РЕСЕЙ ТАРИХЫ – СОҒЫС ТАРИХЫ

РЕСЕЙ ТАРИХЫ – СОҒЫС ТАРИХЫ

 

Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын.

                                                                                  Қазақтың халық мақалы.

 

«Адамзат тарихы дегеніміз – соғыс тарихы» деп айтып кетіпті Артур Шопенгауэр деген оқымысты сонау XVIII ғасырда. Содан бері бақандай екі жарым ғасыр уақыт өтсе де, адамзат тарихы еш өзгерген жоқ. Қайта тарихтың одан кейінгі дамуы неміс философының сәуегейлікпен болжаған осы сөзінің дұрыстығын дәлелдеумен келеді. Шынында да, өткенге көз жіберсеңіз, адамның жүрегі ауырады. Бір патша тақтан түсіп, орнына екінші патша отырса да, бір мемлекет тарихтан көшіп, орнына екінші бір мемлекет туын тіксе де, бірде-бір оқиға қақтығыссыз, адам шығынынсыз жүзеге аспаған. Адамдар арасында міндетті түрде жанжал шығып, қантөгіс орын алған. Бір қайран қаларлығы, жер бетінен бір басқыншы-агрессор жоғалса, оның орнына екінші бір басқыншы-агрессор пайда болып отырған. Және бұл процесс адамзат тарихымен бірге еш өзгермей жасап келе жатқаны қайран қалдырады.

 

Қасірет таңбасы

 

Демек, адамзат бір-біріне  соқтығыспаса, қақтығыспаса, бір-бірінің қанын ішпесе отыра алмайды. Соғыс болмаса, дүние дөңгелемейді. Тарихта бұған айғақ болатын мысалдар жеткілікті. Мысалы, бүгінде «айдарынан жел есіп» тұрған Ресейді алайық. Қазір бұл елде орысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «орыстар» да ғұмыр кешеді. Бірақ, оны өздері білмейді. Білмейтін себебі – оларға ана тілінде сөйлеуге, төл тарихын оқып-білуге, ұлт дәстүрі мен мәдениетін сақтауға қатаң тыйым салынған. Өз тілінде сөйлеген, өз ұлтын сүйген адамды «ұлтшыл», «халықтар достығының қас жауы», «сеператистік көзқарастағы қауіпті қылмыскер» ретінде жала жауып, айып таққан, түрмеге тоғытқан, итжеккенге айдаған, тіпті өлім жазасына кескен сәттері де аз емес. Мұндай қатал жазалаудан кейін өз тілінде сөйлеу, төл тарихын білуге кімнің жүрегі дауалай қойсын?! Мінеки, кең-байтақ Ресей империясында жасап отырған «орыс емес» орыстардың ана тілін, төл тарихы мен дәстүрін, өзінің байырғы ұлттың болмысын мансұқ етіп, аз уақытта «ұлы орыс» ұлтына айналып шыға келуінің басты себебі – осы. Дұрысы, соған мақсатты түрде мәжбүрледі. Содан кейін не болды? Адамдар (ұлттар) өз ата-бабасының өткен тарихын, істеген ерлік істерін, жүрген жолын жадынан біртіндеп өшіре бастады. Ал, қазір олар метролитет ойдан шығарған «біртұтас орыс идеясы» айналасына топтасып, өзінің нағыз ұлттық тегі, өткен тарихы туралы ештеңе білмей-ақ өмір сүруін жалғастырып жатыр. Әрине, бұлар сыртқы кескін-келбетімен де, кейбір мінез-құлық ерекшелігімен де өзінің ата-бабасына қатты ұқсайды (басқаша болуы мүмкін емес қой), алайда тарихи жады эрозияға ұшырағандықтан, көп нәрсе өзінен-өзі ұмытылған, көмескіленген.

Не дегенде де Ресей тарихы – соғыс тарихы, бітпейтін төңкерістер мен қақтығыстар тарихы. Узипаторлар тарихы. Өткені драмаға толы бүгінгі даңғой Орыс елі шын мәнінде халықтардың көз жасы мен сүйегінен қаланған. Әуелден-ақ қасірет таңбасы басылған Ресей тарихының бастан-аяқ қан саситын себебі сол. Ең өкініштісі, осынау қасіретті таңбаны орыс билігі өз қолымен жасады. Соның кесірінен, қазір онда өмір сүріп отырған ұсақ ұлттардың көпшілігі өткен шағын білмейді, төл тарихи шежіресінен мақұрым. Көпшілігі ата-бабадан мұраға қалған, өздері баяғыдан тұрып келе жатқан жерді «Ресей империясы уақытша сыйлыққа берген» деген кремльдік жалған аңызға имандай сенеді. Осы орайда Ресейдің империя болып қалыптасуына елеулі рөл ойнаған казактар тарихынан мысал келтірейік. Халық па, халық емес пе? Ұлт па, ұлт емес пе?! Не Отаны жоқ, не тілі жоқ түсініксіз қойыртпақ бірдеме. Олардың шығу тегі мен тарихына қатысты ақиқатты ашық айтуға қатаң тыйым салынған. Есесіне олардың өткеніне қатысты бос қалған орынды ойдан шығарылған «даңқты» аңыз-әңгімелермен толтырып отыр. Бүкіл Еуразияны ен жайлаған казактардың біздің санамызда уақыт пен кеңістік арасында адасып, басын тауға да, тасқа да соғып өзін аласұрып іздеп жүрген сияқты әсер ететіндігі сондықтан болса керек. Дәстүр-салты көне түріктерге ұқсайтын осы этникалық топ өздерін «славяндармыз» дейді, бірақ антропологиялық пошымына зер салсаңыз, қазіргі орыстарға үш қайнаса сопасы қосылмайды. Ресей патшаларына адал болуға ант бергенге дейінгі қатынас тіліне қарасаңыз мүлде басқа. Сонда, казактар дегеніміз шын мәнінде кім?.. Әрине, олардың бүгінгі таңдағы қарым-қатынас тілі – орыс тілі, тіпті көпшілігі өздерін орыс тарихынан, орыс мәдениетінен бөліп қарамайды, орыс әлемінің бөлінбес бір бөлшегі санайды. Алайда, өткеніне үңілсеңіз, шиырлы ізі дала өркениетіне қарай жүген тартады. Бұл не деген сөз? Яғни, Кремль пропагандасы казактарға байланысты тарихи ақиқатты жеті қабат темір қақпаның аржағында шынжырлап құпия ұстап отыр деген сөз.

