Қоршаған әлемнің сұлулығына тамсану адам жанының бір құмары. Ал, қос жанары сөнген зағип жандар өз ғұмырын мазмұнды да мағыналы өткізу үшін қаншама тер төгетінін айтпаса да белгілі. Көру мүмкіндігі болмаса да көңілі дархан, жүрегі мейірімге толы, тұла бойына өнер қонған, болмысы ерекше жан турасында айтқымыз келеді. Жамбыл ауылының тұрғыны Ерхат Тәжібаев сондай жандардың бірі.
Жастайынан қолына домбырасын ұстап, талай байқауларда көптің көңілінен шығып, өзінің өмірге деген құштарлығымен талайды тамсандырған Ерхат бүгінгі таңда еңбегімен еленген азаматқа айналған. Өнерге, музыкаға құштарлығын байқаған ата-анасы оны тоғыз жасында Алматы қаласындағы мектеп-интернатқа жібереді. Мектепте ән, вокал, домбыра үйірмелерінің белсендісі атанып, оны аяқтаған соң П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түседі. Домбыра, күй сандық аспаптарында еркін ойнап, ән салып жүріп жоғарыда айтып өткеніміздей түрлі байқауларда бақ сынап, жеңімпаздар қатарынан көрінеді.
Бүгінде Ерхат Жамбыл ауылындағы №26-шы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепте ұстаздық етіп жүр. 5-6-сынып оқушыларына музыка пәнінен сабақ береді. Ұстаздық жолды бастағанына көп болмаса да қазір жұмысына төселген. Арман жолында алдынан кездескен кедергі-құрсауларды бұзып өтіп, жанарынан айырылса да өсемін, жанамын деген іштегі жалын оның белестерді бағындыруына үлкен күш берді.
Жалпы, бала күннен домбыраға, музыкаға әуес болып өскен Е.Тәжібаев өзі жеткен жетістіктерге енді шәкірттерінің жеткенін армандайды. Сол үшін де мектеп қабырғасында өзінің осы күнге дейін алған білімі мен жиған өмірлік, шығармашылық тәжірибесін шәкірттерімен аянбай бөлісіп келеді.