға түсерде ауыл ішінің ажары мен тұрмыс-тіршіліктің базары қашып тұрған кез еді. Ел ауылдан көшіп, көп үйлер бос қалып, ғимараттар қараусыз ескіріп, жастардың да ауылда қалуға ынтасы қалмаған болатын. Қайтсемде қаладан күш жинап, еңсесі түскен ауылдың есебін түгендеп, қолдан келгенше жағдай жасауды мақсат етті. Арман жетегіне еріп Алматыда жоғары оқу орнына түседі. Заңгер мамандығын оқып шыққан Әлібек ойлағанына жетуге асығады. Ол мамандығы бойынша жұмыс іздемей, өзін кәсіпкерлік қырынан сынап көрмек болады. Әуеліде азын-аулақ кәсіптің көзін табады. Қаншама қиындықтар тап болса да бала сертіне берік болып шыдамдылықтың арқасында жеңіп шығады. Оны алға жетелеген үлкен мақсат үлкен қалаларға дейін апарады. Мәскеу қаласында болып онда өзі бастаған кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Одан кейін, аспан асты елінің астанасы Бейжің қаласында да біршама уақыт болады. Ол қалада да кәсіпкерлікпен айналысады. 

 

ЖІГІТКЕ ЖОМАРТТЫҚ ЖАРАСАДЫ 

Кәсібі алға дөңгелеп арманын іске асырар уағы да келеді. Ең бастысы ол ауылдағы жағдайы төмен, көп балалы отбасыларына жәрдем беруден бастайды. Бұл қайырымдылықты ол осы күнге дейін міндетіне алып келеді. Ол отбасылардың Әлібекке айтар алғыстары көп. Кәсібі Түркия елімен де қарым-қатынас орнатып, табысының көп бөлігін осы қайырымдылық жұмыстарына арнауда. Ол ауылға әр сапарында бір мәселенің шешімін тауып келеді. Мәселен, Сұлутөр ауылына кіре беріс маңында ауыл аркасын салуды көздейді. Өткен жылы бой көтерген арка ауылдың ажарын ашып тұрғаны сөзсіз. Бұл жұмысты ауыл тұрғындары қанша жылдан бері күтіп келгені рас. Құны сегіз миллионнан асатын құрылыс жұмысын Әлібек Дәулетұлы өз мойнына алады. Биіктігі бес метр болатын нысанның көріктілігіне көз тоймайды. Бүгінде арканың айналасында аббаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Жан-жағы тазаланып, келешекте кішігірім саябақ орнатуды көздеп отыр. Ол жұмыстарды да кәсіпкер өз міндетіне алмақ. Әлібек Момбеков ауылға келген сайын тұрғындармен тілдесуді дәстүрге айналдырған. Кімде қандай мәселе? Ауылда қандай түйіні тарқалмай тұрған проблема? Ол осының бәрін ауыл жұртымен ақылдасып отырады. Әсіресе білім алған ұясының жағдайына аса мән береді. Осыдан біршама уақыт бұрын Әлібек ауыл мектебіне үлкен сый жасаған болатын. Яғни, оқушылардың жағдайына мән беріп, мектеп ішінен жуынатын бөлмесі бөлек дәретхана салып береді. Ауылдың әуелі айтар мәселесі ауыз су екені мәлім. Әсіресе мектепке қысты күні судың келуі қиындық тудырады. Осыны ескерген кәсіпкер осы жылы мектепке қайнардан су тартуды көздейді. Әуелі қайнар суының жан-жағын тазалау мен қоршау жұмыстарын жасап, су түбіне бетондау жұмыстарын жүргізді. Бүгінде төрт жарым шақырым жерден арнайы су құбырын тартуда. Бұл жұмыс жақын күндері аяқталып, мектеп игілігіне берілмек. Енді мектеп оқушылары таза қайнар суын қолданатын болады. Сондай-ақ, өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған асарлатып үй салу жобасына да ат салысуда. Ауылдағы көп балалы отбасына үйлі болуға өз есебінен жәрдем көрсетіп, ауыл алғысына бөленгенін де айта кеткен жөн. Осылайша, Әлібек шалғай өңірлерде кәсібін дөңгелетіп жүрсе де, өзі туып-өскен Сұлутөр ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондай-ақ, оның  қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген ортақ іске демеушілік танытудан да тартынып қалған тұсы жоқ. Қалтасы қалыңдаса жүріс-тұрысы өзгеріп шыға келетін әлдекімдерге қарағанда, керісінше жерлестерінен оның табиғаты мүлде бөлек екенін естисіз. Ендігі Әлібектің арманы ауыл ішінен жақсы бір демалыс орнын ашу. Өйткені бұл ауылда тұрғындар бас қосатын орын жоқтың қасы. 