 

Сонымен Ресей ұлы империяға қалай айналды?

 

Бұл тақырып бір емес, бірнеше том кітапқа жүк болатын өте ауқымды әрі қызғылықты тарих. Оны егжей-тегжейлі жазу біздің бүгінгі мақаламыздың мақсатына кірмейтіндіктен, әңгімені қысқа қайырамыз.

Біз қаласақ та, қаламасақ та, тарихтың дамуы Ресейді көп ұлтты, көп конвесиялы мемлекет етіп қалыптастырды. Кейбір статистикалық мәліметтерге қарағанда, дәл қазір Ресейде 400-ден астам ұлт және этникалық топ өкілдері тұрады. Осы ұлттар мен ұлыстардың көпшілігінің тарихи Отаны осы жерде – Қиыр Шығыс пен Шығыс Еуропа аралығында көсіліп жатқан Ресей Федерациясы аумағында. Көп ұлтты мемлекет болып қалыптасуы Ресейді, сөз жоқ, күшті империяға айналдырды. Астын сызып айтар нәрсе, оның алты құрлықты аузына қаратқан ұлы мемлекетке айналуы өз кезінде әлемдегі ең құдіретті империя болған Алтын Орданың ішкі қырқыстан әлсіреп, ол – Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажы-Тархан хандығы, Сібір хандығы, Ноғай ұлысы, Көк орда  және Қазақ хандығы сияқты алты-жеті хандыққа бөлшектеліп кеткеннен кейін басталды. Яғни, орыстар қазақ тайпаларының қолдауымен дүниеге келген Алтын Орда мемлекеті құлап, ыдырағаннан кейін есін жинап, ел бола бастаған. Ресейдің содан бергі ең басты саяси кәсібі – көрші елдерді қырып-жойып, қалаларын талқандап, жерін жаулап алу. Орыс тарихына тереңірек үңілер болсаңыз, өзге ұлттарға, әсіресе көршілеріне қарсы қанды жорықтарды өте-мөте көп жасаған ел болғанына оңай көз жеткізесіз.

Елдегі әртүрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен қоян-қолтық араласуы, ұлтаралық некелік қатынастардың кең етек алуы Ресейді ақыл-ой қабілетін күшейтумен бірге, осынау сапырылысқан ассимилация орыс емес ұсақ ұлттарды өзінен-өзі орыстануға, шоқынуға мәжбүрледі. Мысалы, орыстардың ұлы әулеттерінің бәрінде дерлік басқа ұлттардың қандары басым болғандығы туралы орыс әдебиеті тарихында көп жазылуы тегіннен-тегін емес. Ал, батыс зерттеушілері: «Кез келген орысты тырнап қарасаң, ар жағынан татар қарап тұрады» деп жазғаны тағы бар. Міне, осынау ұсақ ұлттардың орыстануы мен мәдениеттердің сапырылысуы, осы процестің жүруі барысында адамдардың түрлі психологиялық кедергілерге тап болуы, жаңадан қалыптасып келе жатқан орыс халқын қаны бұзылған қатыгез, қанішер, соғысқұмар етіп тәрбиеледі, ал Ресейді қатыгездік пен аямаушылықты үлкен саясатқа айналдырған мемлекетке айналдырды.

Бұған сала-құлаш дәлелдер келтіріп, тізбелеп жатпай-ақ, 1552 жылы Қазан қаласын жаулап алған Иван Грозный жергілікті халықтың қанын судай ағызып, асқан қатыгездікпен басып-жаншығаны жайлы бір ғана мысалды тілге тиек етсек те жеткілікті деп ойлаймын. Алтын Орда құлаған соң тарих бетіне шыққан бір-ақ уыс Мәскеу княздігі өздерін бұдан былай «Русия» деп атап, сан ғасыр тізесі батқан түркі-тектестерді бір-бірлеп талқандаудың жоспарын түзді. Ол үшін не істеу керек? Дәл іргеде тұрған Қазан хандығын талқандап, байтақ шығысқа жол ашып алған дұрыс. Сөйтіп 1552 жылдың қара күзінде орыс патшасы И. Грозный 150 зеңбірегі бар, темір сауыт құрсанған 150 мың әскерін бастап, Қазан қаласының қамалына келіп, тұмсық тіреп тоқтады. Сол кезде Қазан қамалында небәрі 30 мың ғана сарбаз бар еді. Жаудың әскер саны бес есе, ал қару-жарақ жағы бірнеше ондаған есе күшті болды. Шайқас қырық күнге созылды. Қала алынғаннан кейін ІV Иван: «Әйелдер мен жас балаларды ғана қалдырып, қалғанын түгелдей қырыңдар», – деген жарлық берді.
Соғыста 500 мың қазандық татарлар қаза тапты. Орыстар шайқаста қырылған түркі-татарлардың басы жоқ, паршаланған денелерін біріктіріп, жүздеген сал буып Еділге тастады. Өліктерді дарияның қос қапталын жайлаған қалың ноғайды үрейлену үшін төмен қарай ағызды. Аталмыш қырғын жайлы сол кездің тарихнамаларында: «Дарияның арғы бетінде жайылып жүрген жетім лақ, өлі денелердің үстін басып өтіп, бергі бетке шығатын еді», – деген жазба қалған екен (А. Кәкен, «Жұлдыз», №9, 2010 ж.).
Осы қырғын шайқас туралы жазушы Мұхтар Мағауин былайша қалам тербейді: «Біздің туыстас түрік халықтарының бұрын-соңғы тарихында ең қанды, ең қайғылы, сонымен қатар кейінгі ұрпаққа үлгі, даңқты шайқастардың бірі болды. Қазан құлаған соң, орыс күшейді, ұлы даланы мекендеген барлық халықты қырып-жоюға, бодандыққа алуға, біразын жер бетінен мүлде өшіріп жіберуге жол ашылды» («Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж.).
Арада төрт жыл өткенде, әбден құтырған орыс әскерлері Хажы-Тарханды жаулап алды. Қазандықтарды қалай қырғанын естіген башқұрт, шубаш, шеремис, удмурттар орыстың бодандығына өздері барып кірді. Алтын Орданың жұрнағы Ноғайлы хандығы да кешікпей бас иіп, тізе бүкті. Бодандыққа бас игісі келмеген бір тобы жаңадан шаңырақ көтеріп, еңсесін тіктеп келе жатқан Қазақ хандығына барып қосылды.
Сөйтіп, аз ғана жылдың ішінде Алтын Ордадан бөлініп шыққан бірнеше хандық өлеңді жерде семірген өгіздей өкірген Русияның бодандығын қабылдады.

