Құрылыстың дамуы – экономика өсімінің негізгі драйвері

Құрылыстың дамуы – экономика өсімінің негізгі драйвері

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты – тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту. Ұлттық жобаны жүзеге асыру қорытындысында 2025 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен елімізде 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Соңғы бес жылда пайдалануға беріліп келе жатқан тұрғын үй саны соған айқын дәлел бола алады. Соңғы үш жылда облыста жыл сайын кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Былтыр 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталды. Бұл – бес жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есеге көп және ең жоғарғы көрсеткіш. Биыл жыл аяғына дейін 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысы Жандос Алимовтың айтуынша, былтыр «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 851 ақтөбелік баспаналы болған.

– Кезекте тұрған ақтөбеліктер «Отбасы банк» арқылы жалпы сомасы 4 миллиард теңгеден астам қаржыға 821 пәтер (35 мың шаршы метрден астам) сатып алды. Оның ішінде 61 адам «Салымшыларға несиелік тұрғын үй беру» бағдарламасы бойынша, 6 адам «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша және 434 адам «Шаңырақ» пилоттық бағдарламасы бойынша баспаналы болды. Сонымен бірге «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» арқылы кейін сатып алу құқы берілетін 30 пәтер жалға берілді, – дейді ол.

Бүгінде Ақтөбеде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 26 466 азамат есепте тұр. Соның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1783; көпбалалы отбасылар – 2705; халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататындар – 11 147; мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адамдар – 10 712; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары – 119;

Ақтөбеліктерді тұрғын үймен қамтамасыз ету саласында жасалып жатқан жұмыстармен таныстыру, баспаналы болуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар, оған қатысу механизмдері туралы ақпараттар беру мақсатында Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Отбасы банк» АҚ Ақтөбе филиалы мен екінші деңгейлі банктер өкілдерінің қатысуымен ақпараттық іс-шара өтті.

20 маусым күні елімізде «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Ақтөбеде алғашқы күннің өзінде 400-ге жуық адам өтінім беріп үлгеріпті.

– «Бақытты отбасына» көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасылар (ажырасқан уақыты 3 жылдан кем болмауы тиіс) қатыса алады. Сонымен бірге олар осы санаттар бойынша мемлекеттік пәтер кезегіне тұрған болуы және «Отбасы банкінің» салымшылары болуы керек, – дейді банктің Ақтөбе облыстық филиалы өкілі Алина Қорғанбекова.

Өткен жылы өтініш беріп, кезегі жетпей қалғандар резервте тұрады, олардың биыл бірінші болып жеңілдікті пайдалануға құқы бар.

– «Бақытты отбасы» аясында біздің облыс тұрғындары бағасы 10 миллион теңгеге дейінгі үйлерді ала алады. Оны бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да алуына болады, алайда құрылысы енді жүргізіліп жатқан үйлерге үлескер бола алмайды, – дейді Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысы Жандос Алимов

Азаматтар аталған бағдарламаға қатысуға санаттары мен кезекке қойылған жылына қарамастан өтініш бере алады. Өтініш банктің www.otbasybank.kz порталында онлайн түрде 20 маусым-19 шілде аралығында отыз күн қабылданады. Одан әрі жүйе автоматты түрде кезекке тіркелу өңірлері, кезекке тұрған күні мен санаттары бойынша қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін қалыптастырады. Әкімдіктің кезекке қою күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы факторы болады.

– 20 маусымда түске дейін 350 адам өтініш беріп үлгерді. 19 шілдеден кейін екі тізім тағайындалады. Олар – негізгі тізім (бағдарлама бойынша өткен және банкке төлем қабілеттілігін растауға шақырылатын қатысушылар) және резервтік тізім (егер негізгі тізімдегі қатысушы төлем қабілеттілігін растай алмайтын болса немесе қатысудан бас тартатын болса, резервтік тізімнен келесі қатысушылар кезек тәртібімен төлем қабілеттілігін растауға шақырылатын болады), – дейді «Отбасы банк» филиалының өкілі Сәкен Сүлейманов.

«Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары бойынша баспаналы болғысы келетін азаматтар жергілікті атқарушы билік тарапынан тұрғын үй сертификаттарын ала алады. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Балерке Құрақбаеваның айтуынша, тұрғын үй сертификаттары көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы адамдарға, сонымен бірге денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы қажеттілігі басым мамандарға беріледі. Тұрғын үй сертификатын алу үшін үміткер алдымен екінші деңгейлі банктен несие берілетіні туралы мақұлдама алып, халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш беруі керек. Сертификаттың екі түрі бар: қайтарымсыз және қайтарымды. Олар үміткердің отбасылық кірісіне қарай есептеледі. Балерке Құрақбаеваның айтуынша, былтыр 355 отбасына жалпы сомасы 320 миллион теңге болатын осындай тұрғын үй сертификаттары берілген. Биыл да шамамен 300-дей адам сертификатқа ие болмақ.

– Өткен жылдары мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған және көпбалалы отбасыларға көбірек берілді. Биыл біздің облысқа 300 миллион теңгедей қаражат бөлінді, – дейді ол. 

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы
23.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Аудан әкімі ардагер спортшыларды марапаттады
Талас аудан әкімдігі - 06.07.2022 33
АУЫЛАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жамбыл ауданы - 06.07.2022 27
164 түлек ауылға жолдама алды
Сейсен ҚОЖЕКЕ. Меркі ауданы. - 06.07.2022 21
Ардагер аяқдопшылар алтыннан алқа тақты
Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы. - 06.07.2022 21
Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы
Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер - 30.06.2022 182
Абылай хан туралы ащы щыңдық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. - 30.06.2022 189

Топ жаңалықтар

1
Еңбектенемін деген жасқа мүмкіндік мол
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 69
2
Дәстүрлі спартакиада
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 71
3
Басты мақсат – жас спортшылар қатарын көбейту
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 67
4
«Алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 98
5
Оң баға берілді
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 69