Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы өтті. Мұны жаңалық ретінде айту мақсатымыз болмаса да, осы төңіректе көкейде жүрген кейбір ойларымызды ортаға сала кетуді мақсат деп білдік.
Тіл қоғамы керек пе?
Ең әуелі «қазақ елінде отырып, қазақ тілі қоғамы дейтін ұйым ашып, оны дәріптеу қалай болады?»- дейтін сыңаржақтылы әрі сауатсыз көзқараса тоқтала кетейік. Тіл қоғамы немесе тілді зерттеу, дамыту, жалпыластырумен айналысатын ғылыми, қоғамдық ұйымдар барлық елде бар. Мысалы, Қытайда «Қытай тіл білімі қоғамы», «Қытай тілін шет тілі ретінде оқыту қоғамы (ISCLT)» бар. Ресейде «Орыс сөз өнері қоғамы», «Ресей сөз өнерін сүюшілер қоғамы», «Халықаралық орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығы» секілді ұйымдар жұмыс істейді. Сол секілді әлемдегі ең «абыройлы тіл» саналатын ағылышн тілін дамытуды көздейтін қоғамдық ұйымдар да көп. Олардың қатарында «Ағылшын тілділер одағы» (The English-Speaking Union — ESU). 1918 жылы Лондонда құрылған халықаралық білім беру қайырымдылық ұйымы, 1842 жылы құрылған Ұлыбританиядағы ең көне тіл білімі ұйымы есептелетін «Филологиялық қоғам» (The Philological Society) қатарыл ұйымдарды аатауға болады. Яғни, «тілден проблемасы жоқ» елдердің өзінде де тіл қоғамдары бар. Олар тілді ғылыми зерттеу және стандарттаумен, Білім беру және әдістемелерді жетілдірумен, тілді насихаттаумен, тіл мәдениетін қорғаумен айналысады. Ендеше, біз секілді тілдік ортасы тарихи, саяси қыспақтан әупірімдеп аман қалған елге, мұндай ғылыми және қоғамдық ұйымдар тіпті көптеп керек дер едік.
Қазақ тілі қанат жайып келеді
Бұл құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұны терең, талай мәселенің басын шарпыған әдемі баяндама жасады. Президент өз сөзінде тіліміздің тұғырына қонғанына тоқталды. Қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының артқанына айқын дәлелдер келтірді. Сонымен қоса тілді дамытуға бағытталған ойлары мен кейбір әсіре науқаншылдыққа бастайтын келеңсіздіктер де тоқталып өтті. Президент сөз арасында өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген ықыласына ризашылығын білдіре кетті.
-«Қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры саналады. Осы орайда, мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар. Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек. Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз.
Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет. Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн. Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді,»- деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент баяндамасында мектептердегі қазақ тілінің үлесінің айтарлықтай артқаны, қазақ тіліндегі кітаптар, кино туындылардың көбейгендігіне де арнайы тоқталып, нақты мысалдар келтіре кетті.
Қарашаның басында Халықаралық «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің дәстүрлі экспедициясымен Шығыс Қазақстан облысына жолымыз түсіп еді. Өскеменге барған сайын, қазақша сайрап тұрған өзге ұлттың өкілдерін көрсек таңғалмайтын болғанбыз. Бұлда болса жоғарыда Президентіміз айтып өткендей, тілдің ұлт бірлігінің темір қазығына айналғандығыынң бір дәлеліндей еді. Кезекті сапарда жолыққан сондай «сары қазақтың» бірі- ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің Контент өндіру және ілгерілету бөлімінің басшысы Черткова-Черкасова Оксана қарындасымыз еді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы өткеннен кейін Оксанаға хабарласып бір-екі сұрау қойдым.
-Қазақ тілін жақсы білесіз. Қазір “қазақ тілінің өрісі кеңейіп келеді” деп жүрміз. Осы айтылған сөзбен мен келісесіз бе?
-Келісемін.
-Біріншіден, Шығыс Қазақстанды алатын болсақ, жылдан-жылға көрші елдерге қоныс аударып жатқан өзге ұлт өкілдерінің саны артып келеді. Бұл өзге тілдерде сөйлейтін тұрғындар санының азаюына әсер етуде. Ал олардың орнына қоныс аудару бағдарламасы аясында оңтүстік өңірлерден қазақтілді отбасылар көшіп келіп жатыр.
Екіншіден, бүгінде қазақ тілін үйрететін тегін курстар көп. Осындай курстарды ұйымдастыратын мамандармен сөйлескенде, өткен жылдармен салыстырғанда қазақ тілін үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдерінің саны артқанын айтады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерден де қазақ тіліндегі контенттің көбейіп келе жатқанын байқаймын. Қазақ тілінде түсірілетін фильмдер де көбейді. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі жастарымыз жан-жақты. Олар тек қазақ және орыс тілдерін ғана емес, түрік және ағылшын тілдерін де үйреніп жүр. Бірнеше тілді меңгерген жастарымыз аз емес.
-«Қазақ тілі еліміздегі ұлттар мен ұлыстарды біріктіреді» деген сөздер жиі айтылып жатады. Сізге осы сөз қалай әсер етеді?
-Менің ойымша, бұл жай ғана ұран емес. Қазақ тілі шынымен де еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін біріктіре алады. Себебі бәріміз бір елде тұрамыз, ортақ үйіміз – Қазақстан. Ал бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесіп, араласуымыз адамдарды жақындастыра түседі. Қазір өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін үйреніп жүргендер көбейіп келеді. Мұны жақсы үрдіс деп есептеймін. Ең бастысы, қазақ тілін үйренуге де, күнделікті өмірде қолдануға да жағдай жасалуы керек. Тілді күштеп емес, қызығушылықпен, қажеттілігін сезіну арқылы үйренген дұрыс. Сондықтан қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы ғана емес, еліміздегі адамдарды жақындастыратын ортақ тіл болуы керек деп ойлаймын.
PS: Қазақ тілінің тұғырына қонғаны, оның конституцияда таңбалануы дер едік. Ендеше, ары қарай дамуына шектеу жоқ деген сөз! Президентіміз өз сөзінде «Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді»- деген жоқ па?! Демек қазақ тілі Егемен елімізде ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, берекеге шақыратын берік негіз деген сөз...
Ерқазы Сейтқали
