Сол секілді 1783 жылы бетпе-бет келген шайқаста Қырым ноғайларын жеңе алмаған «генералиссмус» Суворов ақыры таң алдында бала-шағасы шырт ұйқыда, үлкендері таң намазын оқып жатқан сәтте күтпеген жерден басып кіріп, 10 мың ноғайды қырып салғаны да бүгінгі ұлы орыс жұртының аяусыздықты білмейтін  қатыгездігінің бір мысалы. Ал, «Еуропаға терезе ашқан» I Петрден бастап кешегі орыс мемлекетінің нығаюы, соның нәтижесінде Қапқаз жоталары, Қазақстан, Орта Азия, негізінен түркі халықтары мекендеген Қиыр Шығысқа дейінгі тұтас Сібір алқабын зеңбіректің үнімен, мылтықтың дүмімен, қылыштың жүзімен, көз көріп құлақ естімеген асқан қатыгездікпен жергілікті халықтың қанын судай шашып барып империя құрамына күштеп қосқаны да жоғарыда айтқанымызға дәлел. Қаталдық, басқыншылық, көршінің жеріне көзалартушылық, соғысқұмарлық, қатыгездік, даңғойлық, қанішерлік орыс халқының бойына осылай біртіндеп сіңді, орыс жұртының бойында жабайы «ура-патриотизм» осылай пайда болды. Бірақ, Ресей саясаткерлері орыс адамдары асқан қанішерлікпен қырып-жойып істеген бұл іс-әрекетін басқыншылық деп емес, «Қапказдың Ресейге өз еркімен бағынуы» (Көрдіңіз бе, бағынуы дейді, о заманда бұ заман адам адамға өз еркімен бағына ма?!), «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы», «Қазақ хандарының орыс патшасына ант беруі». «Орыс империясының Сібірді игеруі» деп түсіндірумен келеді. Жергілікті халықтардың Ресейге «өз еркімен бағынуы» немесе «қосылуы» орыс тарихшылары ойлап тапқан жалған, көпірме сөз екенін Ресейдің кеше ғана (2014 ж.) Қырымға жасаған басқыншылық соғысы тағы да айқындап берді. Ресейдің Қырым түбегін қандай сұрқия  айлакерлікпен, екіжүзділікпен «аннекциялағаны» туралы басқа мақаламызда арнайы сөз еткендіктен, бұл тақырыпқа тоқталмаймыз.

 

І Петрдің қазақ жерін жаулап алудағы қанды жоспары қалай жүзеге асты?

 

Көрші мемлекеттерге жасаған басқыншылық саясатын ашықтан-ашық айтып, оны орыс ұлтына ұран ретінде қалдырған I Петрдің мына бір сөзін оқырман назарына ұсынамыз. Ол 1722 жылы Қазақ даласын бағындырудың маңызын былай деп атап көрсеткен болатын: «Барлық Азия елдері мен жерлері үшін бұл қырғыз-қайсақ ордасы кілт және қақпа. Сол себепті бұл орданы Ресейге бағындыру қажет, сол арқылы барлық Азия елдеріне байланыс жасап, Ресей үшін пайдалы және жағымды шараларды іске асыру керек». Қазақ хандарына елші ретінде жіберген А.Тевкелевке төмендегідей тапсырма да берді: «Егер Қазақ ордасы нақтылы түрде бодандыққа кіргісі келмесе, онда қанша болса да қаражатты аямай, миллион болса да, тек Ресей империясына бодан болуға міндеттенген бір бет қағаз берсе де болғаны».

Петрдің осы сөзімен қаруланған орыс патшаларының  кейінгі мирасқорлары қазақ жеріне тек көз алартып қана қоймай, асқан әбжіл-айлакерлікпен, қатыгез басқыншылықпен бірте-бірте ішкерілей бастады. Деректерге сүйенсек, орыс империясы қазақ даласын жаулау үшін азды-көпті 130 жылдан астам уақыт жұмсаған. Ал, Қап тауын тізерлетуге 150 жыл сарп етсе, Сібір алқабын «игеруге» 400 жылын құрбандыққа шалған. Бұл не деген сөз? Яғни, орыс пен қазақ бақандай 130 жыл соғысқан деген сөз. Ал, Қап тауы үшін 150 жыл қан төксе, Сібір халқымен 400 жыл шайқасқан деген сөз. Бірақ, бұл соғыстар туралы мәліметтерді бірде-бір оқулықтан, не кітаптан кездестірмейсіз. Қай кітапты аударыстырсаңыз да, «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуы» немесе «Қазақ хандарының ақ патшаға өз еркімен ант беруі» жайындағы жалған дерекке тап боласыз. Осылайша әуелде қазаққа тиесілі болған, бүгінде Ресей қалаларына айналған Орынбор (Оренбург), Жаманқала (Орск), Қажы-Тархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Еділ бойы (Волга), Селебе (Челябинск), Түмен (Тюмень), Қорған (Курган),  Баранауыл (Барнауыл), тағы басқа сияқты қалаларды айтпағанда, бүгінгі кең-байтақ Қазақстанды алпыс екі айламен және асқан қатыгездікпен өзіне қаратып алды. Бүгінде осы кең-байтақ өлкені Кремль поп-гапондары ұялмай-қызармай «ықылым заманнан Ресей жері» деп ауыздарына келгендерін құсып жүр. Ол – ол ма, орыс патшаларының бүгінгі мирасқорлары, тіпті адамға тән ар-ұят дегеннің бәрін ысырып тастап, ұлан-байтақ Сібір алқабын өзіне меншіктеп, «Исконный Русская земля» деп сандырақтайтынын қайтерсің. Құдды «мұрным барда бір сіңбірейіннің» кері. Қысқасы, қаталдық пен менмендікті, зорлық-зомбылдық пен аяусыздықты, екіжүзділік пен аярлықты, басқыншылық пен әлімжеттілікті орыс халқының қанына кәрі-тарихтың өзі осылай сіңіріп, қалыптастырған десек, шындықтан алыс кетпейміз.

