Құқықтық саясаттың басты мақсаты – заң талаптарын күшейту ғана емес, ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауға қабілетті жүйе қалыптастыру. Бұл ретте құқықтық мәдениет, құқық бұзушылықтың алдын алу, сот арқылы қорғану және құқық қорғау институттарының тиімділігі бір-бірінен бөлек қарастырылмайды. Өйткені азамат өз құқығын білгенімен, оны қорғайтын пәрменді тетік болмаса, құқықтық мәдениеттің өзі толық нәтиже бермейді. Сол сияқты құқық қорғау жүйесі қылмыс жасалғаннан кейін ғана әрекет етпей, оны алдын ала болжауға және болдырмауға ұмтылған кезде ғана құқықтық саясаттың профилактикалық сипаты күшейеді.
Бүгінде Қазақстандағы құқықтық саясаттың осы бағыттары цифрлық технологиялармен тығыз ұштаса бастады. Жасанды интеллект, үлкен деректерді талдау, цифрлық профилактика және автоматтандырылған жүйелер құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруда.
Алдын алу шаралары қандай?
Құқықтық саясаттың тиімділігін тек жасалған қылмыстардың саны немесе қылмыскерлерді жауапқа тарту көрсеткішімен өлшеу жеткіліксіз. Қазіргі тәсілдің маңызды ерекшелігі – құқық бұзушылыққа әкелетін себептер мен тәуекел факторларын ерте анықтау.
Бұл бағытта Бас прокуратура қолға алған «Саналы ұрпақ» жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде кәмелетке толмағандардың цифрлық профилактикалық картасын қалыптастыру көзделген. Оның негізгі міндеті – тәуекел тобына жататын балаларды құқық бұзушылық жасағаннан кейін емес, оған дейін анықтап, қажетті профилактикалық шараларды уақытылы қабылдау.
Жүйе алғаш рет Астанадағы үш колледжде сынақтан өткізілген. Талдау барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа әсер ететін бірқатар себеп анықталған. Олардың қатарында білім алу мақсатындағы көші-қон, кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке уақытылы қоймау және ата-ана бақылауының жеткіліксіздігі бар. Үш колледждің өзінде тіркеусіз тұрып, іс жүзінде мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалған 45 студент анықталған.
Бұл дерек профилактиканың маңызын айқын көрсетеді. Кей жағдайда мәселе баланың құқық бұзушылық жасауынан емес, оның әлеуметтік жағдайы мен өмір салты туралы қажетті ақпараттың дер кезінде байқалмауынан басталады. Демек, цифрлық жүйе мұнда бақылау құралы ретінде ғана емес, баланы қауіптен қорғаудың алдын алу механизмі ретінде қарастырылуы тиіс.
Балалардың құқығын қорғау – ортақ міндет
Шын мәнінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың төмендеуі профилактикалық жұмыстың нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Берілген деректерге сәйкес, елде жасөспірімдер қылмысы 5 пайызға төмендеп, 1110-нан 1061-ге дейін азайған. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам профилактикалық рейд жүргізіліп, шамамен 2 мың кәмелетке толмаған профилактикалық есепке алынған.
Алайда статистикалық төмендеу мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Интернетті бақылаусыз пайдалану, ата-ана бақылауының әлсіздігі, білім алу үшін басқа өңірге көшу, сондай-ақ тәуекел тобындағы балаларды уақытында анықтамау секілді факторлар әлі де бар.
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселенің тағы бір күрделі қыры – буллинг, зорлық-зомбылық және психологиялық қолайсыздық. Сондықтан баланың құқығын қорғау тек полицияның немесе прокуратураның міндеті емес. Бұл – отбасы, мектеп, қоғам және мемлекеттің бірлескен жауапкершілігін қажет ететін сала.
Осы тұрғыдан құқықтық мәдениетті қалыптастырудың мәні де тереңдей түседі. Бала заң талаптарын ғана емес, өзінің құқығын, қауіпсіздік шекарасын және көмек сұрау жолдарын білуі қажет. Ал ата-ана мен педагог баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге уақытылы назар аударуы тиіс. Яғни құқықтық мәдениет заңды білуден басталғанымен, күнделікті жауапты мінез-құлық арқылы қалыптасады.