-Расында ауылда тұрғындар жиналатын жер жоқ. Сол себептен де ауыл жастары қалаға асығатыны. Бүгінде бұл жұмыстар бойынша біршама тірліктерді бастадым. Яғни, әуелі орнын табу. Онда балалар ойын алаңы да болады. Бассейіні мен жеміс жидек ағаштары, қонақ күтетін орын салынады. Бұл жос-пар. Жоспар жақын жылдары жүзеге асады, - дейді Әлібек Момбеков. 

Тағы бір айта кетерлігі Әлібек Дәулетұлы көктемгі және күзгі аббаттандыру жұмыстарына да ауқымды көмек көрсетуде. Техника мәселесін шешіп, қайың, шырша ағаштары мен түрлі көшеттер отырғызылуына қол ұшын созуда. Сондай-ақ, маңдай терімен тапқан ақшасын имандылық ордасы ауыл мешітінің құрылыс жұмыстарына да жұмсауда. Бүгінде арманына жеткен Әлібек Момбеков туып өскен ауылынан шаруа қожалығын ашып, онда бала күнінен қызыққан жүйріктерін баптауда. Сонымен қатар, ол ауылдағы көптеген шаруа қожалықтарының жұмыстарына да жәрдем беруде. Әсіресе техникаға мұқтаж шаруаларға тегін қол ұшын созады.  

-Кәсіп жасауға деген икемділігім мені осы күнге дейін жолдан тайдырған жоқ. Өзімнен артылғанын ауылға, қарияларға бергенді жөн көремін. Олардың батасынан артық ештеңе жоқ. Ал жастарға берген көмегімді ауыл болашағына жасалынып жатқан жұмыс деп білемін. Себебі, бізге білімді, мықты жастар керек. Ертең олар да өсіп жетілген соң ауылымыздың көркеюуіне күш жұмсайтын болады. Ауыл мәселеріне мән беріп, арка орнатып, мектепке су құбырын тартып бергенде арқамнан жүк түскендей болды. Себебі, әр адам өзінің туған ауылына қарыздар. Шама келсе, туған ауылдың көркеюіне атсалысу керек. Әр кәсіпкер инвестицияны туған ауылына салып, қолынан келгенінше жол жөндеп немесе көпір орнатып, ауыл балаларына футбол алаңын салса игілік деген осы емес пе?, – дейді кәсіпкер. Осылайша, ел әлеуетін арттыруға қомақты қолдау көрсетіп жатқан Әлібек не бәрі отыздан енді асқан азамат. Әлі де ауылға деген арманы алатаудай. Бүгінде бір отбасының отағасы Әлмансұр есімді ұл тәрбиелеп өсіруде. Ол ауылға келген әр сапарында ұлын қоса ертіп келеді. Өйткені ол да туған ауылына деген махаббаты шексіз болып, есейгенде әкеден озып ерен ерліктер жасаса дейді. 

Расында әрбір ауылдан қаншама қалталы кәсіпкерлер шыққан. Солардың әр бірі Әлібектей ауылын ойлайтын азамат болса онда еліміздегі әр ауылдың әлеуеті артып, тұрмыс-тіршілігі жайлы, әр үйдің қазаны майлы болар меді. Деседе бұл көпке шашылған топырақ емес. Әлібектен де асатын жандар бар. Бірақ жетпей жүргендер қаншама. Әлібектің көпке үлгі болар ісіне қарап «бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген осы шығар.

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
08.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 66
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 66
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 173
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 173
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 315
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 316
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 537
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 486

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9190
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8588
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11816
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9585
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10799