Одан кейінгі кезеңде де Ресей өзінің басқыншылық мақсатынан бас тартқан емес. Қайта соғысқұмар мінезін одан әрі өршітіп, еселей күшейтті. 1917 жылы Ленин бастаған қызыл большевиктер жеңіске жеткен соң, енді орыстар ақ-қызыл болып екіге бөлініп өзара қырқысқа түсті. Оған  кейін «Азамат соғысы» деп айдар таққаны белгілі. Ең қорқыныштысы метролитет орыс халқының бойындағы жыртқыштық, қатыгездік қасиетті одан әрі өршітіп, оны мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтерді. Нәтижесінде КСРО-да қолдан ұйымдастырылған репрессия орын алып, ол ондаған миллион адамның өмірін жалмады. Жазықсыз миллиондар «Карлаг», «Степлаг», «Алжир» секілді концлагерьлерде адам төзгісіз жағдайда азап шекті. Өзі билеп отырған елдің зұлымдығы жайлы И.Сталин: «Ресей патшалар мен баскесерлердің Отаны. Ресей өзі қанап отырған халықтардың қан-сөлін сорып, соның күшін пайдалану арқылы ғана өмір сүрді. Және бүкіл халық оны қарғап-сілеумен болды» деген ең атақты сөзін дәл осы кезде айтқан. Әрине, ащы айтқан, алайда халықтардың көз жасы мен сүйегінің үстінде тұрған Ресейдің бүкіл қасіретті тағдырын осынау бір ауыз сөзге сыйғызып жіберген әділ сөз.

Осы жерде Ресейге әділ баға берген «халықтар әкесінің» өзі де баскесер Ресей патшаларына лайықты мұрагер болғаны қазір ешкімге құпия емес. Өйткені, ХХ ғасырдағы ең ауыр қылмысты осынау «мұртты көсем» билеген КСРО империясы жасаған болатын. Осы ғасыр қылмысын жүзеге асыру үшін неорашистерге небәрі 72 жыл ғана керек болған екен. Жүгенсіз тоталитарлық өктемдікке арқа сүйеген «қызыл» билік 200-ден астам ұлт пен ұлысты мидай сапырылыстырып, ақыр соңында ымыраға көнбейтін тоңмойын, бетпақ-демагог, менмен, даңғой орыс халқын қалыптастырды. Нәтижесінде жүзге тарта ұлттар мен ұлыстар жер бетінен біржола жойылып кетті. Осынау жойқын да жойдасыз қасіреттің орнында қисапсыз химералық күйге жеткен 100 миллиондаған тобыр қалды; аралас некеден туған 60 миллион ұлтсыз дүбәра пайда болды. Бұл ұлтсыз дүбәралар қазіргі қоғамды одан сайын астын үстіне шығарып, ушықтырып отыр. Яғни, этностар қойыртпағы – қайшылығы көп химералық ұлтты қалыптастырды, идеялық тұрғыдан бос кеудемсоқтыққа алып келді. Ол да ештеңе емес екен, ұлттардың қойыртпағы келе-келе антисистемалық қарама-қайшылықтың ұласуына жол берді. Яғни, бұл қолдан жасалған қойыртпақ ұлттың бойында жасанды, жалған патриотизмнің оттығы тұтанып, шынайы табиғи сенімнің ықпалы азайғандығын білдіреді. Әркімге белгілі, адамдар арасындағы сенім жоғалса, қайшылық туады. Қайшылық туса, іш кебеді, шеке іседі, ашу, ыза пайда болады. Ал, ашу мен ызаның соңы қақтығыс пен соқтығыс! Мінеки, қысқаша қайырғанда, жан жұбанышын табиғи ортадан таппаған, өз қалауының эго-менмендігін ғана місе тұтқан кеңістік қойыртпақ ұлттың қатал мінезі осылай пайда болып, аяусыздық пен қатыгездікті алға шығарған халық осылай қалыптасқан. Яғни, соғысқұмарлық пен ымыраға көнбейтін тоңмойындықты, шамадан тыс қаталдық пен аямаушылықты орыс халқының бойына тарихтың өзі осылайша сіңірген.

 

Соғысқұмар елдің зұлымдыққа толы деректері не дейді?

 

Енді Ресейдің соғысқұмар ел екеніне көз жеткізу үшін қолда бар деректерді сөйлетуге көшеміз. Ескертіп өтетін нәрсе, бұл жерде қос басты самұрықтың арғы тарихына су бүркіп жатпастан, ХХ жүзжылдықтағы қақтығыстары мен соқтығыстарын көрсетумен ғана шектелеміз. Дегенмен дәл осы жерде айтпасқа болмайтын бір мәселе бар.

«Күлік шайқасы», «Полтава шайқасы», «Бородина шайқасы» деген шайқастар бізге мектеп оқулығынан недәуір мәлім. Бұлар – патшалық Ресейдің (КСРО-ның емес) басынан өткізген сырт жаулармен соғыстары. Орыс халқының түрлі соғыстардан қажып әупірімдеп аман қалған кезеңдері. Мұнда «Күлік шайқасы» десе, ХІІІ-ХV ғасырдағы моңғұл-татар езгісі, «Полтава шайқасы» десе, швед шапқыншылығы, «Борадина шайқасы» десе, француз басқыншылығы еске түседі, сыртқы жауға жанқиярлықпен қарсы тұрған орыс халқының «ұлы ерліктері» ойға оралады. Орыс халқының «ерлік істері» дегенде, бұдан басқа орыс-герман, орыс-түрік, орыс-польяк, орыс-фин, күні кешегі орыс-ауған, орыс-грузин, орыс-шешен, дәл қазір отқа оранып жатқан орыс-украин соғыстары туралы ептеп хабарымыз бар. Негізінен Ресей араласқан соғыстар туралы білетініміз осылар ғана. Болды. Сөйсек, құрметті оқырман, солтүстік көршіміздің соғыстары туралы біздің білеміз дегеніміз, жүздің біріндей ғана екен. Шындығында, Ресейдің соғыспаған, тиіспеген, соқтықпаған, тұмсығын тықпаған елі қалмапты. Мысалы, Германиямен 3 мәрте майдан алаңында кездессе, Франциямен 4 мәрте бетпе-бет келген. Швециямен 9 рет қарулы қақтығысқа барса, Польшамен 10 рет соғысқан. Ал, Таяу Шығыстағы ежелгі бәсекелесі Түркиямен 12 рет соғыс майданында жолыққан. Бұл мемлекетпен жүргізген соғыстың жалпы ұзақтығы 200 жылды құрайды екен. Не деген бітпейтін соғысқұмарлық десейші!

