2022 жылы өтетін маңызды тарихи оқиғалар шымылдығын қысқы Олимпиада ойындары ашады. Жаһан жұрты асыға күтетін XXIV қысқы Олимпиада Қытайдың Бейжің қаласында өтеді. Спорттық іс-шара 4-20 ақпан аралығына жоспарланған. Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, спортшылар биатлон, бобслей, керлинг, конькимен сырғанау, шаңғы жарысы, шана спорты және хоккей сайыстарында бақ сынайды. Олимпиада ойындары Бейжің орталығында, Яньцин және Чжанцзякоу аудандарында өтеді. Өкінішке қарай, COVID-19 пандемиясына байланысты Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне көрермендер кіргізілмейді. Бірақ жанкүйерлер төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы көгілдір экраннан тамашалай алады. 2022 жылы Бейжің Олимпиадасы қытайлардың басты ұлттық мерекесі – Қытай Жаңа жылымен тұспа-тұс келеді. Айта кетерлігі, 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Қазақстанда өтуі де мүмкін еді. 2013 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне бірінші болып Алматы қаласы өтінім берген. Артынша Қытай астанасы Бейжіңнен өтінім түсті. Осылайша спорттық сайысты өткізу құқығына екі қала таласты. Дауыс беру қорытындысы бойынша Бейжің жеңіске жетті. Алматыға небәрі 4 дауыс жетпей қалды. Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдайтын алғашқы қала.