Бейжің Олимпиадасына таудай болып барып, ұнжырғасы түсіп қайтқандардың орнына қазақ жастарын әкелу керек. Сонда ғана нәтиже болады. Соларға бөлінген қаржыларға да спорт басшылары, олимпиадалық комитет бірігіп есеп беріп, ел алдында ашық жауап берулері керек. Қажет болса құлықсыз, ынтасыз әйтеуір жүрдім, бардым деп жүрген орыс бапкерлерін жұмыстан түгелдей кетіріп, тазалау керек. Қашанғы қысқы спортқа құлықсыз қарай береміз? Бейжіңде шаңғы жарысы, биатлон секілді спорт жарысына шыққан жерлестеріміздің көштің соңында келуі – жанымызға жегідей батқаны анық.
Ойпырмай, жеңілген жан өзінің әлсіз жақтарын мойындауының өзі жігіттікке жатар еді. Ал елімізді масқара еткен олардың айтқан сылтау, себебі еріксіз ашу шақыртады. Мысалы көпшілігінің (негізі орыс ұлтының спортшылары) алдымыздан соққан қатты жел, трассаның аяқ алып жүрусіз тайғақтығы кедергі болды деген сияқты жалған ақталудың себеп-салдарын желеу еткенде басыңа қан шапшып, намысың келеді. Сонда мәреге бұрын жеткен өзге елдің спортшылары неге сондай өтірік сылтауларды сөз етпейді? Өйткені оларда елге, туған жеріне деген бойларында лаулаған намыс бар. Намыс бар жерде табыс бар. Хош, тізіп айта берсең көңіліміз түсіп, ашу-ызаға ерік беретіндей халде тұрмыз. Шорт-тректегі қаракөз жастарымызға алғысымыз шексіз. Жүлдеге қол жетпесе де көпшілік жанкүйерлерді осы бір спорт түріне сүйсіне қарата білді. Асын адал жеген марқасқалар, елі үшін абыройлы өнер көрсете білді. Енді қысқы спорт түріне қазақтарды тарту мәселесін көтеру керек. Біздің елде тау да, қар да жетеді. Алты ай қыс жататын солтүстік өңіріміз қысқы спортқа өте қолайлы мекен. Дегенмен тәжірибе алмасу үшін қысқы спортта әлем көшінің басында тұрған дамыған елдерге қазақ жастарын жіберу керек. Айталық, мемлекет Норвегия еліне шаңғы ұстаған қазақтарды оқу-жаттығу жұмысына тәжірибе алуға жіберсе, Голландияға конькишілерімізді, Канада, Финлияндаға хоккейшілерімізді тағысын тағы қысқы спорт түрлерінен дамыған елдерге аттандыру керек. Сонымен қатар елдегі қысқы спорт түрлерінен спорт мектептері ғана емес, орта мектептегі қаракөз жасөспірімдерге бар жағдай туғызып, қамқорлыққа алса деген ой да өте өзекті. Қазақ жастарын қысқы спортқа қызықтыратын мега жобаларды іске асырылып жатса, ол да бір жағынан демеу болар еді. Сонда ғана бір нәтиже болады. Кеш болмай тұрғанда осындай қимыл жасау керек!