АҚШ басшысы Байдан 22 ақпан күні мәлімдеме жариялап, «Ресей халықаралық құқықты өрескел бұзады» деп айыптады. Әрі соның қарымтасы ретінде Ресейдің мемлекеттік Даму Банкі (VEB) мен қорғаныс операцияларымен айналысатын ең ірі жеке банк Промсвязьбанкі мен үш лауазымды тұлғаға блокадалық санкциялар салатынын мәлімдеді. Путинға жақын әрі маңызды адамдар ретінде санкцияға іліккендер- Федералдық қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников, Путин кеңсесінің жоғары лауазымды қызметкері Сергей Кириенко және Промсвязьбанктің төрағасы Петр Фрадков қатарлы шенділер екені белгілі болды. Ал, аталған банктер ендігары АҚШ пен Еуропа нарығында несиелік операцияларды жүзеге асыра алмайды және аталған аймақтардан қаражат тарта алмайды. Ақ Үйден таралған мәліметке сенсек, санкцияға ілінген банктер- Ресей басшылығына жақын қалталылар мен өзге де салымшылардың 50 миллиард доллардан астам активтерін бақылайтын көрінеді.
Германия канцлері Олаф Шольц Ресейдің бұл әрекетіне қарата, «Солтүстік ағын-2» ірі жобасын сертификациялауды тоқтатты. Ресейден Балтық теңізі арқылы өтетін табиғи газ құбырының құрлысы аяқталып, қатысты құжаттарын дайындау жұмыс ғана қалған еді. Осы санкцияның кесірінен халықаралық қор биржаларында «ГазПром» акциялары құлдырп бара жатыр дейді мамандар. Германияның бұл шарасынан немістер жанар-жағар майдан аздап тарыққанымен Мәскеу Еуропаға газ сатудан түсетін табыстарынан қағылатын көрінеді.
Премьер-министр Борис Джонсон парламентте бес ресейлік банкке және үш «жоғары табысқа ие» басшыға санкция салып, олардың Ұлыбританиядағы активтеріне тыйым салып, олармен қаржылық операцияларды тоқтатқанын айтты. «Бұл біз дайындаған бірінші толқын, бірінші толқын», - деді Джонсон.
Алдағы болжауы қиын жағдайлардан қандай келеңсіздіктердің туылатындығын ешкім дөп басып айта алмайды. АҚШ Кәсіпкерлік институтының (AEI) Ресей жөніндегі сарапшысы Крис Миллер "Америка дауысы" радиосына берген сұхбатында: «санкциялар экономикалық немесе саяси тұрғыдан ештеңені өзгерте алмайды. Бұл санкциялар, әсіресе тәуелсіз қарыз санкциялары Ресейге аз ғана, макроэкономикалық кері әсер етеді»- депті.
Ал қазақстандық саясаттанушылар батыстың бұл әрекеттері Ресеймен жақын одақтас саналатын қазақ еліне экономикалық тұрғыдан және саяси тұрғыдан кері әсерін тигізбей қалмайды деп алаңдап отыр.