Ауданымызда «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы несие немесе грант алып, кәсіпкерлікке ден қойған азаматтар саны артып келеді. Мемлекеттің қолдауын ұтымды пайдаланғандардың қатарында Ирина Кисельман да бар.
Ирина сұлулық индустриясына сенімді қадам басқан білікті нейл-шебер. 2021 жылдың маусым айында «Бастау бизнес» жобасына қатысқан 26 жасар бойжеткен 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, оған тырнақ әрлеуге қажетті құралдарын жаңартып алған. Соның арқасында жұмысының сапасы жақсара түсіп, тұрақты клиенттерінің саны да артқан.
«Тырнақ күтіміне жасөспірім кезімнен қызығатынмын. Мектеп бітірген соң арнайы жиынтық сатып алдым. Анам ол кезде мектепте істейтін. Мен анамның жұмысына барып 500 теңгеге мұғалімдердің тырнағын бояп беретінмін. Кейбіреуі үйіне шақыратын. Осылайша тырнақ бояп, алғашқы табысымды таба бастадым. Кейін тұрмысқа шықтым. Ұлым дүниеге келді. Бұрынғы құрылғыларды таратып жіберіп, несиеге жаңасын алдым. Сол кездегі аппараттың сапасы нашарлау болғанымен, жақсы материалдарды қолданып аянбай еңбек еттім. Өйткені маған клиент жинау керек болды. Ал биыл «Бастау бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз грант алып, жетіспейтін барлық жабдықтарды сатып алдым. Әрі ең жақсысын, қымбатын таңдадым. Мәселен, мына тырнақты кептіруге арналған ультрафиолетті, гибридті лампа ұзақ уақыт қолданғаннан қызып кетпейді және тез кептіреді. Маникюрге арналған аппарат пен құралдарды өңдеуге арналған құрғақ-ыстық ауалы шкафтың да сапалысын, жақсы фирманікін алдым. Сапалы құралдармен, материалмен жұмыс істей бастағалы клиенттерімнің саны көбейе түсті. Бірақ қызметімнің бағасын өсірген жоқпын», - дейді кәсіпкер.