Әрине, орыс милитаризмі қанша жерден жанталаса қаруланып, басқаның жеріне көз алартса да, әрқашан жеңіске жете бермеген, талай мәрте тұмсығы тасқа соғылып, масқара жеңіліске ұшыраған кездері де аз болмаған. Алайда, одан сабақ алудың орнына, өз-өзіне келіп, күш-қуатын қалпына келтіріп алған соң, баяғы кежір, тоқмойын әдетіне қайта басып отырған.

Ендеше деректерге кезек берейік.

1904-1905 жылғы Қиыр Шығыс үшін болған орыс-жапон соғысы. Бұл соғыс Ресейдің бейшаралық жеңілісмен аяқталғаны белгілі;

1914-1918 жылғы Бірінші дүниежүзілік алапат. Германиямен бетпе-бет келген бұл соғыста да жаны мұрнының ұшына келіп, әйтеуір әупірімдеп аман қалды;

1916 жылы Ресейде азамат соғысы басталып, бұл аласапыран 1917 жылғы Қазан төңкерісіне ұласты. Одан кейін орыстың мұжықтары ақ пен қызылға ажырап, өздері мен өздері қырқысты, бір-бірін аяусыз кескіледі. Өздері қырқысқанымен қоймай, бұл мағынасыз-мәнсіз «адам өлтіру ойынына» өздері жаулап алған көрші елдердің адамдарын да  тартты. Ол 1922 жылға дейін жалғасты;

1920 жылы наурыз-қазан айларында КСРО-Польша арасында соғыс қимылдары өріс алды;

1922-1931 жылдар аралығында «Орталық Азия мен Қазақстан аумағында басмашыларды жою» жолындағы соғыс қимылдары жүрді;

1925-1939 жылдар аралығында «Украина мен Беларуссияда заңсыз әскери құрылымдарды жою» жолындағы соғыс қимылдары жүрді;

1932-1933 жылдары Украина мен Беларуссияны, Қазақстан мен Қырғызстанды, Ресейдің оңтүстігі мен орталық аймағын қамтыған қолдан ұйымдастырылған аштыққа жол берілді;

1937-1938 жылдары бүкіл КСРО-ны тергеусіз, сотсыз мыңдаған адамдардың өліміне себепкер болған сталиндік репрессия шарпыды;

Одан енді ес жия бергенде 1938-1939 жылдары «революцияға көмек» деген желеумен Испанияға әскер төкті;

1939 жылы коммунистік КСРО нацистік Германиямен ауыз жаласып Польшаға баса көктеп кірді, осылай Екінші дүниежүзілік соғыс басталды;

1939 жылдың 17-28 қыркүйек аралығында Батыс Украина мен Батыс Беларуссияны КСРО-ға қосу жолындағы қиян-кескі шайқас жүрді;

Ашудан қаны басқа шапқан Қызыл Армия құрамы 1939 жылдың 30 қарашасында Финляндияға қарсы соғыс жариялап, ол 1940 жылдың 13 наурызына дейін жалғасты;

1940 жылы Литва, Латвия мен Эстонияны жаулап алды;

Дәл осы 1940 жылы Бессарабия, Солтүстік Буковина, Молдованы қарудың күшімен тізе бүктірді;

1941 жылы арамза Ұлыбританиямен ауыз жаласып, Иранға қарсы соғыс ашты.

Қытай жеріндегі соғыс қимылдарына келейік:

1924 жылдың тамыз айы мен 1927 жылдың шілде аралығында болған соғыс;

1937 жылдың шілде айы мен 1944 жылдың қыркүйегі аралығында болған соғыс;

1938 жылғы 29 шілде мен 11 тамыз аралығында Хасан көлі маңындағы шайқас;

1946 жылғы наурыз айы мен 1949 жылдың сәуірі аралығында болған соғыс;

1950 жылдың наурыз-маусым араларында болған шайқас;

1950 жылдың маусымы мен 1953 жылдың шілде аралығында жүрген соғыс қимылдары – осы кезде Қытай жерінде орналасқан КСРО әскери базасы кішкентай Корея елімен шайқасқа түскен;

1969 жылдың наурыз айындағы Даманскі аралы үшін болған шайқас; 

1969 жылдың тамыз айындағы Жалаңашкөл аймағы үшін болған қақтығыс;

1941-1945 жж. аралығында өткен Ұлы Отан соғысы. Бұран-соңды адам баласы көрмеген бұл қан-қасапта құрбандықтың көп болғаны соншалық, Кеңестер Одағы қарсылас жақтың басына көзін аштырмаған қан құйып, өлігінің жілігін лақтырып, қаңқа сүйегіне сүрініп отырып жеңіске жетті. Соғыстан титықтап шықты. Тағы бір ескеретін нәрсе, 1945 жылдан кейінгі әлемде  орын алған соғыс қимылдарының барлығына дерлік КСРО тікелей немесе жанама түрде қатысып отырды. Оны саясат тілінде «құпия соғыстар» деп атаған;

1944 жылғы 1 қаңтар мен 1951 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Украина, Беларусь, Латвия, Эстония жерлерінде өткен қарулы қақтығыстар. Бұл соғыс қимылдары «бандиттік құрылымдарды жою» деген атпен Кеңес үкіметінің тікелей тапсырысымен жүзеге асырылды;

1945 жылы желтоқсан айында КСРО Финляндияға қарсы тағы да соғыс жариялады. Себеп Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін жеңілген немістер қару-жараққа толы 52 соғыс кемесін барлық техникалық құрал-жабдықтарымен қоса Хельсинкийге тастап кетіпті. «Жеңілгендерден қалған бұл үлкен олжа жеңімпаз ел ретінде Кеңестер Одағына берілуі тиіс, сондықтан жеңімпаз елге тиесілі олжаны қайтарыңдар!» деп Мәскеу нақты талап қояды. Бірақ, жауынгер викингтердің ұрпағы Ресейдің талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартады. Мұндай «бассыздыққа» төзбеген КСРО қарап қалсын ба? Ашуға мініп, кішкентай финдерге қарсы тағы да соғыс ашады. Хельсинкий бірнеше күн бойы әуеден де, жерден де атқыланған бомбаның астында қалады. Сөйтіп, финдер амалсыз Мәскеудің талабын орындауға мәжбүр болады. Бұл соғыс та 22 күнге созылған;