Құқық саласындағы ЖИ қалай дамуда?
Құқықтық саясаттың тағы бір жаңа бағыты – жасанды интеллект пен үлкен деректерді құқық қорғау қызметіне енгізу.
Бұл салада Қазақстан прокуратура органдарының өз ішінде жасанды интеллект құралдарын әзірлеуге кіріскені назар аударарлық. 20-дан астам прокурор дәстүрлі бағдарламалау дағдыларынсыз ЖИ негізіндегі шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін Vibe Coding әдісі бойынша оқытылған.
Нәтижесінде прокуратура қызметкерлері екі пилоттық өнім ұсынған. Оның бірі – тергеушінің ЖИ-көмекшісі. Жүйе қылмыстық істер бойынша мәтіндік ақпаратты автоматты түрде талдап, қылмысқа қатысушылар арасындағы ықтимал байланыстарды анықтап, негізгі дәлелдерді жүйелеуге және бірнеше секунд ішінде көрнекі схемалар жасауға мүмкіндік береді. Құрал парақорлық пен жалған шот-фактураларға қатысты істерде сынақтан өткен.
Екінші шешім – үлкен деректердің ЖИ-талдаушысы. Ол қылмыстық статистиканың бір жылдық көлемін шамамен 15 минут ішінде өңдеп, құқық бұзушылықтардың түрлері мен демографиялық көрсеткіштерін интерактивті түрде көрсетуге мүмкіндік береді.
Мұндай технологиялардың негізгі құндылығы – деректің көптігінде емес, сол деректі жылдам әрі тиімді талдауда. Бұрын үлкен көлемдегі ақпаратты сараптауға айтарлықтай уақыт жұмсалса, жасанды интеллект ықтимал заң бұзушылық үрдістерін тезірек байқауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде профилактикалық шараларды дер кезінде жоспарлауға жол ашады.
Қылмыстық процестің тиімділігі де цифрландыруға байланысты
Цифрлық трансформация тек профилактикамен шектелмейді. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру процесіне де заманауи технологиялар біртіндеп енгізіліп жатыр.
Бас прокуратура жетекші отандық IT-компаниялармен және цифрлық экожүйе ұйымдарымен бірлесіп, қылмыстық процесте жасанды интеллектті пайдалану мүмкіндіктерін зерттеуде. Smart Data Ukimet, Smart City платформалары, цифрлық криминалистика және үлкен көлемдегі деректерді интеллектуалды талдау құралдары сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мұның құқықтық саясат үшін маңызы зор. Себебі құқық қорғау жүйесінің міндеті – қылмысты ашу ғана емес, тергеу барысында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Технология тергеуші мен прокурордың уақытын үнемдеп, ақпаратты жүйелеуге көмектескен сайын, адамның күрделі құқықтық бағалауды қажет ететін мәселелерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік пайда болады.
Сонымен бірге мұндай жүйелерді енгізу технологияның мүмкіндігі мен адамның құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауды талап етеді. Жасанды интеллект шешім қабылдайтын соңғы субъект емес, құқық қорғау қызметкерінің жұмысын жетілдіретін құрал болуы тиіс. Өйткені құқықтық шешімнің түпкі мәні – алгоритмнің жылдамдығында емес, оның заңдылығында, негізділігінде және адам құқықтарына сәйкестігінде.
Алдын ала әрекет ету маңызды
Құқық қорғау саласындағы технологиялық өзгерістердің келесі кезеңі робототехникамен де байланысты. Бас прокуратура басшылығына жасанды интеллект негізіндегі гуманоидты роботтар, патрульдеу және инспекция жүргізуге арналған роботтандырылған кешендер, төтенше жағдайларда қолданылатын жүйелер, сервистік және кеңесші роботтар таныстырылды.
Бұл әзірлемелердің барлығы бірден күнделікті құқық қорғау қызметіне енгізіледі деу әлі ерте. Дегенмен олардың таныстырылуының өзі құқық қорғау жүйесінің болашаққа дайындала бастағанын көрсетеді.
