Осыдан екі-үш күн бұрын Епископ Трамптан ЛГБТ өкілдері мен мигранттарға рақым танытуды сұрады.
Түсінікті болу үшін епископтың кім екенін анықтап алсақ: Епископ – бұл жоғары діни дәрежедегі тұлға, шіркеудің белгілі бір аумақтағы діни жетекшісі. Ол шіркеулерді басқарып, діни рәсімдерді өткізумен қатар, діндарларды рухани тәрбиелеу мен шіркеу заңдарын сақтау жауапкершілігін атқарады.
Епископ Марианн Бадде Трампты ЛГБТ өкілдері мен заңсыз мигранттарға жанашырлық танытып, оларға әділ көзқараспен қарауға шақырды. Оның айтуынша, бұл топтар лайықты өмірге мұқтаж және олардың құқығы қорғалуы керек. Алайда, Трамп бұл өтінішке ренішпен жауап берді. Ол шіркеудегі рәсімнен кейін орнынан тұрып, наразылығын білдіріп: «Бұл шіркеу қызметі сұмдық болды!» – деп мәлімдеді.
Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында епископты сынға алып: «Бұл епископ – радикалды солшыл көзқарастарды ұстанушы және мені жек көрушілердің бірі. Оның сөздері дөрекі әрі сенімсіз, ақылға қонымсыз болды. Ол өз жұмысын дұрыс атқармайды! Епископ пен оның шіркеуі қоғамнан кешірім сұрауы тиіс!» – деп жазды.
Сонымен қатар, Трамп мигранттарды да қатаң сынға алып, олардың елге келіп, қылмыс жасап жатқанын айтты. «Олардың кесірінен АҚШ-та қылмыс деңгейі күрт өсті», – деп мәлімдеді ол.
Камила СЕРІКҚЫЗЫ