1945 жылдың шілде мен қыркүйек айында Халхин – Голь үшін болған орыс-жапон қақтығысы;

1954-1955 жылдары Германияның Берлин, Штендель, тағы басқа қалаларында Кеңес үкіметіне қарсы ұрандап, көшеге шыққан халыққа қарсы әскер күшін қолданды;

1956 жылы Венгрияда болған толқуларды басу үшін әскери қимылдар жүргізді;

1962-1964 жылдары Алжир елінде болған соғысқа қатысты;

1968 жылы Чехословакиядағы толқуларды басу үшін әскер күшін қолданды.

Мысыр (Египет) мен Біріккен Араб республикасындағы соғыс қимылдары:

1962 жылғы қазан айы мен 1963 жылдың наурызы аралығында;

1967 жылғы маусым айы мен 1968 жылдың желтоқсаны аралығында;

1969 жылғы наурыз айы мен 1972 жылдың шілде аралығында;

1974 жылғы маусым айы мен 1975 жылдың ақпаны аралығында өткен соғыстар;

Йемен Араб Республикасындағы соғыс қимылдары:

1962 жылғы қазан айы мен 1963 жылдың наурызы аралығында;

1967 жылғы қараша айымен 1969 жылдың желтоқсаны аралығында өткен соғыстар;

1961 жылғы қаңтар айы мен 1974 жылдың желтоқсан аралығындағы Вьетнам еліндегі соғыс қимылдары;

Сирия мен Ливан жеріндегі соғыстар:

1967 жылдың маусым айы;

1970 жылдың наурыз-шілде айлары;

1971 жылдың қыркүйек-қараша айлары;

1973 жылдың қазан айы;

1982 жылдың наурыз-желтоқсан айлары;

2011-2025 жылдар аралығындағы соғыс қимылдары;

Мозамбик жеріндегі соғыстар:

1967-1969 жылдар аралығында;

1975-1979 жылдар аралығында жүрді.

Лаос жеріндегі соғыс қимылдары:

1960 жылғы қаңтар айы мен 1963 жылдың желтоқсан айы;

1964 жылғы тамыз айы мен 1968 жылдың қараша айы;

1969 жылғы қараша мен 1970 жылдың желтоқсан айы аралығында орын алды;

1970 жылдың сәуір-желтоқсан айларында Камбоджа жерінде өткен құпия соғысқа;

1972-1973 жылдар аралығында Бангелдеш жерінде болған дәл осындай соғыстарға қатысты;

1975-1979 жылдардағы Анголадағы азаматтық соғыста да Ресейдің үлесі аз емес;

1977-1979 жылдардағы Эфиопия еліндегі соғыста да КСРО қарулы күштердің ізі қалған;

1978-1989 жылдарда он жылдан астам уақытқа созылған Ауған жеріндегі соғыста да Мәскеудің үлкен қолтаңбасы бар.

Бұл келтірілген деректерден КСРО-ның  тұмсығын тықпаған елі, әскер кіргізбеген жері қалмағанын көріп отырмыз. Әрине, мұндағы көп мәліметтер КСРО кезеңіне қатысты екені рас. Алайда, оқырман мына бір нәрсені  ұмытпағаны жөн: Кеңестер Одағы дегеніміз – Ресей империясы деген сөз. Яғни, бүгінгі Ресей мемлекеті – кешегі Кеңестер Одағының тікелей мұрагері есебінде. Ендеше кешегі Одақпен байланысты кез келген оқиғада, мейлі табыс, мейлі қылмыс болсын, империя мұрагері есебіндегі Ресейдің оған тікелей қатысы барына ешкім күмән келтіре қоймас деп ойлаймын.

 

Тоқсаныншы жылдарда тәуелсіздік алғандарды

мүйіздеу әлі жалғасып жатыр

 

Ресеймен дос болудың қаншалықты қауіпті екенін ұғу үшін бұл аз болса, КСРО тарап, Одақтас республикалар жеке-жеке отау тігіп, өз алдына ел болған кезеңінен бірер мысал келтіре отырып, әңгімені жалғастырайық.

Көзі қарақты оқырманға мәлім, 1990 жылдан бастап КСРО құрамындағы көптеген ұлттық республикалар Мәскеудің саяси бұғауынан қол үзіп шыға бастады. Бірақ, ұзақ жыл жіліктің майлы басын жеп үйреніп қалған Ресейге одақтастардың бұл қылығы ұнамады. Ол өздігінен болып жатқан оқиғаларға түсіністікпен қарап, империялық амбициясын тежеп ұстау былай тұрсын, ол туралы ойлаудың өзін артық көрді. Сөйтіп бір кезде бір одақтың астында болған көршілеріне «ағалық» әмірін жүргізуді, қоқан-лоқы көрсетуді, егер айтқанына жүрмеген жағдайда түрлі саяси айла-шарғымен қақпан құрып, «үнсіз» қиратуды жалғастыра берді. Алдымен 1992 жылы жолда кездескен түрлі қиыншылықтарды жеңіп, өз алдына мемлекет болуға ұмтылған Молдоваға барып соқтықты. Сондағы желеуі – «орыс тілді тұрғындар мен отандастарын қорғау болған-мыс». Сонда отандастар деген кім және оны кімнен қорғамақ?.. Түсініксіз. Бұл да Кремль идеологтарынан басқа ешкімнің басына кіріп-шықпайтын барып тұрған екіжүзділікпен жүзеге асқан сұрқия саясат еді. Ақырында құстың ұясындай  ұйып отырған Молдованы екіге бөліп, Приднестровье деген қуыршақ мемлекет құрып тынды. Оны өз айтқанымен жүргізіп-тұрғызатын ел етіп ұстап отырғанын бүкіл әлем көріп отыр. Соңғы кезде (әсіресе, Украинадағы оқиғалардан кейін) Приднестровьенің орыс тұрғындары да мінез көрсетіп, «біз Ресейге қосыламыз, референдум өткіземіз» деп шуылдай бастады. Даңғой Ресей молдовандардан кейін дербес ел болуға ұмтылған кішкентай шешен халқына ауыз салды. Тарихи әдебиеттерде орыс-шешен соғысы деп таңбаланған қақтығыс айналдырған төрт-бес жылдың ішінде екі рет тұтанды. Бірінші орыс-шешен соғысы 1994 жылдың 12 желтоқсанында басталып, 1996 жылдың тамыз айына дейін созылды. Жеңген де, жеңілген де ешкім болған жоқ. Орыс-шешен соғысының екінші таймы 1999 жылы басталып, 2001 жылға дейін жалғасты. Осы екі соғыста 70 мың шешен, 10 мың орыс әскері опат болса, 30 мың бейбіт тұрғын, 578 әскери адамдар хабар-ошарсыз жоғалған. 700 мың адам босқынға айналған. Бұл – Ресей ақпарат көздерінен алынған ресми деректер, шын мәнінде көрсеткіш бұдан да қасіретті болуы мүмкін. (Айтпақшы, осы тұста бүкіл Қапқаз халықтарының басын біріктіріп, отаршыларға қарсы аттан түспей жиырма бес жыл соғысқан (1841-1864 жж.) таулықтардың даңқты батыры Имам Шәмілді құрметпен еске алып, дұға жасап қойсақ артық емес).