Цифрлық технология қылмыстың сипатын да өзгертуде. Интернет кеңістігі, цифрлық алаяқтық, деректерді заңсыз пайдалану және басқа да жаңа қауіптер дәстүрлі құқық қорғау тәсілдерінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан қылмыскердің жаңа әдісіне тек жауап беріп қана қоймай, сол қауіптің сипатын алдын ала зерттеу маңызды.
Осы жерде профилактика мен жасанды интеллекттің түйісетін тұсы көрінеді. Үлкен деректерді талдау арқылы құқық бұзушылықтың белгілі бір үлгілерін анықтауға, ал цифрлық профилактика арқылы тәуекел тобына жататын адамдарға ертерек назар аударуға болады. Яғни құқық қорғау жүйесі біртіндеп «қылмыс болды – жауап бердік» моделінен «қауіп бар – алдын ала әрекет еттік» моделіне қарай бет алып келеді.
Құқықтық мәдениет пен технология бірін-бірі толықтыруы керек
Дегенмен құқықтық саясаттың барлық міндетін технология шешеді деп қарау дұрыс емес. Цифрлық жүйелер қаншалықты дамығанымен, құқықтық мәдениет төмен болса, оның мүмкіндігі толық пайдаланылмайды.
Заңды құрметтеу, өз құқығын білу, өзгенің құқығына жауапкершілікпен қарау, құқық бұзушылыққа бейжай қарамау – құқықтық мемлекеттің күнделікті негізі. Ал цифрлық технология осы мәдениетті қалыптастырудың және құқық қорғаудың тиімді құралдарының біріне айнала алады.
Мысалы, баланың тәуекел тобында екенін алгоритм анықтауы мүмкін. Бірақ онымен қандай жұмыс жүргізілетінін отбасы, педагог, психолог және мемлекеттік органдар шешеді. ЖИ қылмыстық істегі байланыстарды көрсете алады, бірақ оның құқықтық бағасын адам береді. Үлкен деректер белгілі бір аумақтағы құқық бұзушылықтың өскенін көрсетуі мүмкін, бірақ оның себебін әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан түсіндіру мамандардың міндеті болып қала береді.
Демек, технология адамды алмастыру үшін емес, адамның құқықтарын тиімдірек қорғау үшін қызмет етуі қажет.
Құқықтық саясаттың түпкі өлшемі – адам құқы
Қазақстандағы құқықтық саясаттың қазіргі даму үрдістеріне қарасақ, бірнеше бағыттың өзара сабақтасып келе жатқанын көруге болады. Біріншісі – құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Екіншісі – құқық бұзушылықтың алдын алу. Үшіншісі – құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру. Төртіншісі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні осы міндеттерге бейімдеу.
Олардың барлығының түпкі мақсаты бір – азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету.
Сот арқылы құқықтарды қорғау да осы жүйенің ажырамас бөлігі болып қала береді. Себебі кез келген алдын алу немесе құқық қорғау тетігі заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуі керек, ал азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтірудің басты кепілдіктерінің бірі – тиімді сот арқылы қорғану мүмкіндігі.
Сондықтан заманауи құқықтық саясатты тек жаңа заңдар мен технологиялар жиынтығы ретінде қабылдауға болмайды. Оның шынайы нәтижесі азаматтың күнделікті өмірінде сезілуі тиіс: бала қауіптен ерте қорғалса, құқық бұзушылықтың алдын алынса, тергеу заң шеңберінде әрі тиімді жүргізілсе, азамат өз құқығын қорғау жолын білсе және сотқа жүгінген кезде әділ шешімге қол жеткізе алса – құқықтық саясаттың негізгі мақсаты орындалды деуге болады.
Бүгінгі цифрлық өзгерістер осы мақсатқа жетудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Бірақ технологияның қуаты құқықтық мәдениетпен, заңдылықпен және адам құқықтарына деген құрметпен ұштасқанда ғана оның қоғамдық маңызы артады. Құқықтық мемлекеттің болашағы да дәл осы тепе-теңдікке – заманауи технология мен адам құқығының, тиімді профилактика мен заңдылықтың, мемлекеттік жауапкершілік пен азаматтық мәдениеттің үйлесіміне байланысты.
Елқуат Елтөре














