Алматыда «Amanat Home» атты тұтынушылар кооперативінің жұмыс істеп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Алғашында кооперативке қарапайым маркетолог есебінде қызметке кірген Көңілбай Шүкенов аз уақыт ішінде компанияның беткеұстар тұлғасына айналады. Бұған дейін ол өзі құрған «Асыл адам» қайырымдылық қоры мен «Алло, не керек?» интернет дүкендер желісін де кооператив ісіне араластыра бастайды. Осылайша «Amanat Home»-мен келісімшартқа отырып, бір жылдың ішінде бір миллиардқа жуық теңгені «Алло, не керектің?» есепшотына аудартып үлгереді. Ай сайын түсіп жатқан ақшаға бірнеше баспана салдырып, «Асыл адам» қайырымдылық қоры атынан садақа жинап, баспанасыз жандарға пәтер кілтін тапсырады. Бұл Көңілбайға өз атақ-даңқын шығару үшін керек еді.
Ол 1982 жылы Қарағанды облысы Жезқазған қаласында туған. Бірнеше рет істі болған азамат. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету». 188-ші ұрлыққа қатысты бап 2012 жылы қозғалған қылмыстық іс тек 2019 жылы ғана жабылған. 2016 жылы Астана қаласында «бұзақылық» бабымен істі болған.
Осыдан кейін заңмен ойнауға болмасын түсінген Көңілбай Шүкенов қасына сенімді серіктестерін жинай бастайды. Ол – Руслан Смицкий. Лақап аты – Рус. ҚР ҚК 175-бабымен нашақорлық үшін сотталған. Русланның атына «Алло, не керек?» атты интернет дүкенін ашады. Екінші сыбайласы Айнұр Сулкеева – алаяқтығы үшін айыпталған азаматша. Айнұрдың атына «Асыл адам» қайырымдылық қоры тіркеледі. Осылайша біреудің қолымен от көсеуге көшкен Көңілбай өзін меценат ретінде көрсетіп, неше түрлі жасанды жарнамалар арқылы жаһанға жар салады. Қарапайым халық оның оң қолымен беріп, сол қолымен миллиардтаған қаржыны жасанды фирмалар арқылы үптеп отырғанын қайдан білсін? Ел арасында көңілі көлдей деген атқа ие болған Көңілбай Шүкенов ендігі жерде «Amanat Home»-ға иелік етуге бел буады. Осы екі арада даулы мәселеге араласқан «Журналистік зерттеулер агенттігі» бар шындықты ютуб арнасы арқылы бұқараға жайып салады. Осы кезде ғана барып біраз айылын жиған Көңілбай Шүкенов өзінің инстаграм парақшасында «жалған жала жапты» деп жар салғаннан басқа еш дәлел келтіре алмайды. Қарапайым халық алданып қалмасын деген ниетпен «Журналистік зерттеулер агенттігі» Көңілбай Шүкеновке қатысты тағы да көптеген дәйектер жинай бастайды. Мәселен, «Аманат хоум» мен «Алло, не керек?» арасындағы келісімшарт бойынша, бір жыл бойына жіберіліп отырған миллиардқа жуық ақшаларды Көңілбай туған-туыстары, дос-жарандарының атына аударып, жай ғана банктен шешіп ала берген. Оған дәлел ретінде барлық бухгалтерлік құжаттар бар. Мәселен, Жұлдызай Досымова деген ханшайым оның жұбайы. Бірнеше рет миллиондаған қаржы алған есепшоты мен мұндалап тұр. Ақша аударылған құжатта көрсетілген Орын Шукенов деген азамат оның туған інісі. Оның да есепшотына мыңдаған теңгелер топырлап түсіп тұрған.