Оны да місе тұтпаған Ресей 2008 жылы сүттей ұйып отырған Абхазия мен Осетияны  алатайдай бүлдіріп, грузиндерге қарсы айдап салды (орыс-грузин соғысы), ақырында алуан-алуан саяси айламен ұялмай-қызармай өздеріне қосып алды.

2014 жылы Қырымды аннекциялады. Міне, енді «үш күннің ішінде Киевті тізе бүктіреміз» деп әлемге жар салған Ресей Федерациясы өз туысы Украинаны ала алмай масқара болған атақсыз, абыройсыз, аты-жөнсіз соғысы жүріп жатыр. Бұл соғыстың басталғанына үш күн емес, үш жарым жылға (2022 жылы 24 ақпан) аяқ басты. Көп шығынға ұшырады, жүз мыңдаған әскерінен айырылды. Халықаралық аренада абыройы шелектеп төгілген «патшалар мен баскесерлер» елі соғысты осы жерден тоқтатайын десе, жыртқыштық жаратылысы маза бермейді. Мақсат – қалайда соғысу, қан-төгісті тоқтатпау, басып жеп отырған алтын тақтан айырылмау... Қос басты самұрықтың онсыз да Қаптаудағы ұясы бұзылған... Армения, Грузия, Әзербайжан қолдан сусып кеткелі ашулы Ресей жемсауы шұрқырап қан тілейді. Балтық теңізі жағалауын қоныс еткен Латвия, Литва, Эстония Ресейден теріс айналғалы қашан. Енді бетін бері бұрмайтыны белгілі. Үміт Орталық Азия мен Қазақстанда еді. Соңғы кезде олар да бұрынғы «қожайынына» қырын қарай бастады. Әсіресе, Путин бастаған Ресейдің қазіргі басшылығы мен Мемлекеттік Думасы тарапынан ашықтан-ашық ұлыдержавалық шовенистік пиғылдардың жиі-жиі көрініс беруі көршілерді алаңдатқаны былай тұрсын, әлем қауымдастығын ашуландырып, қитығына тиіп отыр. Оларды Ресейге қарсы бірігуге мәжбүр етуде.

Орыстың аяушылығы жоқ, баскесер, зұлым, соғысқұмар халық екенін жоғарыда нақтылық үшін ұсынған осы кестеден-ақ анық көруге болады. Расында бұл кесте әлі толық болмауы да мүмкін. Біз білмейтін, білуге құқымыз болмаған, империялық мүдде тұрғысынан әбден бұрмаланып, құпияланған сорақы соғыстар мен диверсиялық шабуылдар бұдан да көп болуы ықтимал. Ол енді басқа әңгіменің тақырыбы.

Ал, біз Ресей мемлекеті аяушылықты білмейтін қорқынышты, баскесер, соғысқұмар елге қалай айналды деген сұраққа аты аңызға айналған дипломат, халықаралық сарапшы Генри Киссинджердің пікіріне табан тіреп, жауап беруге тырысып көреміз. Киссинджердің айтуынша, Ресей өзінің бүкіл тарихында оқшау тұрған ел. Ол Еуропа саясатының сахнасына кешеуілдеп шықты – бұл кезде Франция мен Ұлыбритания нығаю белесінен баяғыда өтіп кеткен болатын. Сол себептен де оған тегінде еуропалық дипломатияның дәстүрлі принциптерінің бірде-бірін қолдануға мүмкіндігі болмады.

Бір-бірінен алшақ әрқилы үш мәдени өрістің (еуропалық, азиялық және мұсылмандық) – тоғысқан жерінде орналасқандықтан, Ресей олардың әрқайсысына жататын халықтар мәдениеті мен дәстүрін қабылдады да, ешқашан еуропалық мағынадағы ұлттық мемлекет бола алмады, ендігі бола алмайды да. Оның билеуші топтары көрші аумақтарды басқыншылық-агрессиялық жолмен, қару қолдану арқылы ұдайы қосып алып отырғандықтан, сөйтіп саяси нобайы үнемі өзгеріп отырғандықтан, Ресей географиялық ауқымы жағынан ешбір еуропалық елмен салыстыруға келмейтін империя болып қалыптасты. Ол – ол ма, әрбір кезекті жаулап алудан кейін мемлекеттік сипатында өзгертіп отырды, өйткені ол орыс мәдениетіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мүлде жаңа беймаза орыс емес этностық топтарды қамтыды. Бұл орыс әлеміне үлкен қауіп төндірді және Ресейдің орасан зор қарулы күштер ұстауға өзін міндетті деп санауға түрткі болды. Ал, ол күштердің көлемі оның қауіпсіздігіне сырттан төнетін қауіптермен салыстыруға еш келмейтін.