Шынтуайтына келгенде, бұл қаражаттардың барлығы салымшылар ақшасы, яғни халықтікі. Мұны біле тұрса да, Көңілбай жалғанды жалпағынан басып, шетел аралап, тіпті бірнеше миллионға «Лимузин» көлігін де сатып алады. Онысын инстаграм парақшасына мақтана жариялайды. Осыдан кейін кооператив жұмысын дамыту үшін бөлінген қаржы есебін сұраған «Аманат хоум» мен Көңілбай арасында текетірес басталады. Оған да керегі осы еді. Келісімшартқа отырған кезде-ақ оның қылмыстық жоспары болғанын және ақша үшін бірге істеп жүрген әріптестерін де лақтырып кетуі мүмкін екенін мына аудиожазбадан анық байқауға болады. «Осы кезде олар қайда тап болғанын түсінеді. Халық бізге шыға бастайды. Арыз жазатындар жазады. Салымшылар ақшасын сұрай бастайды. Сол кезде мына жақтан біз пайда боламыз. Екі кооперативтің басын қосу қажет деген ой тастаймын. Сөйтіп маған қарсы шыққандардың бәрін қуып жіберемін». «Аманатпен» аттас «Аманат драйф» кооперативін қатар жүргізген ол, осылайша салымшыларды өзіне тарта бастайды. Ондағы ойы «Аманат хоумды» толығымен тақырға отырғызу болатын. Егер бұл жоспары іске асқанда «Алло, не керектің?» есепшотына түскен миллиардтаған қаржының да мәселесін шешіп, «бір оқпен екі қоян ату» арманы болған. Бірақ өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Көңілбайдың қитұрқы әрекеті іске аспай, керісінше оның ашқан «Асыл адам» қайырымдылық қоры басшысына қатысты алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, Айнұр Сулкеева қамауға алынды.
Ай сайын миллиардтап келіп тұратын ақшадан айырылу оңай ма? Оның орнын толтыру мақсатында Көңілбай Шүкенов тез арада виртуалды ақша – «Аманат коинды» ойлап шығарады. Оны Көңілбайдың көңілі көлдей деп әлі де сенетін салымшылары арасында жарнамалап, он бес күннің ішінде бір «Аманат коинды» бір АҚШ доллары көлеміне сатып жібереді. Ауадан ақша жасаудың шебері «Аманат коинның» бір миллиард эмиссиясын шығарып, оның бір миллионын нарыққа қойған. Енді мына қызыққа қараңыз, әлемге танымал биткоинның өзі жиырма бір миллион эмиссия шығарған. Ал қазақстандық жақша ішіндегі қаржыгер түйені түгімен жұтуға тырысқандай. Сарапшылардың пікірінше, криптовалюта шығару үшін компанияның материалдық активтері болуы керек, яғни өндіріс ошақтары, мықты программистері, серверлері және блокчейнде тіркелуі қажет. Ал «Аманат коинда» оның бірі де жоқ. Сондықтан оны жарнамаға сеніп қалған қаржылық сауаттылығы төмен жандар ғана сатып алып опық жеуі әбден мүмкін.
Заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке үш рет тартылған азамат «ешқашан түзелмейтін әккі қылмыскер» есебіне алынады. Яғни заң тілімен айтсақ, рецидивист. Егер Көңілбайдың осы істеген қылмыстары тергеу барысында дәлелденсе, ол он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан ол алдын ала Түркиядан үй сатып алып, балаларына сол мемлекеттің азаматтығын алып қойған. Заң бойынша рұқсат ата-анамен бірге берілетіні белгілі. Жайшылықта халық алдына шығып, Отаным, елім, жерім деп шырылдайтын Көңілбайдың бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Ертеңгі күні қарапайым халықтың қалтасын қағып, «маңғыт, аузыңа саңғыт» демесіне кім кепіл?
«Шыдамның да шегі бар» демекші, «Amanat Home» заңгерлері құзырлы орындарға арызданып, аталған іске қатысты үндеу жариялайды.
Ендігі жерде «Amanat Home» «Аманат халық» болып, үкіметтің бағдарламасы арқылы жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Оған қатысты алғашқы келіссөздер де жүргізілген. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына үміт артып отырған мыңдаған салымшылардың «бір қарын майды шіріткен бір құмалақ» дауына нүкте қойылса екен деген тілектері ғана бар.