Киссинджердің пікіріне иек артсақ, мазасыз қорғансыздық идеясы мен миссионерлік құлшыныстың арасында Еуропа талаптары мен Азия арбауларының арасындағы әрі-сәрі Ресей империясы еуропалық (әлемдік) теңдікке әрқашан белгілі бір рөл атқарып келді, оны мойындау керек, бірақ рухани тұрғыдан ешқашан оның бір бөлігі болған емес. Ресей метролитетінің миында жаулап алу қажеттігі мен қауіпсіздік талаптары бір нәрсеге айналып кеткен. Вена конгресі заманынан бері Ресей өз әскерлерін шетел аумақтарына басқа бір елдердің қайсысынан болсын әлдеқайда жиі шығаруда белсенділік көрсеткен болатын. Саяси сарапшылар орыс экспансионизмін (басқыншылығын) қауіпсіздіктің жоқтығы түйсігінен туындайтын нәрсе деп түсіндіруге бейіл.

Алайда, орыс зиялылары Ресейдің өз шекарасын кеңейтуге ұмтылуын оның миссиялық парызымен ақтағысы келеді. Ілгері жылжу барысында Ресей шама сезімін сирек көрсетеді, қарсылыққа кездескенде ол әдетте түнеріңкі ызаға бой алдырады. Өз тарихының едәуір бөлігінде Ресей өзін танытуға тырысатын жұмбақ дүние болатын. Социализмнен кейін Ресей тарихи үлгісі жоқ шекарада  қалып қойды. Еуропа сияқты ол да күш-қуатының айтарлықтай бөлігін өзі миссиясын қайта пайымдау ісіне жұмсауға мәжбүр болды.

 

«Еуропа жандармы», «халықтар түрмесі»,

«зұлымдық империясы» еліне сенуге бола ма?

                     

1812-1814 жылдардағы орыс-француз соғысында Напалеонды тас-талқан қылып жеңген Ресей «Еуропа жандармы» деген жанама атқа ие болғаны мәлім.

Ленин мен Сталин билік құрған «қызыл большевиктер» кезінде Ресей «Халықтар түрмесіне» айналды.

Ал, 1983 жылы Кариб аралдары үшін Батыспен қырғи-қабақ болған Кеңестер Одағына сол кездегі АҚШ президенті Рональд Рейган «зұлымдық империясы» деп айып таққан болатын.

Ресей 2014 жылы Қырымға жасаған басқыншылық әрекетімен өзінің шын мәнінде «зұлымдық империясы» екенін айқын дәлелдеді. 2022 жылы Украинаға жасаған «Арнайы әскери операциясынан» соң Ресейдің жаңа демократиялық қарым-қатынастарға икемі жоқ тоңмойын, зұлым жаратылыс екеніне ешқандай күмән қалмады. Бұл нені білдіреді? Яғни, зұлымдық болған, болып жатыр, бола да береді. Әлемде зұлымдық пен қатыгездік салтанат құрып тұрғанда, жер бетінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбітшілік заман орнайды дегенге сену қиын.

 

P.S: Қазіргі Ресей сыртқы саясатының бізге беймәлім жақтары көп. Әрі тек әскер күшіне сенетін әпербақан елге сенуге болмайды. Аяқ астынан берген уәдесінен айнып шыға келу Ресейге түк те тұрмайды. Әлемдік қауымдастық Ресейге деген сенімін жоғалтты.

Бүгінгі Ресей шын мәнінде халықтардың көз жасы мен сүйегінен қаланған «халықтар түрмесі» екені күн өткен сайын айқын дәлелденіп жатыр. Есесіне әлемдегі геосаяси жағдай күннен-күнге күрделене түсуде. Әлем картасына өзгерістер енетін күн де алыс емес сияқты. Сол үшін шахмат тақтасындағы негізгі фигуралар арасында үлкен ойын басталып та кетті. Әлемдік ойыншылардың не көздейтіні белгілі.

Ал, шахмат тақтасында жеңілген Ресей әлемді үшінші жаһандық соғыс жағдайына әкеле жатқан сияқты. Құдай сақтасын!

Еуропа мен АҚШ Украинаға қолдау көрсетуді тоқтатпаймыз деп отыр. Жан-жақтан қысымға түскен Ресейде хаос басталды. Рубль рекордтық жылдамдықпен кұнсызданып жатыр. Дүкендер бос, жұмысшы күші тапшы, деревнялар алқам-салқам. Халқы әне-міне босып кетудің алдында тұр. 10 шілде күні (2025 ж.) Абу-Дабиде байырғы қарсыластар Әзербайжан президенті И.Әлиев пен Армения премерь-министрі Н.Пашинян кездесті. Ешбір делдалсыз, Ресейсіз, екеуден-екеу. Бұл – Қапқаз аймағы үшін тарихи оқиға. (Естуімізше, екі ел бұдан былай Ресейді делдалдыққа шақырмауға келісіпті. Ресей бар жерде, бейбітшілік жоқ. Армения мен Әзербайжанды бір-біріне айдап салып, жау жасаған Ресейге енді сенбейміз десіпті). Сол екі арада орыс-әзербайжан арасында күтпеген жерден қырғи-қабақ соғыс басталып кетті. Бұл «соғыста» Өзбекстан туысқан Әзербайжанды қолдайтынын ресми түрде мәлімдеді. Ал, Ресей Грузинмен әуелден араз. Түсінгенге мұның бәрі кездейсоқ болу үшін тым көп оқиға. Домино эффектісі іске қосылған секілді.

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, Ресей мемлекет ретінде құлдырау үстінде. Оны біз осыдан он шақты жыл бұрын айтқан болатынбыз. Жұрт сонда қайдағыны айтасың деген. Жындының сандырағы келді ме екен, білмеймін, солтүстік көршілеріміздің жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Алайда, кез келген мемлекет оңайлықпен құламайтыны белгілі. Қалайда, тұяқ серпісі бәріне қатты тиетін сияқты. Осы соңғы тұяқ серпісіне Қазақстан ілініп кетпесіне кім кепіл? Өте қорқынышты.  Зұлымдық салтанат құрып тұрғанда, бізге бір сәтке де қалғуға қақымыз жоқ.

Осының бәрі біздің көз алдымызда, біздің заманымызда болып жатқанына бір түрлі сенгің келмейді. Бірақ, процесс жүріп жатыр. Ресей үшін қаншама ғасыр қатыгездікпен аяусыз төккен ұлттар қанының өтеуі басталған сыңайлы.

Жаратқан ием, елімді, жерімді аман қыла гөр!

                                                                                                                  Болат ШАРАХЫМБАЙ

 

 

14.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 17460
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 17304
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 32485
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31075
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 34723